Жаңалықтар

Қазақстанның шығысындағы бірегей этнографиялық ауылға танымдық-ғажайып саяхат

Қазақстанның шығысындағы бірегей этнографиялық ауылға танымдық-ғажайып саяхат
12.04.2019 04:55 8420

Шығыс-Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – қала тұрғындарының қыдырып, серуендейтін саябағы кейпіндегі сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты қорық-мұра­жайының негізінде салынған теңдесі жоқ ашықаспан астындағы Этноауылды атауға әбден болады.

Өскеменді қақ жаратын Ертістің солжағалауындағы Этноауыл Қазақстанда алғашқы болып бой көтерген зәулім жоба. Оның аумағында 16 дәстүрлі этностардың үйлері жайғасқан – қазақ, орыстан бастап, кәріс, неміс, шешен, татар, ұйғыр, өңірде өмір сүріп жатқан дәстүрлі ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Қала көркіне көрік қоса түскен жалпы аумағы 10 гектарды алып жатқан ұлт өкілдерінің сонау XIX-XX ғасырлардан бастау алатын үй-жайларынан сыр шертетін 12 қонысы мен жеке тұрған 6 нысан этностардың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тұрмыс-тіршілігінен толық қанды мағлұмат береді. Уақыт айырмашылығы көзге бірден байқалады. Үйлердің алдындағы шағын анықтамашықтарда қай қоныстың қай кезеңде, дәуірде салынғандары жөнінде егжей-тегжейлі жазылған. Олардың құрылысы мұрағаттар мен ғылыми әдебиет материалдары бойынша жүзеге асырылған.

Жәдігерлердің басым көпшілігі тұрғындар арасынан жинастырылып, топтастырылғаны көзге бірден түседі. Үйлерге кірсеңіз, дәл сол өткен дәуірге тап болғандай ғажап әсер аласыз.

Бір сөзбен айтқанда, сырға толы сарқылмас тарихтан сусындаудың оңтайлы сәті осы жерде топтастырылған.

Егер тарихшы-этнографтар келе қалған жағдайда Этноауыл зерттеулер жүргізудің таптырмас қайнар көзі болары даусыз.  

Жалпы саябақ аумағы қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс орындарын қоса алғанда 30 гектарға жетіп жығылады.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев этноауылдың құрметті қонағы болып, бар сән-салтанатымен салынған этноауылға жоғары баға беріп, оң тәжірибені бүкіл елге таратуға тапсырма берген еді. Жылсайын этноауыл негізінде халықтарды жалпыұлттық біріктіруге бағытталған қоғамдық-саяси, мәдени-жаппай шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп келеді.

Аталмыш Этноауыл сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тұсында салынып, Қазақстандағы ең үлкен этноауыл деген атаққа ие облды. Бүгінгі таңда мұнда этнографиялық және қала тұрғындарының демалысына арналған ұзын саны 100-ден астам нысан тұрғызылған.

2008 жылы этнографиялық ауылға қаладағы саябақтардың біріндегі хайуанаттар бағы көшірілді. Саябақ бес жүзден астам өсімдік түрлерімен толықтырылды – райхангүл, қызғалдақ, самырсын, долана, қараған, тал, бадамгүл, жапон айвасы, лалагүлше, құртқашаш, сәлдегүл, алма ағаштарын атап өтуге болады.

Солжағалық кешеннің жобасы әубаста іске асырылғанда ашық аспан астындағы мұражайға ағаш, тас сәулетшілігі мен археология ескерткіштері тұрған жерлерінен көшіріп әкелу немесе дәлме-дәл көшірмелерін салу арқылы қалпына келтірілді, сондай-ақ іс жүзінде кездесетін табиғи ландшафтардың үлгілері (шөлдала, дала, орман, тау) жасалып, мәдени ландшафтардың айрықшаланған үлгісі қалыптастырыла бастады.

Кезінде этномәдени бірлестіктердің басшылары жабылып Этноауыл аумағын абаттандыру және үйлерді ұлттық нақышта безендіруге қолдан келген көмектерін аямағаны да белгілі.

Этноауыл мереке-мейрамдар кезінде, қалаға сыйлы қонақтар келгенде, оқушылар мен студенттер танысу мақсатымен саяхат жасаған кезде ерекше жандана бастайды. Ал ондай кездер бұл жерде артығымен жетеді. Себебі 16 ұлт пен ұлыстың мереке-мейрамдары кезінде саябақ іші ән мен күйге толып, әртүрлі концерттік бағдарламалар ұсынылады. Мерекелерге арналған жиын-тойларды өткізетін арнайы алаңқай үнемі іс-шаралар өткізуден босамайды. Осындағы алыстан көзге бірден көрінетін Абай үйі ірі жиындар өткізетін бірегей жерге айналған. Мұнда облыстық және республикалық мәдени шаралар жиі өтіп, түрлі конкурстардың қорытындысы шығарылады.

Этноауыл аумағында сонымен қатар арнайы шеберхана да ашылған. Онда әр ұлт өкілдері өздеріне тән қолөнер түрімен айналысуға мүмкіндік алып отыр.

Шеберлер мен ұсталар бас қосқан шеберханада өскелең ұрпақты түрлі ұлттық бұйымдар жасауға баулудың жақсы мүмкіндігі жасалған. Ұстаханада өнерге бауланғысы келетіндердің саны жыл санап артып келетінін Этноауыл басшылығы мақтанышпен айтады.

Жас жеткіншектер Этноауылдағы бұйымдарды қолдарымен жасаған заттармен толықтырып, ұлттық дәстүрге баулып, кәсіптік те білім алғандарына дән риза. Жастардан бұрын аға ұрпақ өкілдері де шеберхана табалдырығын тоздырып, көп нірсеге үйренуде.

ХІХ ғасырдың соңындағы орыс кеншілерінің үйі, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы поляк, ұйғыр қоныстары мен сол ғасырдың орта шеніндегі татар, өзбек, армяндардың дәстүрлі үй-жайларының үлгісі, еврей мен шешеннің, өзбек пен қырғыздардың тұрақтары мен қонысжайлары саяхаттаушыларды бейжай қалдырмасы анық.

Этнографиялық ауылдан бөлек саябақ аумағында қала тұрғындарының назарын өзіне бірден аударатын Ертістің қорық ішіне қарайтын бөлігін аралайтын арнайы қайық стансасы, өткен ғасырдың ескерткіштер аллеясы тағы бар.

Айтпақшы, Ертістің құм төселген жағалауына жаз айларында шомылған тұрғындардың қарасы ешқашан азаяр емес. Тұтас аумақты – 30 гектар жерді – емін-еркін қыдырып, аралап серуендеу үшін демалушыларға шағын пойыздар ұйымдастырылған. Ал балалардың Ертегі әлемі өскемендіктердің отбасыларымен жиі келетін демалыс орнына айналған.

Этносаябақ жыл өткен сайын өсіп, көркейіп, дамып, кемелдене түсуде. Қазіргі облыс басшысы Даниал Ахметов саябақтың дамуы мен жетілдірілуін ерекше бақылауда ұстап, жергілікті бюджет есебінен тиісті қаржылай көмек те беріп отырғанын айта кету керек.

Ауқатты қазақтың тұрағы. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезеңі

Бес бөлмелі, екі еңісті жайпақ төбесіне топырақ себілген, терезесі шыныланған отырықшылдық тұрғын үйдің бұл жарқын мысалы. Бұл бай қазақтардың жезбен (латунь) жапқан шатыржалды төбесі бар үйді тұрғыза алғанның айқын көрінісі іспеттес. Тұрғын үйге тошала (сарай, чулан) көршілес тұр. Мұндай үйлер ағаштан, тастан, шикі кірпіштен соғылған, демек мұндай үлгіде баспана салынатын жерде көп кездесетін табиғи материал болған деген сөз.

Қоржын іспеттес үй немесе бір-біріне қарама-қарсы бөлмелері бар бөрене үй. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы

Қоржын үй (бір-біріне қарама-қарсы үй) – екі камералы үйден үш бөлмелі үйге ауысқан ортаның жарқын көрінісі. Мұндай баспана қоржын үй деген атауға қазақ қоржындарының үлгісіне қатты ұқсас болғандықтан аталып кеткен деген болжам да бар. Ағаш үйлер таулы және орманды аймақтарда, нақтырақ айтқанда Катонқарағай жерінде көп кездкескен. Халықтың әл-ауқатты жағы үйдің төбесін жұқа тақтаймен бекіткен. Адам тұратын бөлмелердің төбесі екі құлама тақтай шатырмен бөлек-бөлек жабылып, дәліздің төбесіне бір шатыр қиғашынан төселген. Тұрақтың құрамына ағаштан көтерілген құрылыстар: алғы бөлме, қозы қамайтын бөлме, тауық қора мен мал қора енген.

Тастан тұрғызылған үй. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі

Ертіс өзенінің алқабында мекендеген қазақтар сол жерлерде көп кездесетін табиғи материалдан, оның ішінде тастан тік бұрышты баспаналарды мол салған. Олар іргетассыз қаланып, шатыры екі еңісті, жалпақ боп келген, өзек-сабақтармен және шыбықпен көмкерілген төбесіне топырақ үйілген. Терезелері кішкентай, едені тығыз нығыздалған қара жер немесе саз-батпақ болған. Үй көп жағдайда екі бөлме мен ас ішетін бөлмеден тұрған. Тұрғын бөлмелер мен шаруаға қажет құрылыстар сақтайтын орын (мал қора мен жабық аула) бір шатырдың астында жайғасып, ортақ бір есік болған. Мал қораға көршілес шөп жинайтын тас шарбақты дуал орналасқан.

Тошала немесе сарай. ХІХ ғасырдың екінші жартысы

Қазақ халқының отырықшы екенін дәлелдейтін баспаналардың ең көне түрлерінің бірі тошала немесе шошала (сарай, чулан) деп аталады. ХІХ ғасырдың екінші кезеңінде көп жағдайда ас ішетін үй, қойма немесе жалшы-малайлар тұратын баспана түрінде қолданылған. Түр-әлпетімен киіз үйге қатты ұқсайды. Қабырғалары таспен тұрғызылған. Ортасына 4 тіреуіш орнатылып, жоғарыға көлденеңінен ағаштар байланған. Ол ағаштардан қабырғаларға қарай қадалар төселіп, олардың үстіне байланған бума баулар, шыбық, шөп жайылған. Ондай төбенің жоғарғы жағын шым кесектермен жауып, топырақ сепкен. Төбенің ортасынан төртбұрышты жарық-тесік қалдырған. Оның астыдандағы еденге үш аяқты пеш орнатқан. Тошаланың ішкі безендірілуі кәдімгі киіз үй жасауынан ешбір айырмашылығы жоқ десе де болады.

Дүкен немесе ұстахана. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезі

Бес құлама қиық конусты ағаш шатырлы және терезесі мен ауыз үйі бар бесбұрышты ағаштан жасалған баспаны түрі Ұстахана немесе дүкен деп аталады. Бір есікті. Түтін жүретін жолы бесбұрышты ағаш қақпақпен бекітілген. Киізге ұқсас баспанадан тік қабырғалы тұрғын үйге ауыспалы-төкпелі кезеңде пайдаланылған мекен жай боп табылады. Пеш ортада тұрады. Үйдің зат-мүліктері дәл киіз үйдегідей жабдықталған. Алтайдың барлық жерінде дерлік дүкендер (кузница) бертін келе жазда отыратын жеңіл-желпі үй, шаруашылық үйжайлар түрінде қолданылып келді. Едені тақтаймен төселген.

Орыстардың ХІХ – ХХ ғасырлардағы баспаналары

Ескідәстүршіл шаруалардың баспаналары. ХХ ғасырдың басы

Баспана – екі қабаттық  байланыс. Бөренеден тұрғызылған үй, бұрыш сыртына бекітілген, салмаларға нығайтылған екі еңісті ағаш шатыры бар. Бірінші қабатта ас үй немесе (изба), тұрғын бөлме (пристен), екі жертөле (землянка, жылытылмайтын қойма ретінде пайдаланылатын бөлмелер), ауыз үй бар. Екінші қабатта изба, қонақ бөлме (горница), сенек (сени), самалдық (балкон) пен үйдің ен бойына созылған ұзын самалдық (галерея) бар. Тұрғын бөлмелер орыс пештері мен голландкамен (кірпіш пеш) жылытылған. Тұрғын бөлмеде пешпен қатар палати қойылған. Үйдің жанында қамбашасы бар екі қойма орналастырылған.

Қалада тұратын байқуатты орыстың үйі. ХХ ғасырдың басы

Қалалық үй «Г» әрпіне ұқсатып салынатын болған. Қалыңдығы жиырма бес антиметр болатын самырсыннан (пихта) әзірленген бөренелерден тұрғызылған кесінді үй. Ойып қиылған. Аралық ойықтарына міндетті түрде мүк салынады, жатын бөлмелері ішінен майланады. Төбе жағы шатыржалды, бір қабат темірмен жабылған. Әдетте үйде бес бөлме және дәліз болады. Барлық баспана үш пешпен: кірпіштен қаланған екі голланд пеші мен орыс пешімен жылытылады. Балшықтан жасалған орыс пешінің ауызы ас бөлмеге қарап, тамақ жасау және ас бөлмені жылыту үшін пайдаланылған.

ШҚО халықтары және этнобірлестіктердің баспаналары

 

Татар үйі. 1950-ші жылдар

Дәстүрлі татар баспанасы жобасына Қазан татарларының құламалы екі тақтай шатыры бар ағаш үйі негіз ретінде алынған. Ауладағы дәлізден енетін қатар келген екі есіктің орналасуы мен терезелерде қақпақтың болмауы үйдің өзіндің қайталанбас ерекшелігі болып саналады.

Үй екі бөлмелі әрі дәлізден тұрады. Бір бөлмесі «қара үй» деп аталса, ол әйелдер жағы, екіншісі «ақ үй» немесе қонақ бөлме деп аталған. Әйелдер жағында ас мәзірін әзірлеуге арналған қара қазаны бар пеш болса, ал қонақ қабылдайтын бөлмеде кірпіштен тұрғызылған голланд пеші жайғастырылған.

Белорусстардың баспанасы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

 

Бір біріне қатысы жоқ құрылыстары бар аула көзге бірден түседі:

Ұштары бұрышында шығыңқы боп қиюластырылып бекітілген, іргелі жерқойма жалғауы бар ағаш үй (хата). Қоймасы (каморасы) бар дәліз бен екі бөлмеден тұрады. Ағаш үйдің табаны тас. Үсті екіеңісті боп ағашпен көмкерілген. Үйде саздан жасалған орыс және жантайып жататын орны бар пеші (грубка) бар.

Үсті жабық шаруашылық аула сарай үш қора мен поветьтен (малға арналған қора) тұрады. Аулада «тырна» құдық орналасқан.

Украин халқының баспанасы (Хата). ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Өзара еш байланыспайтын құрылыстары бар аула. Хата қарағайдан жасалған, бөренелердің ұштары қылтиып шығып тұрған жерінде қиюласқан. Жобасы («дәліз арқылы екі хата») коморасы (үйшігі) бар сенек пен екі бөлмеден тұрады.

Хата тапалдау, таспа тәрізді іргетасқа қойылған. Қабырғалары сырты мен ішінде сазбен лайланып, әктелген. Терезесі мен пеші өрнектелген. Баспананың шатыржалды үсті жағы қамысталған. Шаруашылық құрылыс – малға арналған қора (поветь) қаша (загон) арқылы екіге бөлінген. Қабырғалары шарбақты, үсті жағы шатыржалды, тіреуіштерге тіреліп, қамыспен жабылған.

Поляк халқының баспанасы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Өзара байланысы жоқ құрылыстар ауласының көрінісін береді. Ағаш үй, бөренелерден бекітілген, бұрышы қылтиған. Қабырғалар табиғи таспен салынған  іргетасқа тұрғызылған. Кірпішпен шатырланған, жартылай шатыржалды. Үй үш тұрғын жайдан тұрады: ас үй, қойма мен екі дәліз.

Үйде екі есік бар: негізгі есік пен аула жақтан кіретін есік. Ауладан дәліз арқылы шатырға шығатын жол бар, ол жақта шөп не болмаса астық жинақталып, сақталған. Шаруашылық құрылыс (стодола) – шөп және шаруашылық мүкәммал (имущество, инвентарь) сақтауға арналған қора.

Шешен халқының баспанасы - тұрғын мұнарасы. XIV-XVII ғасырлар аралығы

Баспананың мұндай үлгісі Шешенстанның таулы аймақтарына тән. Оның пайда болуы шешендердің өз өзін қорғау мен қорғану қажеттігімен байланыстырылады. Тұрғын мұнара – тастан қаланып, 12 метр биік болатын кең үшқабатты құрылыс.

Мұнараның бірінші қабаты (божал – қора) малға, астыққа, жерқоймаларды орналастыруға лайықталған үйжай. Екінші қабат – әйел адамдарға арналған бөлік (зудари чё)   – ас мәзірін әзірлеп, астанатын бөлік. Үшінші қабат – ер адамдар бөлігі (божари чё). Әр қабатқа еденде орналасқан тар тесікке ағаш баспалдақ қойып ауысып отырған.

Армян халқының қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Шатыры жайма болып келген екіқабатты тастан тұрғызылған үй Арменияның таулы аймақтарында кездескен. Бірінші қабатта көмекші екі жеке үйжай: қысқы азықты сақтауға арналған жертөле және шараптарды сақтайтын қойма (гину-төле) жайғасқан. Армян халқының үйіне тән құбылыс, ол екінші қабаттағы тұрғын бөлмелердің бір бірінен бөлек орналасуы, оларға ашық балкон арқылы кірген. Алғашқы бөлме – цасасэняк (асхана), екінші – нынджасеняк (ұйықтайтын бөлме). Шаруашылыққа арналған екі үйжай – арэстаноц (шеберхана) және гом (мал қора) деп аталады, олар үйге қатарлас тұр.

Әзірбайжан халқының баспанасы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Баспананың аталмыш үлгісі Әзірбайжанның Солтүстігіне тән. Бір қабатты үй жайпауыт тастан жасалып, жабынқышпен жапқан екі еңісті шатыры бар, айнабэнд (ашық балкон) пен төрт бөлмеден тұрады: мэтбэхт (шаруашылық), ятаг отагы (ұйқы), истирахат отагы (демалыс) және гонак отагы (қонақ).

Әзірбайжан баспанасына тән ерекшелік сол, ас мәзірі үйдің ішінде емес, жеке тұрған жазғы үйде әзірленіп, оның тяндирге (балшықтан салынған пеш) арналған жаппасы және ас дайындауға арналған ашық ошағы бар.

Еврей халқының баспанасы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Үй шығыңқы іргетасқа отырғызылған, 4 бөлмеден тұрады: салтанат, ұйықтайтын, ас және баланың бөлмесі, олардың есіктері анфиладалы (есіктері бір сызықтың бойында орналасқан, бірі арқылы біріне жалғасатын қатар тұрған бірнеше бөлме) болып келеді. Бұл еврей халқына тән ерекшеліктердің бірі. Салтанат бөлмесіндегі шығыс жақтағы қабырғада сыланбаған аумақтың болуы тағы бір ерекшелікке жатады, ол қираған Иерусалим храмын еске салуды көздейді.

Төбесі алып-салынатын ашық тақтай веранда (куща) Суккот мерекесінде пайдаланылған (Мереке атауы — суккот «шатыр», «кішкентай» немесе «бұта» деп аударылады, үйді қауіп-қатерден сақтайды деген ырым-нанымға сүйенген). Суккот кезінде шатырда жеті күн түнеу туралы аңыз да жоқ емес. Оған сәйкес, адам баласы кедейлікті есінен шығармауы үшін бай болған күннің өзінде мақтанбауы керек деген ұғымда пайдаланылған. Үйдің бұрышындағы бөлігі үймен ортақтас шатыр астындағы ашық галереяның көрінісін елестетеді.

Неміс халқының қонысы. ХХ ғасырдың ортасы

Барлық үйжайлардың бір шатырдың астына жайғастырылуы неміс баспанасының басты ерекшелігі. Қоныс тұрғын үйден, жерқоймадан, құдық пен екі шаруашылық құрылысы бар төбесі жабылған аулашадан тұрады.

Неміс үйлерінің ірге жағы далаға немесе көшеге қаратып салынған. Үйдің сырт жағы фахверк (құрылыс сыртынан салынатын қорғаныш конструкцияның қаңқасы) бойынша безендірілген. Германиядағы немістер үйлерін дәл солай тұрғызатын болған. Үй салтанат, ұйықтайтын және ас бөлмелер мен верандадан (дәліз) тұрған. Ас үйде тамақ жасауға және үйді жылытатын пеш орналасқан. Салтанат бөлмеде кірпіштен салынған голландка пеші орналастырылады.

Корей халқының баспанасы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Мысалы, кәріс халқының қонысжайына назар аударсаңыз, олардың жеміс-жидек, көкөніс өсіріп, егін шаруашылығына жақын екенін, үйлерін безендіру кезінде өзіндік шығыстық мәнерді ұстанатыны, әр іске ұқыптылықпен қарайтынын  әбден байқауға болады. Бір айта кетерлігі, осы баспаналардағы жәдігерлер басым көпшілігі баспаналардың тарихи сипатына тура сай етіп жасалған.

Дәстүрлі корей үйі (ханок) табиғи материалдардан: қарағайдан, тастан, саз балшықтан жасалған. Жылу беретін бірегей жүйе (ондоль) тұрғын үйдің басты ерекшелігі. Корейлер шиден тоқыма немесе жұқа мақта матрас жайып, жылы қарағай полда жатып, отырғанды таңдаған. Сыртқы есіктері қосылмалы, жылжымалы. Ағаштан жасалған терезелердің қақпақтары болмаған. Дәстүрлі шатырының шеті жоғарыға майысыңқыраған, жабынқышпен төселген. Баспанада үш тұрғын бөлме және ас үй бар, екі жатын бөлменің ағаш террасаға шығатын бөлек есігі болады. Аулада орналасатын құрылыстарға көлік құралдарын сақтауға арналған орынжай, қойма, қора, диірмен кіреді.

Ұйғыр халқының қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы

Баспананың басты ерекшелігі – бір шатыр астында тұрғын жайлармен бірге шаруашылық құрылыстар – азық-түлікке, ұн мен астыққа арналған екі қойма (сан), үйге керек-жарақтарға арналған қазандық, мал ұстайтын екі қора (егил) мен пешке арналған үйжай (тону) орналасқан. Қонақ бөлмеде және ас үйде (ашхана) ағаштан жасалған еден болса, басқа жағында еден саз-балшықтан құйылған.

Жатын бөлмелердің қабырғаларына қуыс (оюк) жасалған. Ұйғыр үйлерінің есіктері біржаппалы, қақпалары екіжармалы болып келеді. Жылытатын қондырғы (кан) бүкіл тұрғын бөлмені қыздырады. Әдетте пеш саз-балшықтан немесе кірпіштен қаланады.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға