Жаңалықтар

Бүгін Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 27 жыл толды

Бүгін Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 27 жыл толды
04.06.2019 18:12 4490

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері осыдан 27 жыл бұрын 4 маусым күні бекітілді. 

Мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және т.б. қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.

1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы - екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі.

1992 жылы республикамызда әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди.

2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Бақытты тағдыры өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан басталған халық арасында кең танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды.

Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік рәміздер күні - Қазақстандағы жаңа мейрам, әйтсе де оны қазақстандықтар асқан патриоттық сезіммен мерекелейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға