Жаңалықтар

Қазылар қандай қызмет атқарды?

Қазы – қазақ қоғамында орын алған дау-дамайларды мұсылмандық құқық қағидалары бойынша, билік айтып шешім шығарушы тұлға.
29.06.2015 09:39 12986

Қазы – қазақ қоғамында орын алған дау-дамайларды мұсылмандық құқық қағидалары бойынша, билік айтып шешім шығарушы тұлға. Көшпелі және отырықшы ортада кездесіп тұратын ру немесе ұлт аралық әртүрлі арыз шағымдарға әділдік айтуға билермен қатар, қазылар да қатысты. Осы жерде ескерер ең басты жайт, қазы қызметінің бимен салыстырғанда төмендегідей өзіндік ерекшелігі мен өзгешелігі болды:

Қазылар қандай қызмет атқарды?

Қазы – жоғарыдан (яғни, басшылықпен) тағайындалатын лауазымды тұлға;
Қазы – билігі тек ғана шариғат заңдылығына сәйкес жүргізілді;
Қазы – институты негізінен отырықшылық аудандарға тән болды;

Қазылардың әрекет ету аумағы қазақ жерінің оңтүстік аумағымен шектелді.

Қазы түрлері. ХІХ ғасырдағы орыс тарихнамасында Орта Азиядағы Қоқан хандығы билігі кезіндегі және Түркістан өлкесіндегі Қ. қызметіне жан-жақты талдау жасалған. Бұл мәліметтерге баса назар аударуымыздың себебі, ХІХ ғасырда қазіргі  қазақ  жерінің  оңтүстік бөлігі осы әкімшілік аумақтардың құрамына болды. Қоқан хандық тұсында Қ.-ны халық таңдағанымен, оны қызметке әкім немесе бек тағайындаған. Қазы жеңіл және ауыр істерді шариғат жолымен қарайтын сот дәрежесінде болған. Егер заңдылық тұғысынан күрделі мәселе болса оны  шешу  үшін  Қ.  өзінен  дәрежесі  үлкен,  аға  қазыға

– Қазы-қаллианға (деректерде – казы – калямъ немесе казы - келанъ) жүгінген. Бұдан өзге қазының, қазы-құзат (казы - кузать), қазы-осқар (казы-оскарь) және қазы- мұтлық (казы-мутлякь) немесе қазы-райыс (казы-раисъ) аталған категориялары болған. Қазы-қаллианға бірнеше тіл мен шариғат заңдылықтарын жетік білген оқымысты молда адам сайланған. Қазы-құзаттардың басқа Қазылардан құқық тұрғысынан айырмашылығы болмас да, ол маңызды және үлкен сот ретінде есептеліп, жиналыстарда қазы-қаллианмен қатар отырған. Қазы-осқар Ташкенттегі бекке қызмет еткен әскери бөлімнің ісін  қараған, осыған орай оны әскери сот деп атаған. Ал, қазы-райыс қызметіндегілер аты айтып тұрғандай қазылық және райыстық жұмысты қатар атқарған. Бірақ, райыстың қазыға қарағанда дәрежесі төмен болғандықтан, оның қызметтік міндеті шариғатқа сәйкес қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалаумен бірге, қазыға жазаға тартылатын адамдарды жеткізумен де шұғылданған.

Қазының қызметі. Қазының сот жүйесі бойынша әртүрлі үкімдер шығаруға құқы болды. Оның ішіне өлім жазасы да кірді, дегенмен, соңғысы бекпен келісілген түрде жасалды. Ірі және күрделі іске жататын үлкен сомадағы ұрлық, тонау және кісі өлтіру, қасақана өртеу сияқты ауыр қылмыстарды қарамас бұрын, олар жөніндегі мәліметті бекке хабарлауға міндетті болған. Себебі, кей жағдайда осындай істер бірнеше адамнан тұратын қазылар кеңесінің қарауына жолданып отырды. Ал, қазының өзі ешкіммен келіспей-ақ, айыпты адамға 100 рет дүре соғуға үкім шығаруға құқы болды. Одан көп мөлшерді тағайындау қазылар кеңесімен (съезд) және бектің рұқсатымен жүзеге асты. Қазы тағайындайтын жазаның тағы бір түріне бес-алты күн зыңданда қамауға алу да кірді.

Қазының қасында оның қызметіне жан-жақты көмек көрсетіп, іс-қағаздарын жүргізіп отыратын лауазымды тұлға – мүфти қызмет атқарды. Мүфти қазы  қарайтын іске бірге қатысып, ол шығаратын үкімдердің шариғатқа сәйкестігіне өзінің қорытындысын беріп отырды. Әдетте, қазы әрбір істі қарамастан бұрын дау айтып келген екі-жақтың татуластыруға тырысқан, олай болмаған жағдайда істі қарауға кірісіп, сотты ашық есік түрінде жүргізген. Осыған орай, қазы шешім шығарар сәтте өзге қазылар мен мүфтилердің қатысуына жол берілген, бұлар қазы шығаратын үкімнің шариғат заңына сәйкестігіне көз жеткізуші міндетін атқарған. Қазының айтқан билігіне риза болмағандар басқа қазыға немесе бекке шағым айтуға құқы болған. Егер қазы шариғатты түсінбей шешім айтса, онда ол қызметінен алынды, ал, істі оң шешуге пара алған жағдайда ол дүре соғу немесе өлім жазасына кесілген.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға