Азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек – Бектенов
Үкімет отырысында премьер-министр телефон және интернет-алаяқтық жағдайлары көбейіп жатқанына және олардың дені шетелдік нөмірлердің және ұлттық жүйемізде тіркелмеген құрылғылардың көмегімен жасалатынына назар аудартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет.
Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек. Мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар, қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты болуы тиіс, – деп атап өтті премьер-министр.
Сонымен қатар премьер-министр әкімдіктерге кез келген қолайлы нысандарда базалық стансалар орнатуға орын бөлуді тапсырды.
Елді мекендерде байланыс пен интернет сапасы төмен аймақтардың мәселесін біржола шешу үшін өңір әкімдіктеріне байланыс операторларына базалық стансалар орнатуға орын бөлуге, соның ішінде кез келген қолайлы нысандарда орналастыруға жәрдемдесуді тапсырамын, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

