Жаңалықтар

Бүгін – Абай күні

Қазақ әдебиетіне келген ұланғайыр әлем, ерекше бір құбылыс – Абай поэзиясы, Абай әлемі, Абай дәстүрі.
Бүгін – Абай күні
Фото: © El.kz 10.08.2021 16:53 9544

Бүгін – Абай күні. Былтыр Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, «10 тамыз – Абай күні» деп бекітілген болатын. Осылайша отандастарымыз 10 тамыз күні «Абай күнін» мерекелейтін болды.

А.М.Картаеваның «Абай және Әуезов: ұлылар үндестігі» атты монографиясына сүйене отырып, ұлы ақынның шығармашылық мұрасына, Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылық әлеміндегі рухани тамырластық пен дәстүр сабақтастығына тоқталуға тырыстық.

Бүгін – Абай күні

«Абайдың ақындық өнері мен ойшылдық кемеңгерлігін дер кезінде дәл танып, қазақ әдебиетіндегі жоғары бағасын берген – Алаш әдебиетін жасаған қаламгерлер. Олар Абайдың ақындығын үлгі тұтып, дәстүрін жалғастырып, өзіндік жаңалықтарымен қазақ әдебиетін байытты»,- деп жазады автор монографиясында.

Академик Рымғали Нұрғалидің «Абай шығармаларындағы сарын – әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген», - деп жазған пікірі бар. Қазақ әдебиетіндегі Абай салған даңғыл жолды Алаш қаламгерлері жалғады. Ақынның коғамдық үні олар үшін үнемі алдыға бастар бағдаршамдай болды. Ақын поэзиясының үні, өзекжарды мәселелері мен идеялық мақсаты олардың шығармаларында өрістеп дами түсті. Абайдың азаматтық үнінен қуат алған олар бүкіл алаштың басын біріктіруді міндет етті.

«..Абайдын «үміт еткен жасөспірім достары» ойланды және сол Абай аңдатқан рухани бостандықты ту етті де мұқым ұлттық мүддені «Алаш» деген ұранға біріктірді. ..Мұндай азаттық бостандыққа. Рухани тәуелсіздікке ұшқын түсірген Абайдың ойлы сөзі еді. Азаттық жолына біржола түскен тұсында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Міржақып Дулатовтың, Сұлтанмахмұт пен Мағжанның Абайды терең зерттеуі соған дәлел.

Демек, Абай қазақтың ұлттық рухын өлтірмей, өсер ұрпаққа тірі жеткізген елінің ұлы ұлтжанды тұлғасы», - деген ғалым Тұрсын Жұртбайдың сөзінің астарында терең тарихтың парақтары жатыр.

«Алаш» партиясы. Алашорда өкіметі туралы күні кешеге дейін тарихи шындық бұрмаланып, бетіне кара таңба басылып, қып-қызыл өтірікке былғанып келді. Оларды өкіметтін қас дұшпандары етіп көрсетіп. Есімдерін мүлде атауға болмастай катан тиым салынды. Тәуелсіздіктің таңы атып, тарих парақтарының бет пердесі ашылған тұста, кеңес дәуіріндегі идеология үстемдігінің кесірінен бір буын ұрпақ қазақтын елді бастар нағыз көсемдері мен зиялы қауымынан қол үзіп кала жаздағанын түсінгендігін білді. Шындығына келгенде, Алаш азаматтарының басым көпшілігі ұлт мүддесі үшін аянбай күрескен, сол жолда жандарын қиған ерлер екеніне бүгінгі күнде көзіміз жетіп отыр. Олар қоғамдағы маңызды мәселелермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, журналистика, сын, ғылым, аударма салаларында бай мұра қалдырып кетті. Ел болашағы мен ұлт тағдыры жолында атқарған енбектерінің тарихтағы маңызы мен қоғамдық-саяси қызметі жайлы тарихшы ғалымдар академик М.Қозыбаевтын «Ғасыр қасіретін арқалаған арыстар» (1994 ж.), М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» (1995ж.), К.Нұрпейісовтің «Алашорда» (1995 ж.) атты еңбектерінде арнайы жан-жақты сөз болады.

Алаш арыстары – табиғатынан асыл туған, айрықша дарынды жандар. Бұл буын өкілдері қазақтың әдет-салтымен тәрбиеленген, мұсылманша хат танып, исламның иманды бұлағынан нәр алып, одан кейін жәдидше, орысша оқып, бірнеше тілді меңгерген жандар. Олар үлкен мәдени қалаларда білім алған өз заманының көзі ашық зиялылары, сондай-ақ сан салалы мамандық иелері екенін де ерекше айтуымыз керек.

ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жаршысы, қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Алаштың ардақты азаматтарына жан даусымен Алаш деп ұран салады. Ол барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың астына бірігуге шақырады.

Алаш туы астында.

Біз – алаштың баласы.

Күніміз туып көгерді,

Сарыарқанын даласы.

аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерімізді айдаған,

Елімізді лайлаған.

Жерімізді шимайлаған,

Өшті залым қарасы.

Жасасын, алаш жасасын!

Ақынның бұрыннан бері ішінде қайнап жүрген бүкіл арманы осылай ұран болып шығады. Ол Алаш партиясының ұранын құптап бостандық жолындағы алдағы күнге артқан үмітіне қосылады. Бұрынғы «ерімізді айдаған», «елімізді лайлаған», «жерімізді шимайлаған» «өшті залым қарасы» деп қуанады. «Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырады».

Енді ешкімнің алашты,

Қорлығына бермейміз!,-

деп халқына жар сала, сеніммен уәде береді. «Шындықтың ауылын іздеп», туған елінің аспанында жарық күндей болып өнер шашуға талпынып, шиыршық атып үнемі толғанып жүрген ақын «бостандық», «теңдік» деген алаш үніне косылады.

Аталған кезең әдебиетін «Алаш ұранды әдебиет» деп анықтаған ғалым академик Рымғали Нұрғали Алаш қозғалысына қатысып, «Алаш» партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шыққандығын көрсетеді. Олардың көздеген мақсаты мен ұстаған бағытын былай деп түсіндіреді: «Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз, демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүдлесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өркениетті нысана тұту – бұл Алаш ұранының астына жиылған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, етене қасиет, сапалар еді».

Әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалидың Алаш ұранды әдебиетке, өнердегі ұлттық рухқа арнап 1997 жылы «Әуезов және Алаш» деген еңбек жазғаны белгілі.

Қазақ елінің азаттығын аңсаған, ұлттық мүддесін көксеген халқымыздын ардақты азаматтары аянбай еңбек етіп, сол жолда жандарын құрбан етті. Алаш қайраткерлері ішінен шыққан ақын-жазушылар, сыншылар, ғалымдар қазақ әдебиетінің іргетасын қалауға елеулі үлестерін қосты. Халқымыздың бай ауыз әдебиетінен, Шығыс пен Батыс әдебиетінің алып қазыналарынан нәр алған, Абай дәстүрін өнеге тұтқан Алаш қаламгерлері қазақ әдебиетіне озық идеялы, терен мағыналы туындыларымен артынан бай мұра қалдырды. «Алаш зиялылары күрделі кезеңде Батыс бағытын ұстанды. ...Бірақ оған көзсіз еліктеген жоқ.

Саяси бағыттағы істерін сынай отырып, ғылым-білім мен әдебиеттегі жетістігін насихаттады. Әдебиетте көрінген милләтшілдік сарын ұлтты ұйыстырудың, еңсесін көтерудің, жалпы дамытудың амалы еді. Ол елді оятты», - деп, қаламгерлердің ұстанған бағыты жайлы алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы сипаттама береді. Жан-жақты терең білімді әлем әдебиетінің озық үлгілерін жетік білген Алаш қаламгерлері ұлт тәуелсіздігі үшін жанкешті қоғамдық-саяси істерге араласа жүріп, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған классикалық үздік туындылар әкелді. Олар қазақ халқының өткен тарихын, өмір тіршілігін шынайы бедерлеген, көркемдік эстетикалық биіктен көрінетін шығармалар тудырды. «Бұл идеялар қазақ әдебиетінде бұрыннан бар үлгілермен қоса жаңа жанрлық формалар арқылы жүзеге асырылып, роман, драма, сын, публицистиканың соны түрлері туды. Әлем әдебиетінің классикалық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұтқан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет рухани тарихымыздағы ерекше кезең болып табылады. Бұл толқын өкілдерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың шығармаларындағы рух, идея, нысана кейінгі әдебиетте жалғасын тапты».

Алаш әдебиетінің рухани тарихымыздағы ерекше кезең екені, ұлттық әдебиеттанудың алтын арқауы болғаны белгілі ғалым А.Ісімақованың «Алаш әдебиеттануы» атты ғылыми еңбегінде және алаштың ардақты ардагерлерінің тарихтағы орны жайлы ф.ғ.д. профессор Тұрсын Жұртбайдың құрастыруымен жарық көрген «Алаш ақиықтары» атты кітабында жан-жақты қарастырылған.

Ұлттық әдебиеттің жедел дамуына қосқан үлестерін салмақтап айтқан 2006 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдық ұжымдық еңбекте ұлттық әдебиеттің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткені кеңінен сөз болған. ХХ ғасырдан бастап жаңа қазақ әдебиетінің өркендеуіне Абай дәстүрінің әсері болғаны айтылады. Халықты мәдени өркендеуге, өнер-білімді, ғылымды игеруге шақырған Абайдың идеяларынан, Абай заманынан бастау алса, жаңа ғасыр басындағы қоғамдық жағдайда сол озат идеялар жалғасын тауып, жаңаша мағына алып, ұлттық ояну, азаттық үшін күресу идеясы ұлттық ұранға айналған болатын.

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде Абайдың дәстүрін тікелей жалғастырған ақындарды академик З.Ахметов «ізбасар ақын» деп атап, оған Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет, Міржақыпты жатқызады. «..Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М.Әуезовті дес, кейінгі атақты ақындардың да қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз», - деп, ақындармен бірге Әуезовтің есімін де атауы тегін емес.

Абай өздігінен ұлы ақын болған жоқ. Ақынның өзгеден алған және өзгелерге берген нәрі де бар. Өзгеден алған нәрі туралы айтқанда, өскен ортасы, ақындық айналасы, сусындаған рухани қазына көздеріне терең үңілгеніміз: жөн. Абайдың асқан ақындық және данышпандық қасиетке жетуіне себепші болған М.Әуезов атап көрсеткен «үш қайнар бұлағы» еді. Мәдениеттің, өнердің, адамгершіліктін мол үш арнасы данышпан ұлы ақынның шығармашылығына рухани азық болады.

«Мәдениетті бұл айтылған үш саласын өзінің творчестволық ісіне пайдаланғанда. Абай оларға тек еліктеп қана қойған жоқ немесе кесек шығарманы ұсақтап, көшіріп алған жоқ. Ол өзінің сүйегіне біткен қасиеті, даналығы, дарындылығы. тілге бай көркем сөзге шеберлігі арқасында өткен дәуірдің әрбір шығармашылығына сын кезімен қарап, ең жақсыларын ғана іріктеп алды, өзінің идеялық-көркем шығармаларын, поэзиясын осылармен байыта отырып, оған жаңа түр, жаңа мазмұн берді», - деп, академик М.Әуезов Абай шығармашылығының нәр алған қазына көздерінің негізгі себебін түсіндіреді.

Аталған үлкен үш арна Абайдың тек ақындық қабілетіне әсерін тигізіп қана коймай, оған рухани азық болып, ой-өрісін, дүниеге көзқарасын өзгертіп. ақындық енеріне жаңа жол ашты.

Абай ең алдымен халық даналығынан сусындайды, сөз байлығы, өнерпаздық үлгісінен нәр алады. Шешендік орамды сөз сөйлеу мен қисынды кесек ой тастауды өз ортасынан үйренеді. Тамыры тереңде жатқан халқымыздың бай ауыз әдебиетінен, бірнеше ғасыр бойы кеңінен қанат жайып өркендеген жыраулар поэзиясынан, өзіне дейінгі ақындар поэзиясынан үлгі алып, қанаттанады. «...анықтап айтатын нәрсе – Абай поэзиясының негізгі тірегі, қайнар көзі, ана сүтіндей нәрлендірген арнасы - халық поэзиясы, қазақтың ақындық өнері, Абай поэзиясы қазақ топырағында өсіп-өнді» Абайға Шығыс пен Батыс әдебиетінің ықпалы мол болған.

Жалпы ақын не жазушы, яғни өнер иесінің белгілі бір өнерге, ғылымға, ізгі жолға түсуіне әсер ететін, өнеге көрсететін мектебі болады. Әр ұрпақтың өткеннен алған өнегесі мен кейінгіге берер үлгісін дәстүр жалғастығы дейді. Бұл табиғаттың заңдылығы. Ғалым-сыншы М.Қаратаевтың жалпы редакциялық басқаруымен 1980 жылы шыққан «Дәстүр мен жаңашылдық» атты еңбекте бұл категория туралы: «Дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблема кең мағынасында – философиялық проблема. Себебі бұл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі. Мұңсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ», - деп анықтама беріледі. Философиялық тұрғыдан алғанда, дәстүр мен жаңашылдық құбылыстарының сабақтаса байланысынсыз өмір, тірлік болмақ емес. Ал: «Көркемдік ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі дегеніміз - бір кезең, бір дәуір емес, ұзақ ғасырлар тудырған, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып отыратын рухани игілік», - деп анықтама береді академик Рымғали Нұрғали. Ғалым әдеби дәстүр мен әдеби даму – әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалектикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары екенін дәлелдеп береді. Оны меңгерудің жолдарын санамалап көрсетеді, яғни жаңашылдық ізденістерінің арнасы ең алдымен жүйелі дәстүрді игеруде жататындығын, табанды қаламгер үйрену, үлгі алу, тәжірибе жинақтау кезеңдерінен өтіп барып, соныға тартатындығын ескертеді.

Жалпы дәстүр, оның ішінде поэзиядағы дәстүр дамиды, өзгеріп-өседі, жаңғырып-жаңарады. Бірақ ол үшін көбінесе халықтың өмірінде, санасында, көркемдік дүниетанымында жаңа бетбұрыс, үрдіс, даму, өзгеше бір жайттар болуы қажет. Міне осы талаптарға сай туындап, жалпы қазақ әдебиетіне келген ұланғайыр әлем, ерекше бір құбылыс – Абай поэзиясы, Абай әлемі, Абай дәстүрі болғаны айқын.

Қазақ әдебиетіндегі ұлы дәстүр – Абай дәстүрі. Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, күрделі екендігі баршаға мәлім. Абай мұрасы тақырып-мазмұн жағынан алғанда да, ақындық өнер, шеберлік тұрғысынан келгенде де ұланғайыр. Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетіп отыр. Себебі Абай дәстүрі деген тақырып өте кең ауқымды әрі өзекті, ғылыми айналымға түскен сала. Абай дәстүрінің Шәкәрім шығармашылығындағы жалғастығын зерттеген ғалым Б.Әбдіғазиевтің пікірінде: «Абай дәстүрі – қазақ әдебиетінің даму тарихында заңды жалғасын тауып, жан- жақты байып келе жатқан асыл арна», - делінген.

Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай дәстүрі көп зерттелді. Әлі де зерттеліп жатыр. Ежелден күрмеуі қиын, алып тынысты, кең ауқымды сала болғандықтан, зерттеуін жалғастыра беретіні сөзсіз. Абай дәстүрі туралы М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ы.Дүйсенбаев, А.Нұрқатов, Қ.Мұхамедханұлы, Ы.Мұстамбаев, Ә.Жиреншин, З.Ахметов, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, М.Мырзахметұлы, Ж.Ысмағұлов, Б.Әбдіғазиев, Б.Ердембеков т.б. ғалымдар әр қырынан зерттеп, ақын салған сара жолдың кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына, әдеби үрдістің жалғасуына тигізген игі ықпалын көрсетті. Абай дәстүрінің кейінгі поэзияға әсері жөнінде арнайы монография жазып зерттеген ғалым А.Нұрқатов өзінің «Абайдың ақындық дәстүрі» атты еңбегінде: «Шын мәнісінде халықтық бағыттағы, таланты сау, ниеті таза, мақсаты айқын қаламгерлердің қай-қайсысы да дәуір талабын батыл сезіну мен сол жайында толғануды. алға және алысқа көз тігуді Абайдан үйренді», - дейді. Ғалымның айтуынша, олар Абай дәстүрін дамыта отырып, оның поэзиялық халықтығын, өзекті принциптерін дәуір талабына сай өрбіте, тереңдете түскені көрсетіледі.

Абайдың ізін басқан ақындар қазақ әдебиетін онан әрі өсіріп, оны жаңа тақырыптармен байытып молықтырғаны, сол замандағы өмір ағысы алға тартқан күрделі мәселелерді қозғап, шеше білгені – Абай дәстүрінің жалғастығының айқын айғағы еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға