Жаңалықтар

Қазнетке кибер шабуыл жасалды

Бұл туралы Мемлекеттік техникалық қызмет орталығы түсіндірді
Қазнетке кибер шабуыл жасалды
Фото: exk.kz 29.09.2022 16:58 2637

Қазақстанда соңғы күндері интернет байланысы өте баяу жұмыс істеп тұр. Бұл көптеген қызметкерлердің жұмысына кері әсерін тигізіп жатыр. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде ғаламтордың сапасына наразылықтарын білдіргендер көбейді. Расымен соңғы үш тәулікте елде интернет байланысы баяу жұмыс істеп жатқанын байқауға болады. Бұл неге байланысты?

Бұл тұрғыдағы жағдайды Мемлекеттік техникалық қызмет орталығының басшысы Асель Абыкаева түсіндірді.

«Бүгін тағы да Казнетке кибер шабуылдар жасалды. Қазіргі таңда техникалық бөлімнің мамандары жұмыс істеп жатыр», - деді ол.

Оның айтуынша, 24 қыркүйектен бастап кибер шабуыл жасалып жатыр және оны кімдер жасағаны анықталмай отыр.

Интернет байланысының баяулығына байланысты Tele2 және Altel компаниясының PR директоры Евгения Бекбулатова жауап берді.

«Ғаламтор жұмысындағы түйткілдер туралы МТҚ толық ақпарат берді. Оператор желісі жағынан ешқандай мәселе жоқ. Біздің желіміздің өзі қалыпты жұмыс істеп тұр. Барлық үзілістер Мемлекеттік техникалық қызмет ресми түрде жариялаған және сипаттаған нәрсеге қатысты - департамент бірнеше күн бойы Kaznet-те операторлардың магистральдық арналарына жүктеме тудырған ауқымды DDoS шабуылдарын тіркегенін түсіндірді. Шабуыл қаупі 24 қыркүйектен бастап байқалды. Бірақ кибератака бүгін орын алып отыр», - деді Tele2 және Altel компаниясының PR директоры Евгения Бекбулатова.

Ұйымдардағы мұндай шабуылдар веб-қызметтердің жұмысына кедергі келтіретінін және интернет-ресурстардың толық істен шығуына бағытталғанын түсіндірді.

Ал, Beeline Қазақстан желісінде барлығы әдеттегідей жұмыс істеп тұрғанын және қосымша түсініктеме алу үшін тиісті министрлікке - ҚР ЦДИАӨМ-ға хабарласуға болатынын айтты.

«Ғаламтор жақын арада өз қалыпына келеді. Тек оны 100% іске қосу үшін сәл уақыт керектігін ескертемін. Қазіргі таңда мәселе шешіліп жатыр», - деді Мемлекеттік техникалық қызмет орталығының басшысы Асель Абыкаева.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға