Жаңалықтар

Қазақтардың келесі Кіші құрылтайы 2019 жылы Ташкентте өтетін болды

Қазақтардың келесі Кіші құрылтайы 2019 жылы Ташкентте өтетін болды
10.12.2018 04:15 3376

7-9 желтоқсан аралығында Омбы қаласында «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ұйымдастыруымен Ресей қазақтарының аймақтық құрылтайы өтті. Кездесудің басты мақсаты – халқымыздың рухани-мәдени құндылықтарының даму мәселелерін көтеру және талқылау болатын. Шара міндеті – Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал ету.

Аймақтық құрылтайды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ашты. Шетелдік отандастарға арнаған алғысөзінде ол тарихи отанның қазіргі жағдайы, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы жетістіктері, ДҚҚ мен «Отандастар» Қорының бірлескен қызметі жайында баяндады. Зауытбек Тұрысбековтың айтуынша, аталмыш жұмыс қазақ жастарының дамуына бағытталған. 

Зауытбек Тұрысбеков – Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының Бірінші орынбасары: «Ендігі жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланды. Демек, жастарымызды дамытып, солардың төңірегінде жұмыс істеуіміз керек. Мәселен, келер жылы осы мақсатта Ресей елінде бір пилоттық жоба бастауға ниеттіміз. Мұндағы міндет – жастарды біріктіру».

]

Өткен жылы Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттері жайында Қор вице-президенті Талғат Адуов баяндап берді. Оның айтуынша, ұйым қызметі шетелде тұратын және тарихи отанына оралған отандастарды қолдауға бағытталған. Өз сөзінде Қор вице-президенті қазақстандықтар мен шетелдік қандастар арасында байланыс орнату мен ақпараттық алмасуға арналған әлеуметтік интернет-платформалар бойынша жоспарлы жобаларға ерекше тоқталып өтеді. 

«Келер 2019 жылы отандастарымызға консультациялық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін онлайн байланыс орталығын пилоттық нұсқада іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол жоба қоғамдық қабылдау принципіне сай, сонымен қатар интернет-кеңістікте де жұмыс істейтін болады. Тегін байланыс телефоны арқылы елдегі және шетелдегі отандастарымыздың кез келген сауал-сұрағы бойынша консультация алуына мүмкіндік жасамақшымыз.

Тағы бір жобаны «Болашақ» бағдарламасы аясында әзірлеу жоспарланып отыр – талантты жастарзға шетелдік университеттерде оқуға мүмкіндік беретін «Отандастар» шәкіртақысын тағайындамақ ниеттеміз», - деді спикер.

Аймақтық құрылтайға Ресейдің 25 аймағынан келген қазақтар қатысты. Мұндағы этникалық диаспора өкілдері шамамен 1 миллион адамды құрайды. Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас аймақтарда тұрады. Ең ірі қазақ диаспоралары Астрахан, Орынбор, Омбы және Саратов облыстарында. Құрылтайға жиналған қазақтың барлығын дерлік тіл мен мәдениетті сақтау, білім потенциалын арттыру мәселелері толғандырады.

 «Жырақта жүрсек те, жағдайымыз жақсы. Тек бір ғана мәселе бар – ана тілінде сөйлейтін жастарымыз аз. Мәселен, Ресейдің барлық өңір-аймағында бірдей қазақ тілі пәні жоқ. Осы мәселені қазір көтеріп жүрміз. Ана тілімізді қалай да сақтап қалуымыз керек», – дейді Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдение Автономиясының Президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев.

Ана тілін сақтау мәселесіне қатысты сауалға «Отандастар» Қоры мен ДҚҚ мүшелері осы мақсатта бірігіп іске қосып жатқан арнайы жобалары туралы айтып берді. Солардың бірі шетелдік қандастарымыздың балаларын оқытуға бағытталған. Жоба демалыс уақытында олардың Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алуына мүмкіндік береді. Өз кезегінде, қазақ тілін меңгеруге арналған қолжетімді тегін мобильді қосымшалар, онлайн-курстар және интернет-ресурстар туралы Мемлекеттік тілді дамыту Қорының директоры Азат Шәуеев айтып берді. Рухани құндылықтарды сақтаудың, қасиетті тарихи жерлерді зерттеу мен насихаттаудың, Қазақстанның мәдени-туристік кластерлерін дамытудың маңыздылығы турасында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы Директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев баяндады. Құрылтай барысында Ұлы Отан соғысында ерлік танытқан отандастарымыз туралы «Отан үшін отқа түскендер» фильмі көрсетілді. Шара қазақстандық әртістердің қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды.

Шетелде тұратын қазақтардың кіші құрылтайлары жыл сайын Қазақстанның Қоғамдық даму Министрлігі қолдауымен өткізіледі. Шара қазақ диаспораларының төл мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап қалуына бағытталған. Келесі аймақтық құрылтайды Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға