«Ажырасқан келіншектерді түсінгендеймін»: Жанқош Тұраровтың әйелі мәлімдеме жасады
Танымал боксшы Жанқош Тұраровтың әйелі, блогер Клара Иса әлеуметтік желіде жазба жариялап, көпшілікті ойландырып қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Блогер қыз-келіншектердің жеке табысы болуы керегін, ал өзі бұған мән бермегенін жеткізді.
Тұрмыс құрғанға дейін әкемнің табысына өмір сүрдім. Тұрмысқа шыққаннан кейін жолдасымның табысын ойланбай шашып, өмір сүрдім. Менің ойыма осы күнге дейін өз табысың болуы керек деген ой кірмепті. Жұмыс немесе тіршіліксіз отырған емеспін. Бірақ оны тек хобби деп қана қарадым. Әйел адамның өз табысының болуы маңызды дүниелер қатарында екенін түсіндім. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Тірлік жасаймын деген адамдарға қаншалықты қолдау білдіру керегін ұқтым. Әйелдер, әсіресе ажырасқан келіншектер қалай мықты болып, тау қопарады деп таңғалатын едім, түсінгендеймін. Мен сіздерден қолдау күтемін, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Әнару Қалдыбекқызы есімді ару "Жанқош Тұраров зорлады" деп полицияға шағымданған еді. Ал Жанқош Тұраров және оның адвокаты алғашқы күннен бастап-ақ бұл ақпаратты жоққа шығарумен келеді.
Жанқош Алматыда екі бірдей чемпиондық атағын қорғау үшін 28 қыркүйекте шаршы алаңға шығады деп күтілген еді. Қарсыласы бұрын-соңды жеңіліп көрмеген венесуэлалық Хесус Корреа Пинто (16-0, 16 КО) болатын.