Жаңалықтар

Азияның экономикалық өсуі жақын арада Еуропаны басып озады – Ернар Кушалиев

Қазақстанның Швейцария сынды қаржылық «хаб» орталығы болуға мүмкіндігі бар
Азияның экономикалық өсуі жақын арада Еуропаны басып озады – Ернар Кушалиев
Фото: dknews.kz 13.10.2022 18:29 2938

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитінде көтерілген бірқатар мәселелердің шешімдері мен ұсыныстары бойынша еліміздің сарапшылары өз ойларымен бөлісуде, деп хабарлайды El.kz.

Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшысы Ернар Кушалиев те АӨСШК-те алдағы уақытта орын алатын жаңашылдықтардың бастамаларына қатысты пікір білдірді.

«Азия үшін ең басты мақсат – қауіпсіздік, тұрақтылық және бейбітшілік. Алдыңғы қатарда тұрған мәселелердің бірі ол энергетикалық қауіпсіздікті шешу болып тұр. Еуропа мен Америка сынды өнеркәсібі дамыған елдерге транзит мәселесі айқындалып келеді. Қазіргі таңда Азия Еуразияның үлкен аумақтарының бірін алып жатқандығы тұрғысынан маңыздылығы артып барады. Сондықтан да экономикалық өсім жағынан біз дамыған елдерді басып озатын күніміз жақын деген сенімдемін», – деді ол.

Сонымен қатар экономикалық өлшемдер бойынша қозғалған тақырыптар аясында Ернар мырза процестерді зерттеу маманы ретінде Қазақстанның қаржылық орталыққа айнала алатынын айтты.

«Менің ойымша, біздің еліміз аймақтық қаржылай «хабқа» айнала алады. Бірақ, ол үшін бізге Швейцарияның тәжірибесі керек. Неліктен дәл сол жерде барлық мемлекеттер ақшасын сақтайды. Бұл – сенімнің арқасы. Бізге де дәл сондай сенім жинау маңызды. Ол үшін дамыған сот жүйесін құру қажет. Егер біз осыған қол жеткізсек, бұл жаңашылдық та біздің экономикамыздың өсуіне әкеледі», - деді сарапшы.

Мемлекет басшысының отырыстағы баяндамасына сәйкес 2021 жылы Азияда климаттың өзгеруіне байланысты экологиядан 57 миллион адам зардап шеккен. 2050 жылға қарай Азия экономикасына табиғи катаклизмдерден келетін залалдың ықтималдылығы артуы мүмкін.

«Президент экология мәселесін дөп қозғады. Бұл туралы 20 ғасырдың екінші жартыжылдығынан бастап айтылып келе жатса да, қазіргі көрсеткіштер бойынша біз қауіптің артқанын айқын көре аламыз. Көміртегі диоксиді шығарындылары бізге тұрақсыздық әкелді. Қауіп артты. Өзіміздің елде болғандай өртті де мысалға алуға болады. Шынында бұл үлкен қауіп. Оған қоса қазір әлемде орын алып жатқан оқиғаларды ескере отыра біз бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Осы ретте келер жылы өткізуге ұсынылған отырысты орынды деп санаймын», - деді Ернар Кушалиев.

Сонымен қатар сарапшы ауылшаруашығы мен ІТ технология жайлы айтылған пунктілерді біріктіре жұмыс жасауға болатынын жеткізді.

«ІТ – бұл болашақ. Егерде біз төртінші өнеркәсіптік революцияға қол жеткізе алсақ аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі көшбасшыға айнауға мүмкіндігіміз мол. Ауылшаруашылығы мен нанотехнолгияны біріктіре қарастыру қажет. Еуропада барлық ауылшаруашылығында ІТ секторлар жұмыс жасайды. Электронды дрондар арқылы есеп те жүргізеді. Робототехника іске асса тіпті керемет. Бұл өндірісті нығайтып, көп есе ұлғайтуға әкеледі», деді сарапшы Ернар Кушалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға