коллаж El.kz

Азат елдің алғашқы армиясын құрған генерал

07.05.2025 11:19

7 мамыр – Қазақстанда Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтілетін мемлекеттік мереке. Бұл – елін, жерін жаудан қорғаған жауынгерлердің жанқиярлық ерліктерін дәріптеп, ұрпаққа үлгі етуге арналған күн. Осындай Отан қорғаушылардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов.

Оның ғұмыр жолы Екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынынан басталып, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін қалыптастыруға ұласқан ерекше ерлік дастаны іспетті. Жауынгерлік жолы Берлинге дейін жетіп, бейбіт заманда туған елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға сүбелі үлес қосқан саңлақ сардар өмірі мен қызметі – Отан қорғаушы ұрпаққа өшпес өнеге.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі

1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған тұста жаңадан мемлекет құрумен қатар дербес қорғаныс жүйесін қалыптастыру міндеті тұрды. Сол жылы желтоқсанда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Нұрмағамбетов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы қызметіне кірісті. Жаңа егемен елде әлі тұрақты армия құрылмаған еді, ал бұрынғы Кеңес армиясының құрамындағы түрлі ұлттан құралған офицерлердің біразы өз тарихи отандарына кетуге шешім қабылдаған болатын. Сағадат Қожахметұлы өз естелігінде сол қиын кезеңді былай баяндайды: «Басқа республикалар өз жеріндегі әскери қызметшілерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар – кетіңдер» деп, өз елдерінің антын қабылдатып жатқан шақ. Біз президентпен ақылдаса отырып, Қазақстанда қалған офицерлерді ынталандырып, Отанға адал қызмет етуге шақырдық» дейді. Нәтижесінде, жас мемлекеттің қарулы күштерінің негізін құрайтын ұлттық кадрлар сақталып қалды.

1992 жылғы 7 мамырда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұл тарихи күні жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ресми түрде қалыптасты. Нұрсұлтан Назарбаев сол бір өтпелі кезеңде кәсіби армияны жасақтап, басқаруға лайық бір ғана генералы болғанын бірнеше мәрте айтқан еді. «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты таптым»  деген еді Назарбаев. Шынында да, от-жалын майданнан өткен, кеңестік ірі әскери құрылымдарда шыңдалған Нұрмағамбетов ел армиясының бас қолбасшысы болуға әбден лайық тұлға еді.

Қорғаныс министрі ретінде Сағадат Қожахметұлы жас мемлекеттің Қарулы Күштерін қысқа мерзімде ұйымдастырып, нығайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Әсіресе кәсіби офицерлер корпусын қалыптастыру, әскери кадрлар дайындау және патриоттық тәрбие бағытында бірқатар тың бастамалар көтерді. Жаңадан құрылған ұлттық армияны нығайту жолында іске асырған негізгі шараларының кейбірі мыналар:

Әскери білім мен кадр даярлау: Ресей Федерациясының Әскери Бас штабы академиясымен келіссөздер жүргізіп, қазақстандық офицерлерді оқытуға жол ашты. Нәтижесінде жыл сайын Қазақстаннан 40 жас офицерді әскери академияларға және 250-300 офицерді әскери училищелерге қабылдап оқыту туралы келісім жасалды. Шетелде білім алып келген сол офицерлердің көбісі кейін Қазақстан Қарулы Күштерінің генералдары мен жоғары қолбасшылары дәрежесіне дейін өсті.

Ұлттық әскери оқу орнын дамыту: Алматыдағы жоғарғы жалпыәскери командалық училищені күшейту мақсатында оның басшылығына білікті офицерлерді қойды. Мәселен, полковник Абай Тасболатовты осы училище бастығы етіп тағайындап, оған “Жігіттерді өсіресің және қазақтың баласын көптеп тартасың” деп нақты міндет жүктеді. Нұрмағамбетовтің бастамасымен оқу орнында бұрын төрт-ақ мамандық болса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскери мамандықтардың саны 11-ге жеткізіліп, оқу бағдарламалары жаңартылды.

Жас офицерлер корпусын толықтыру: Әскердегі офицер құрамының жетіспеушілігін жою үшін Кеңес Одағы соғыс жылдары қолданған тәжірибе қайта енгізілді – әскери училищелерді жеделдетілген бағдарламамен аяқтаған түлектерге “кіші лейтенант” шені беріліп, бөлімшелерде взвод командирі ретінде қызметке кірісуге мүмкіндік алды. Бұл соғыс кезінде офицерлердің үздіксіз легін қалыптастырған тәсіл болатын. Генерал Нұрмағамбетов осы әдісті Қазақстан армиясында тиімді пайдаланып, жас лейтенанттар легін жылдам қалыптастырды.

Осындай шаралардың арқасында қысқа мерзім ішінде ұлттық армияның негізі қаланып, жауынгерлік қабілеті бар Қарулы Күштер жасақталды. Сағадат Қожахметұлы 1992–1995 жылдар аралығында Қорғаныс министрі лауазымында еліміздің әскери жүйесін түзу жолға қойып, жаңа сарбаздарды тәрбиелеуде орасан еңбек сіңірді. 1994 жылдың 23 мамырында мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан зор үлесі үшін оған «Халық Қаһарманы» атағы және №1 «Алтын Жұлдыз» айрықша белгісі берілді. 1995 жылы қарашада армия генералы шенімен Нұрмағамбетов қызметтен құрметті демалысқа шығып, Президенттің әскери кеңесшісі ретінде тағы бір жылдай тәжірибесін бөлісті.

Халық батыры, даңқты жазушы Бауыржан Момышұлы майдандас інісі Сағадатты «сыпайы генерал» деп атаған екен. Бұл да Нұрмағамбетовтің жаратылысынан кішіпейіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін бекзат мінезді жан болғанын көрсетеді.

Сағадат Нұрмағамбетовтің мемлекет пен халық алдындағы өлшеусіз еңбегі тәуелсіз ел тарапынан да лайықты бағаланды. Жоғарыда аталған «Халық Қаһарманы» атағынан бөлек, ол көптеген орден-медальдармен марапатталды. Кеңес Одағының және Қазақстан Республикасының бірқатар жоғары наградаларын, сонымен бірге шет мемлекеттердің орден-медальдарын кеудесіне тақты. Алматы және Астана қалалары мен өзі туып-өскен Ақмола облысы Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанды. Ел астанасындағы элиталық әскери оқу орны – «Жас ұлан» мектебі генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен аталады. Мұның бәрі даңқты сардардың кейінгі ұрпақ жадында мәңгі қалуы үшін жасалған жұмыстар.

Соғыс жылдарындағы Сағадат

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Қосым ауылында дүниеге келген. Әкесі Қожахмет Сағадат дүние есігін ашуға бір ай қалғанда қайтыс болып, балалық шағы жетімдіктің зардабымен басталады. Анасы Айса екі ұлын жалғыз бағып-қағуға бар күшін жұмсайды, алайда 1932 жылғы ашаршылық зұлматы бұл отбасын айналып өтпеді – Сағадат 7 жасқа толғанда анасынан айырылып, ағасы Сағит екеуі тұл жетім қалады. Қорғансыз қалған балғындарға туыстары қамқорлық жасағанымен, тағдырдың тағы бір соққысы көп ұзамай тиді: Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Сағадаттың жалғыз ағасы Сағит майданға аттанады да, Новгород түбіндегі қиян-кескі шайқаста қаза табады.

Отбасынан ерте айырылған Сағадат өмірдің ауыртпалығын бала күнінен сезініп, ерте есейді. Туған ағасының майданға аттанып, қайтып оралмауы оның жүрегіне қатты жара салды. Алайда жас өрен жігерін жаныған қиындықтарға мойымай өжет, алғыр болып өсті.

1942 жылдың шілде айында 18 жасар Сағадат Қызыл Армия қатарына шақырылып, әскери өмірге қадам басты. Оны Түрікменстандағы пулемётшілер училищесіне жіберіп, онда жас курсант Нұрмағамбетов қару қолданудың қыр-сырын меңгеріп, оқуын үздік аяқтады. Училищені бітіргеннен кейін кіші лейтенант шенімен взвод командирі болып майданға аттанады. Ұлы Отан соғысы майдандарында ол Кубань мен Дон даласынан бастап, Молдавия жері, Польша және Германия аумағына дейінгі ұрыстарға қатысып, Одер мен Шпрее өзендері бойындағы шайқастарға дейін жан аямай соғысты. Жас офицер талай ауыр ұрыстарды бастан өткеріп, батылдығымен және әскери шеберлігімен ерекшеленді.

1945 жылдың қаңтарында Лодзь қаласы маңындағы Магнушев плацдармында болған шайқаста кіші капитан Нұрмағамбетов ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 17 қаңтар күні жау қорғанысын бұзып өту операциясында оның пулемёт ротасы қарсы алдынан төпелеп тұрған оққа қарамастан алға ұмтылды. Екі күндік қанды қырғында ротаның жігіттері 120-дан астам неміс солдатын және жаудың 12 пулемёт ұясын жойып жіберді. Варшавадан оңтүстікке қарай 60 шақырым жердегі Магнушев қаласын фашистерден азат ету барысында жас командир өз әскерін шебер басқарып, ерекше көзге түседі. Шайқастардың бірінде Нұрмағамбетов басқарған ауыр пулемёттің наводчигі (оқ атырушысы) оққа ұшады. Сонда Сағадат сасқалақтамай, пулемётті өзі қолына алып, дамылсыз атып, жаудың екі бірдей жойқын шабуылына тойтарыс береді. Өжеттікпен қорғанған қазақ офицері сол күні жеке өзі 65 жау солдатын жер жастандырды. Осы ұрыстың нәтижесінде Нұрмағамбетов ротасы Польшадағы Пилица өзенінен өтуді қамтамасыз етті – ротаның жауынгерлері тағы 35 неміс солдатын жойып, жаудың 6 пулемёт огегін істен шығарып, кеңес әскерінің ілгері жылжуына жол ашты.

Нұрмағамбетов ротасының осы ерлігіне Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында атақты кеңес қолбасшысы, маршал Георгий Жуковтың өзі куә болған екен. Жауынгерлердің жанқиярлық шабуылын көрген Жуков жас қазақ офицерінің батырлығына ризашылық білдіріп, оны жоғары марапатқа ұсынған. 1945 жылдың 27 ақпанында небәрі 21 жасында лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы және Ленин ордені салтанатты түрде табысталды. Марапаттау рәсімінде армия қолбасшысы оның кеудесіне алтын жұлдызды қадағанда, толқыған жас батыр өз көзіне өзі сенбегенін айтады. Кейінірек естеліктерінде: “Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам бұл жетістігімді көрсе ғой деп ойладым”, – деп сол сәттегі сезімін бөліскені бар. Осылайша ел басына күн туғанда қолына қару алған жетім ауыл баласы туған халқына абырой мен мақтаныш әкелген әйгілі батыр атанды.

Майдандағы ғаламат ерліктері үшін Сағадат Нұрмағамбетов 1945 жылғы 31 мамырда Қызыл Ту орденімен марапатталып, соғысты неміс астанасы Берлинде аяқтады.

Соғыс аяқталған соң да Сағадат Нұрмағамбетов бейбіт өмірде әскери қызметін жалғастырды.