Жаңалықтар

Қазақ тілін ана тіліндей көретін өзге ұлт өкілдері

Қазақ тілі мамандары Сергей Хван мен Ирина Суетинамен сұхбат
Қазақ тілін ана тіліндей көретін өзге ұлт өкілдері
07.09.2022 16:23 4427

Елімізде қазақ тілінде үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Тіпті олардың арасында қазақ тілін меңгеріп, қазақ тіліне курс ашып басқаларға үйретіп жүргендері де бар. Солардың бірі Сергей Хван мен Ирина Суетина. Олар қазақ тілінде өз ана тіліндей сөйлейді. Айтуларынша, қоғамда қазақ тілінің беделі мен қызметін арттырды мақсат етекен. Сондықтан тіл үйренудің оңай тәсілдері мен қызықтары туралы өздерімен сұхбаттастық.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде онлайн-мектептің түр-түрін кездестіруге болады. Соның ішінде қазақ тілін үйрететін арнайы курстар да бар. Сондай курстардың авторларының бірі – Сергей Хван.

Сергей ұлты кәріс, Өзбекстанның Ташкент қаласында туып-өскен. Қазақстанға 2008 жылы отбасымен бірге көшіп келген. Қазіргі таңда орыс тілімен қоса қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгеріп алған.

«Менің отбасым бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады. Қазақстанға көшіп келген соң да осы кәсіппен 5 жыл айналыстым. Кейін өзімнің саламды өзгертіп, жаңа дүниелермен айналыса бастадым. Тіл үйренуге деген қызығушылығым мен ұмтылыс пайда болды. 2017 жылы испан тілін үйрене бастадым. Бір күні Халықаралық тілдер форумында Владислав Тенмен таныстым. Ол маған қазақ тілін үйретіп, курс туралы ой тастады. Сөйтіп, осы бағытта жұмыс істей бастадым», – дейді Сергей Хван.

Қазақ тілін ана тіліндей көретін өзге ұлт өкілдері

Сонымен қатар қазақ тілін үйренуге ортасының да тигізген септігі көп екенін айтады.

«Менің қазақ достарым көп. Олар маған тілімді жаттықтыруға көп көмектерін көрсетті. Оларға да рахмет. Қазақстанға көшіп келгелі қазақтың салт-дәстүрлерімен қатар, ұлттық тағамдарынан да дәм татып жатырмыз. Менің сүйікті тағамым – қазақтың асылған ет тамағы», – деді Сергей.

Сергейдің негізгі мамандығы жол құрылыс инженері. Елордада жолдың құрылысымен айналысқан. Бірақ, бұл саланы кезіңде өзі таңдағанымен, кейін көңілінен шықпағанын айтады.

«2020 жылы пандемия кезінде мен өз бизнесімнен айырылып қалдым. Сондықтан өзімді барлық салада сынап көрдім, іздендім. Көршілеріміздің балаларына қазақ тілін үйрететін репетитолық жұмыс жасадым. 2 аптаның ішінде балалар жақсы көрсеткіш көрсеткеннен кейін өзімді осы бағытта неге сыңамасқа деген ой келді. Әлеуметтік желіде онлайн курс туралы жазба қалдырып, 50 баланы жинап, онлайн сабақты бастадым. Кейін онлайн оқытатын мамандарды жинап, жұмысымның ауқымын кеңейте түстім. Қазіргі таңда біздің мектебімізде 30 оқтушы мен 600-ден астам бала оқып жатыр. Сондай-ақ біз оқытушыларымызбен бірге тіл үйрену туралы көптеген кітап жазып шығардық. Олардың барлығы оқушыларымызға өз пайдасын тигізіп, аз уақыт ішінде тіл үйреніп шығуына өзіндік үлесін қосып жатыр», – дейді Сергей Хван.

Сергей тілді қысқа уақытта тез үйрену үшін өзінің арнайы әдістері бар екенін де жасырмады.

«Ең алдымен етістіктерді барлық шақта үйреніп шыққан жөн. Содан кейін етістіктердің түбірін ауыстырып үйреніңіз. Бұл диалогта үлкен пайдасын тигізеді және әлдеқайда оңай болады. Сонымен қатар сол тілде түсірілген фильмдерді көріп, кітап оқып және жиі музыка тыңдауға кеңес беремін», –   дейді ол.

Айтуынша, қазіргі уақытта тіл білу маңызды және ол адамның біліктілігі мен білімін арттыра түседі.

Қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны өзінің саласына айналдырған тағы бір тіл маманы – Ирина Суетина. Ирина Қазақстанда туып-өскен. Ұлты – украин. Қазіргі таңда Орал қаласындағы мектептердің бірінде қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстаз.

«Менің ұлтым украин болғанымен тілін мүлде білмеймін. Менің өскен өңірімде өзге ұлт өкілдері болмады. Сондықтан қазақ мектебінде оқыдым. Бала кезімнен қазақ тілін жақсы көріп оқыдым. Тілге деген қызығушылығым жоғары болды. Осы сала бойынша жоғары білім алып, қазіргі таңда бастауыш сыныптарға қазақ тілінен сабақ беремін. 11 жылдық еңбек тәжірибем бар», - дейді Ирина.

Мемлекеттік тілді білу әр азаматтың парызы деп біледі. Сондықтан азаматтарға тіл білуден қашпау керектігін айтады.

«Тіл білгеннің пайдасы көп. Тіл білгеннен жамандық көріп жатқан жандарды кездестірмеппін. Өзім қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білемін. Сонымен қатар тағы бірнеше тіл үйрену мақсатым бар. Мемлекеттік тілді білу біздің парызымыз. Ол біздің ұлтқа, халыққа, жерге және тілге деген құрметіміздің белгісі болып табылады», – дейді ол.

Ирина ұстаздықпен қатар, қуыршақ өнерімен айналысады. Түрлі қуыршақтар тігіп, оларды безендіріп болашақта қуыршақ театрын ашуды жоспарлап жүр. Дегенмен, бұл бастаманы жалғастыру үшін көп еңбек керегін айтады.

«Тіл үйрену үшін ең алдымен балаға аудитория және қызығушылық керек. Сондықтан қызығушылық пен аудиторияны бала үшін қамтамасыз етуде қуыршақ өнерінің пайдасы тиер деп сенемін. Балалармен жұмыс істеген соң, олардың қызығушылығы да мен үшін маңызды. Негізінде қуыршақ өнеріне қызығушылығым бұрыннан бар. Енді соны жандандыруды жоспарлап отырмын. Өзім көптеген қуыршақтардың түрлерін тігіп, олады безендіргенді ұнатамын. Қуыршақтарды балаларға көрсетіп, олардың да қызығушылығы бар екенін байқадым. Менің егіз қыздарым бар. Оларға да осы жұмысым ұнайды», – дейді Ирина.

Сондай-ақ ол қуыршақ театрының көмегімен кішкентай балаларға тіл үйрету оңай болады деп ойлайды. Мұны шетелдік тәжірибеде де сынап көргендер бар екен.

«Бұл менің жай ғана арманым болғанымен ол еліміздегі тіл мәселесінің шешілуіне өзінің аз да болсын септігін тигізер деп ойлаймын», – дейді Ирина Суетина.

 

Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан



Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға