Жаңалықтар

Азиада. Жұбаназар жартылай финалда, екеуі қолаға күреседі

Азиада. Жұбаназар жартылай финалда, екеуі қолаға күреседі
Фото: © Нұрғали Жұмағазы 25.09.2023 11:40 865

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында дзюдо күресінен екінші жарыс күнінде төрт балуан татамиге шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әйелдер арасында 57 келіге дейін салмақта белдескен Севара Нышанбаева бірінші айналымда тәжікстандық балуанды ұтқан еді. Алайда ширек финалда тайпейлік балуанға есе жіберді. Сөйтіп жұбаныш белдесуге мүмкіндік алды. Бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінен келген спортшы Нышанбаеваға жүлдеге таласуға мүмкіндік бермеді.

Ал 63 келідегі Эсмигүл Куюлова Азия ойындарының қола жүлдесіне таласады. Ол бірінші белдесуінде моңғолиялық балуанды жарыстан шығарған. Одан кейін кореялық спортшыға есе жіберді. Атыраулық спортшы Азиаданың жұбаныш белдесуінде Киоми Ватанабені (Филиппин) 13 секундта иппонмен жеңді. Енді қола жүлде үшін күреседі.

Сондай-ақ Анастасия Маякова (70 келі) жарысты ерте аяқтады.

Ерлерден Данияр Шамшаевқа (73 келі) үлкен сенім артылған еді. Биыл Азия чемпионы атанған. 

Бастапқы кездесуде Гонгонг балуаны Нин Хонг Мактан басым түсті. Сосын тәжік Бехруз Ходжазодаға шамасы жетпеді. Жұбаныш белдесуінде Шыңғысхан Сағыналиевті иппон әдісімен жеңіп, енді қола жүлде үшін күресетін болады.

Абылайхан Жұманазар (81 келі) алдымен Гонконг балуанын, одан кейін Бахрейн өкілі Аскерби Гербековті иппонға түсірді. Сөйтіп, жартылай финалға шықты.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға