Жаңалықтар

Азия ойындары: Сәкен Бибосынов алғашқы қарсыласын тас-талқан етіп ұтты

Азия ойындары: Сәкен Бибосынов алғашқы қарсыласын тас-талқан етіп ұтты
Фото: ©Нұрғали Жұмағазы 26.09.2023 04:20 980

Қазақстандық боксшы Сәкен Бекбосынов Ханчжоудағы 2023 жылғы Азия ойындарында (Қытай) алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

1/16 финалда 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бибосынов Моңғолия өкілі Орхонтунгалаг Унуболдпен жекпе-жек өткізіп, оны 5:0 есебімен жеңді. Осылайша Сәкен Бибосынов құрлықтық біріншіліктің 1/8 финалына шықты. 

Осы кездесуінен соң боксшы сұхбат беріп, қабағы жарылғанын алға тартты:

Бірінші кездесуімде жеңіске жеттім. Жекпе-жек оңай болған жоқ. Азия ойындарына ешқандай әлсіз қарсылас келмейді. Моңғол боксшысын жарыстардан бұрындары көріп жүрген едім. Бапкерлердің тапсырмасын орындап, басым түстім. Бұған қуаныштымын. Бірақ қабағымнан кішкене жарақат алып қалдым. Бұл өз кінәм. «Аяққа тұрма, еңкейме» деген. Енді 28 қыркүйек күні рингке шығамын. Қарсыласым - өзбек боксшысы Хасонбой Дусматов. Есемді қайтаруға тырысамын. Олимпиада жолдамасын алуға, Азия ойындарының чемпионы болуға келдім. Сондықтан жеңісіммен елімізді қуантқым келеді, - дейді Сәкен Бибосынов. 

Бибосыновтың әуесқойлардағы жетістіктеріне келетін болсақ, ол 2021 жылы әлем чемпионатының алтынын жеңіп алды, ал 2019 жылы әлемдік біріншіліктің қола жүлдегері атанды. Ол сондай-ақ Токиода (Жапония) өткен 2020 жылғы Олимпиадада қола медаль жеңіп алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға