Әлеуметтік желі

Әзербайжан президенті туған әпкесін «Шараф» орденімен марапаттады

11.10.2025 21:26

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өзінің үлкен әпкесі, композитор және қоғам қайраткері Севиль Гейдарқызы Әлиеваны «Шараф» (қазақша – «Құрмет» немесе «Даңқ») орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Азербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Президент жарлығында былай делінген:

Әзербайжан Республикасының Конституциясының 109-бабының 23-тармағына сәйкес, әзербайжан музыка өнерінің дамуына қосқан зор еңбегі үшін Севиль Гейдарқызы Әлиеваны “Шараф” орденімен марапаттаймын, – делінген құжат мәтінінде.

Севиль Әлиева - танымал композитор, продюсер және қоғам қайраткері. Ол 1990-жылдары Space TV телеарнасын құрған, бұл арна сол кезден бері әзербайжан мәдениеті мен музыкасын насихаттайтын ірі платформа саналады.

Әлиева классикалық және заманауи музыка жанрларында шығармалар жазып, мәдени жобаларды ұйымдастырумен айналысады. 12 қазанда Севиль Әлиева 70 жасқа толады.

«Шараф» ордені туралы

«Шараф» ордені — Әзербайжан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі. Бұл марапат:

  • ел мен ұлт алдындағы ерекше еңбегі бар тұлғаларға;

  • Әзербайжан мемлекеттілігін нығайтуға қосқан үлесі үшін;

  • экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени дамуға елеулі үлес қосқандарға;

  • ғылым, әдебиет, өнер, білім және денсаулық сақтау салаларында жоғары жетістікке жеткен азаматтарға беріледі.