Қазақтың үздік фильмдері мерейтойын тойламақ
Биыл қой жылы, той жылы. Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Абай, Шоқан, Жамбыл, Ілияс Есенберлин сынды алаштың ұлы ақын-жазушылары мен ғалымдарының мерейтойы. Сондай-ақ, қазақ киносының алтын қорына енетін үздік төл фильмдеріміздің мерейтойлары да қатар кеп тұр.
Биыл қазақтың 50 фильмінің мерейтойы өтеді. Ең негізгілерін айтатын болсақ, «Абай әндерінің» шыққанына 70 жыл, әйгілі «Қыз Жібекке» 45 жыл. Бергінісөз етсек, «Көшпенділерге» 10 жыл, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» картинасына 5 жыл. Бірақ киносыншылар 50 фильмнің бәрінің мерейтойлары аталып өтуіне қарсы. Себебі, тізімдегілердің тең жартысы ғана ұлт үшін қадірлі, жоғары санаттағы туындылар деп есептейді.
1945 жылы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының желісімен түсірілген «Абай әндері» картинасы. «Қазақфильм» киностудиясының тұңғыш туындыларының бірі саналады. Биыл фильмнің жарыққа шыққанына 70 жыл толмақ.
"Қыз Жібек" фильмі
Ал «Қыз Жібек» фильмінің 1970 жылы экранға шығып, қазақ атын бүкіл әлемге танытуға себепкер болғанын көпшілік біледі. Бұл туынды әлі күнге дейін үздіктердің қатарында. Шығармашылық ұжым жазда оның 45 жылдығын атап өтуге әзір.
«Қыз Жібек» фильміне режиссер Сұлтанбек Қожықовпен бірге қазақтың кілең мықтылары қатысқан. Мәселен, сценариі Ғабит Мүсіреповтікі, әуен мен ән мәтіндері Нұрғиса Тілендиев пен Қадір Мырза-Әлінікі, суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова. «Қыз Жібек» «Махаббаттан махаббат тудырған» деген тағы бір атауға ие. Оның себебі - басты рөлдерді сомдаған Мереуерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің түсіру жұмысы біте салысымен шаңырақ көтеруі.
"Қыз Жібек" фильміндегі диалогтар есіңізде ме?
Қатынжанды екеніңді көрдік, кел енді білек күшін сынап көрейік!
.......
– Жарайсың, Төлеш!
– Ә, солай ма?!
– Жігіт екенсің....
– Сіз мана маған қыз алдында қыр көрсете сөйледіңіз ау дейм?
– Иә, арқаңа батқаны енді білініп келе ме?
– Жоға да, еркек пен еркек еркекше сөйлесетін шығар деп ойлаушы ем...
– Мен немене, қатындарша сөйлестім бе?
– Бет тырнай сөйлеуіңізге қарағанда қатындардан алыс дей алмас ем.
– Жібекжан, арамызда жатқан мынау зербелдікке қарағанда...– Екеуміз асау Ақжайықтың екі жақ жағасында тұрғандай көрінеміз бе?– Иә. Екі жақ жағасында тұрғандаймыз. Даусымыз да жетед, үніміз де қосылар, әттең су терең, дүлей толқындар алай-дүлей, өткел жоқ. – Өткелсіз судан құлаштай сермеп жүзіп өт демейтін бе ед?– Деуіне депті ау, бірақ сол дүлейді сен де біліп қойшы! Әкем мені сенің еліңмен достасуға жіберген жоқ, шауып әкелуге жұмсаған.– Онда сенің ел шабатын жасағың қайда? Жасырғаның ба, қалай?– Мана төбе басында естідің бе, жоқ па, мен бейбақтың арманы жауластыру емес, елдестіру. Жасағымды жолдан қайтарып жібердім.
"Гаухартас" фильмі
«Қыз Жібектен» кейін араға 5 жыл салып түсірілген тағы бір әдемі қазақ фильмі – «Гауһартас». Картина кеңес кезіндегі ұжымшар тіршілігін суреттейді. Десе де, мұнда махаббат тақырыбына басымдық берілген. Картина әлемнің 50-ге жуық елінде аншлагпен көрілген екен. Бұл туралы белгілі ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек: "Теледидардан Дулат Исабековтың "Гаухартасын" көрдім. Жақсы әсерге бөлендім. Бұрын да көріп едім. Алайда, бұл жолы бұрын мән бермеген бір қасиетке ерекше сүйсіндім. Ол – қазақ болмысы, қазақ рухы, қазақы кісілік..." деп жазған еді.
Сол фильмді еске түсіріп көрелік...
Салтанат:– Тастан, ән айтайықшы... Тастан:– Қой әрі, қойды үркітесің...
– Тыңдаш, Қайыркен, тойдан кейін ештеңе қалмады ма?... Шампан, шарап дегендей...
– Жоқ, ештеңе қалмады.
– Хммм... Сонда бәрін ішіп қойған ба?
– Қалғандарын тойға келе алмай қалған қонақтарға беріп жіберді.
– Хммм. Сарқыт қып па? Түк қалмады ма сонда?
– Түк те.
– Ең болмаса темекі тауып берш, үйде ұмытып кетіппін.
– Үйде ешкім шылым тартпайды.
– Өкінішті... Мәдениет дегеннен жұрдай екенсіңдер!
Әзірлеген: Досжан Мейірбек