Қазақстаннан Вьетнамға тікелей әуе рейсі ашылды
Қазақстан мен Вьетнам арасында тікелей рейстің ашылуының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Вьетнам Социалистік Республикасының Вице-президенті Во Тхи Ан Суан ханым қатысты. VietJet Air вьетнамдық авиакомпания 2022 жылдың 25 қазанынан бастап Алматы - Нха Транг бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастайды.
Аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, сенбі) А-330 типті әуе кемелерімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Vietjet Air 2022 жылдың 25 желтоқсанынан бастап Астана – Нха Транг бағыты бойынша ұшуларды бастауды жоспарлап отыр. Рейстер А-330 типті әуе кемелерімен аптасына 2 рейс жиілігімен (дүйсенбі, бейсенбі) орындалатын болады.
Сонымен қатар, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтің вьетнамдық Vietjet Air авиакомпаниясының вице-президенті Чу Виет Цуонг мырзамен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуе қатынасы мәселелерін талқылады. Қазақстандық тарап Vietjet Air әуекомпаниясына Қазақстанға рейстерді іске қосуға және ұлғайтуға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.