Жаңалықтар

Қажылыққа баратындар үшін жаңа платформа іске қосылды

Бұл жүйе қажылығын өтейтіндер үшін ақпарат пен кең ауқымды қызметтерді ұсынады.
Қажылыққа баратындар үшін жаңа платформа іске қосылды
Фото: nusuk.sa 27.09.2022 17:29 2590

Сауд Арабиясының туризм министрлігі туризімді дамыту бойынша воркшоп өткізіп, қазақстандықтар үшін қажылық жасаудың жаңа мүмкіндіктері туралы айтты, деп хабарлайды El.kz

Жыл сайын елімізден Сауд Арабиясына үлкен қажылық пен умраға барушылардың саны артып келеді. Енді қазақстандықтар қажылықты жоспарлауда жаңа платформаға жүгіне алады. Аталған жүйеге кіріп, қажылығын өтейтін әр азамат қолжетімді тур фирмаларды өздері таңдай алады.

Қарапайым жүйе қолжетімді болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен баратын мұсылмандардың рәсімдері біршама жеңілдемек. Келушілерге тың ақпаратты ұсына отырып, электронды виза алуға өтініш беруден бастап қонақ үйлер мен рейстерді брондауға дейін өз сапарын оңай ұйымдастыра алады. Сондай-ақ, маңызды нысандарға баруды жоспарлау, көлік іздеу, бағдарды құру, интерактивті карталарға қол жеткізу үшін де пайдалануға болады.

Семинар барысында сөз алған Азия-Тынық мұхит аймағының нарықтар бөлімінің басшысы Альхассан Ал даббаг екі ел арасындағы туризмнің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанда алғаш рет туризмді дамыту үшін воркшоп өтіп жатқанына қуаныштымын. Жалпы туризм мәдениетімізді жақындатып, бірнеше қауымдастықты біріктіретінін барлығымыз жақсы білеміз. Сонымен бірге өнер, технология сияқты басқа салалардың өркендеуіне әсер ететін негізгі фактор болып табылады», - деді ол.

Сондай-ақ, спикер Сауд Арабиясы сияқты туризмге көп қаражат құятын мемлекет жоқ екендігін де атап өтті. 2022 және 2030 жылдары Сауд Арабиясы туризмге 800 млрд доллар қаржы құймақ ниетте екен.

Ал семинарда сөз алған жоғары мәртебелі Қажылық және Умра министрі Тауфик әл-Рәбиа аталған жүйе туралы бірнеше мемлекеттік мекемелермен бірлесіп рәсімдерді жеңілдету бойынша жұмыстар жасап, қажылыққа келушілерге рухани сапарларын оңай әрі жайлы өткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, министр Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы қарым-қатынастың дамып келе жатқандығына ерекше тоқталды.

Қажылыққа баратындар үшін жаңа платформа іске қосылды

«Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы қарым-қатынастың тығыз екені мені қуантады. Қажылық және Умра министрі болып тағайындалғаннан кейінгі екінші сапарымды осы елге жасап отырғанымды айтқым келеді. Бұл сапар өте жемісті болып, көптеген келісімге қол қойылды. Келешекте бұл келісімдер екі ел қарым-қатынасына серпін береді деп ойлаймыз», - деді.


Сонымен қатар доктор Тауфик әл-Рәбиа екі елдің арасында тікелей әуе рейстерін ашу арқылы Nusuk жобасын қолданушы қазақстандықтардың сапарын одан әрі жеңілдете түсу жоспарда бар екенін жеткізді.

Сауд Арабияның өкілдері аталмыш платформа Мекке мен Мединаға келетін мұсылмандарға түрлі қолжетімді пакеттер мен бағдарламаларды ұсынатындығын атап өтті. Бұған қосымша интерактивті карталар, ұсыныстар мен іс-шаралар күнтізбесі, денсаулық сақтау саласындағы ақпарат пен қызметтер, сонымен қатар бірнеше тілде ұсынылған барлық саяси ұсынымдарға арналған цифрлық нұсқаулық кіретiн болады.

Семинар соңында бірқатар қазақстандық тур компаниялары Сауд Арабияның турагентіктерімен екіжақты меморандумға қол қойды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға