Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық форум қарсаңында білім беру саласының болашағы талқыланды

13.10.2025 03:31

XII Азаматтық форум аясында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың білім беру және балалардың құқығын қорғау саласында жұмыс істейтін қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жиынға Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, сондай-ақ 170-тен астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Іс-шара мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылауға арналған алаңға айналды. Қатысушылар мектепке дейінгі тәрбие, қосымша білім беру, инклюзивті орта қалыптастыру және министрлікпен өзара байланысты жетілдіру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Жұлдыз Сүлейменова балаларды қорғау, тәрбиелеу және оқыту саласындағы бастамаларды табысты іске асыру азаматтық сектордың ықпалынсыз мүмкін еместігін атап өтіп, ҮЕҰ-мен тұрақты және ашық диалог орнатуға дайын екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша министр азаматтық қоғам өкілдерін Қоғамдық кеңес жұмысына белсенді қатысуға және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған нақты бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.