Жаңалықтар

Азық-түлік бағасының өсуі 19,7%-ға жетті – Ұлттық экономика министрлігі

Жиында тауарлар мен қызмет көрсету бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды
Азық-түлік бағасының өсуі 19,7%-ға жетті –  Ұлттық экономика министрлігі
Фото: qazweek.kz 10.08.2022 09:59 1759

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов «AMANAT» партиясы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысына қатысты. Жиында тауарлар мен қызмет көрсету бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды, – деп хабарлайды El.kz.

Азық-түлік бағасының әлемдік индексі, БҰҰ ФАО деректері бойынша, шілдеде жылдық мәнде 13,1%-ды құрады. Көптеген елдерде инфляцияның рекордтық деңгейі байқалуда.

«Сыртқы инфляциялық ахуалдың нашарлауы Қазақстандағы инфляцияның динамикасына да әсер етеді. 2022 жылғы шілдеде жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті. Бұл ретте азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бұған көп үлес қосты, ол 19,7%-ды құрады. Бұл 2007 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш», - деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Азық-түлік инфляциясының драйверлері қант, пияз, бидай ұны, қарақұмық жармасы, макарон, нан және сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, ет және ет өнімдерінің қымбаттауы болды.

Маусымдық факторлар аясында шілдеде жеміс-көкөніс бағасының 4,3%-ға төмендеуі байқалды. Қазіргі уақытта ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға, тауарларды сақтау және тасымалдау тетіктерін дамытуға, тапшылықты азайтуға, делдалдық буынды қысқартуға, бөлшек сауданы қолдауға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауда реттеуіне бағытталған 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.

Осы шаралар шеңберінде ҚҚС (қосылған құн салығы) есепке алу әдісімен төленетін импорттық тауарлар тізімі жаңартылды. Азық-түлік қауіпсіздігінің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары бекітілді. Ағымдағы жылғы қаңтарда сұйытылған мұнай газ бағасын реттеу 180 күнге енгізілсе, шілдеде оны 2023 жылғы қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар, дәрілік заттарға шекті бағаларды реттеу және қалыптастыру жобасы әзірленді.

Тұрақтандыру қорларын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, тауарлар нарық бағасынан төмен бағада сатылуда. Айналым схемасын қаржыландыру 100 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Жергілікті атқарушы органдар ӘМАТ өндірушілермен және сауда объектілерімен бағаны тұрақтандыру туралы келісімдер жасауда.

«Әлеуметтік нан» бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылғы ақпаннан бастап «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ ұн тартатын кәсіпорындарға арзандатылған бидай сатуда. Азық-түлік тауары, құрылыс материалы, жеңіл тауар, химия мен фармацевтика өнеркәсіптерінің импортқа тәуелділігін азайту жобалары жүзеге асырылуда», – деді А.Әбдікәрімов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға