Жаңалықтар

Қазақстанның 2 млн тұрғыны латын графикасындағы әліпбиге негізделген тұңғыш жалпыхалықтық диктант жазды

Қазақстанның 2 млн тұрғыны латын графикасындағы әліпбиге негізделген тұңғыш жалпыхалықтық диктант жазды
14.11.2018 02:55 1650

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында басталған диктант жазуға белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әртістер мен спортшылар қатысты.

Олардың арасында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұқамедиұлы, белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қазақстандық әртістер Майра Мұхамедқызы, Роза Мұқанова, Қонысбай Әбілов тағы басқалары бар.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы диктантта 3-4 қате жібергенін айтты. «Басында жылдам жазуға тырысып, 3-4 қате жіберіп алдым. Әсіресе, і мен и, ы мен у әріптерінен жаңылдым. Жалпы өзім ағылшын тілін білемін, сол үшін әріптерді жазу қиын болған жоқ. Смартфонда да латын графикасын жиі қолданамыз. Бүгінді диктантыма 5- деген баға беремін. Барлық отандастарымды латын қарпіне тезірек көшуге шақырамын», - деді министр журналистерге.

Айта кетейік, жалпыхалықтық диктант бір уақытта өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өтті. Ұзақтығы – 30 минут.

Диктанттың тақырыбы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрды. Диктант аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алды.

Сондай-ақ, қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау Астана уақытымен сағат 11.00-де emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және «Қазақ радиосы» арналарында тікелей эфирде қолжетімді болды.

Шараның мақсаты - жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін іс жүзінде меңгеруге дағдыландыру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға