Жаңалықтар

Азаматтар жеке куәлік алуға өтінішті өздігінен тапсыра алады

Азаматтар жеке куәлік алуға өтінішті өздігінен тапсыра алады
Фото: gov.kz 03.03.2023 17:06 1034

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа ХҚКО-да жаңадан орнатылған инновациялық жоба таныстырылды. Азаматтар Құжаттау терминалын қолдану арқылы өз бетінше қажетті қызметтерге тапсырыс бере алады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі

ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл жоба клиенттерге кезекте тұрмай, қызметке өздігінен тапсырыс бере алатындығымен, сондай-ақ, құжатты рәсімдеу барысында өзінің сәтті суретін таңдай алатындығымен ерекшеленеді.

«Бұрын тұрғындар өтініш беру үшін кезекте тұрып, көші-қон бөлімінен өтіп, төлем жасап, суретке түсуге 30 минутқа дейін уақыт жұмсауға мәжбүр болатын. Енді Құжаттау терминалының арқасында бұл қадамдарды 10 минут ішінде өтуге болады», - деп министр атап өтті.

Қазақстанда сұранысқа ие қызметтердің бірі төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеу болып табылады. Мәселен, өткен жылы ХҚКО-ға бұл қызметті алу үшін 2,3 миллионнан астам азамат жүгінген. Мемлекеттік корпорация азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында, құжаттарды алуға өз бетінше өтініш беретін терминал орнатты. Астана қаласындағы Керей және Жәнібек хандар к-сі, 4/1 мекенжайында орналасқан ХҚКО-да төрт терминал орнатылды. Алдағы уақытта бұл жобаны барлық өңірлерде іске асыру жоспарлануда.

«Біз ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтерді толық онлайн форматта көрсетуге ұмтыламыз. Оған қоса, азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімдерін қолдану үшін барлық жағдайлар жасалуда. Біз үшін азаматтардың ХҚКО-ға келіп, қажетті қызметтерін тез және сапалы түрде алуы маңызды. Сонымен қатар, терминалды іске қосу барысында барлық тәуекелдер ескеріліп, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау қамтамасыз етілді», - деп атап өтті Мемлекеттік Корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Терминалды пайдалану барысында клиент барлық деректерді өз бетінше толтырып, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, суретке түсіп, қол қойып, соныңда QR-кодпен ЕДБ арқылы төлем жүргізу қажет. Айта кетейік, 2023 жылы төлқұжатты алу үшін төленетін мемлекеттік баж 27 600 теңгені, жеке куәлік үшін 690 теңгені құрайды.

Терминал арқылы өтініш бергеннен кейін қызмет алушы өтінішті, суретті және қолтаңбаның сәйкестігін тексеру үшін көші-қон бөлімінің қызметкеріне жүгінуі қажет.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға