Жаңалықтар

Азамат Есқараев әділет органдарының алдында тұрған басты міндеттерді атады

Азамат Есқараев әділет органдарының алдында тұрған басты міндеттерді атады
Фото: Әділет министрлігі 20.12.2024 20:38 123

Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен 2024 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әділет министрлігінің мәліметінше, алқа отырысында президенттің құқықтық мәселелер бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаев, Президент әкімшілігінің, Парламент депутаттары, сондай-ақ заң қоғамдастықтарының өкілдері қатысты.

Министрліктер үйінде өткен алқа отырысында әділет министрі Азамат Есқараев әділет органдарының алдында тұрған міндеттерді атқару кезінде баса назар аударатын негізгі бағыттарға тоқталды.

Заңнаманы қабылдау кезінде азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету басты міндет болып табылады. Қолданысқа ие болатын, яғни азаматтардың құқықтық санасында орын алатын және мемлекеттік органдардың құқық қолдану қызметінде іске асырылатын заң ғана сапалы болады. Осыған орай, заңнаманы әзірлеу барысында  шығармашылықтың тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік билік органдарының адам құқығын қамтамасыз ету жөніндегі құқық қолдану тәжірибесіне ықпал ететін факторлардың жиынтығын толық ескерген жөн екенін атап өтті ведомство басшысы, - делінген мәліметте.

Азаматтарды заң талаптарын құрметтеу және мүлтіксіз орындау бойынша тәрбиелеу міндетін анықтай отырып, министр құқықтық ағарту тәсілдерін біріздендіруді және олардың тәжірибедегі тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар барлық сот актілерінің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау тапсырылды. Бұған қоса Азамат Есқараев заң көмегінің қолжетімділігі мен оның жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін заманауи тәсілдерді енгізіп, ақпараттық технологияларды пайдалану қажеттігін баса айтты.

Алқа отырысын қорытындылай келе, министрлік басшылығы сот сараптамасы, зияткерлік меншік құқығы, цифрландыру және тағы да басқа салалар бойынша басым міндеттерді айқындады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға