Жаңалықтар

Қазақстандықтардың орташа жалақысы өсті

2021 жылға қарағанда 24 пайызға өскен.
Қазақстандықтардың орташа жалақысы өсті
Фото: inbusiness.kz 10.08.2022 01:26 1567

Қазақстанда биылғы жылдың екінші тоқсанында атаулы орташа жалақы 312 мың теңгеден астамды құрады, деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті.

– 2022 жылғы ІI тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 312 011 теңгені құрады. 2021 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 24%, нақты мәнде – 8,9% құрады. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2022 жылғы ІІ тоқсанда бағалау бойынша 196 728 теңге болды, - делінген бюро мәліметінде.

Бір жылда жалақының ең жоғары өсімі құрылыста байқалды – 35,5%. Сондай-ақ еңбекақы көлік және қоймаға орналастыру саласында – 34,8%, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 28,3% жоғарылады. Жалықы ең аз өскен салалар: денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 12,1%, түрлі қызмет көрсетулер – 3,9%.

Өңірлер бойынша айлық еңбекақы ең көп Қызылорда облысы тұрғындарында көтерілген – 31,3%. Ең төмен өсім Нұр-Сұлтан қаласында байқалды – 14,2%, бұл ретте нақты мәнде (бағаның өсуін ескере отырып) 0,1 пайыздық тармаққа төмендеу байқалды.

– Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есебі негізінде есептеледі. Орташа мән қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салық пен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады. Медиана жалақысы – есептелген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер санын бөлгендегі қатардың тең ортасында тұрған және сол мөлшерді екіге бөлетін (одан көп және аз) жалақы мөлшері, – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға