Жаңалықтар

Қазақстандықтар татар тілінде диктант жазды

Қазақстандықтар татар тілінде диктант жазды
22.10.2019 12:44 2996

Қазақстандықтар халықаралық «Татарча диктант» акциясына үн қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан бойынша аталмыш сауат ашу шарасына 314 адам қатысқан.

Бір мезгілде татар тілінде диктант жазу еліміздің 11 аймағында өткізілді. Бұл шара аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей, Орал және Шымкент қалаларында диктант жазу алаңдары ұйымдастырылды. Дәстүрлі шараға айналған «Татарча диктант» акциясы халықаралық деңгейде осымен төртінші жыл өтуде. Ол Ресей Федерациясы мен Татарстанда ғана емес, сондай-ақ, әлемнің Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Англия, Канада, Болгария, Германия секілді 11 мемлекетінде бір мезгілде ұйымдастырылған.

Қазақстандықтар татар тілінде диктант жазды

Бұл акция татар тілін білу деңгейін тексеруге ғана емес, сондай-ақ, татардың ұлы қаламгері Мұса Жәлелдің тілінде сауатты жазу мен оқу дағдысын дамытуға арналған. Диктант жазуға кез-келген ниет білдірген адамның қатысуына мүмкіндік беріліп отыр. Яғни оған татар немесе онымен туыс башқұрт ұлты ғана емес, татар тілінің әуезді үніне қызыққан кез келген этнос өкілі қатыса алады. Жобаның ұйымдастырылуына Татар жастарының бүкіләлемдік форумы, «Татарлардың бүкіләлемдік конгресі» халықаралық одағының атқарушы комитеті, Татарстан Республикасының жастар ісі жөніндегі министрлігі, Қазан Федералды университеті, Филология және мәдениетаралық коммуникация институты мұрындық болған. Ал оның Қазақстан аумағында өткізілуіне Нұр-Сұлтан қаласының «Дуслык» татар білім беру орталығы жанашырлық танытты.

Диктант мәтіні ретінде Татарстанның жергілікті тұрғындары үшін Фаузия Байрамованың «Болын» повесі таңдалып алынса, Ресейліктер мен шетелдіктерге Ғазиза Мухаметшинаның «Саумысыз, аккошлар» шығармасы ұсынылды.

Қазақстандықтар татар тілінде диктант жазды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан бойынша Ақтөбе және Семей өңірлерінде ұйымдастыру жұмыстарының жүйелілігінің арқасында қатысушылардың саны да артық болған. Мәселен, Ақтөбеде диктант жазуға 44 адам білек сыбанса, Семейде ниет білдірушілердің санының көптігіне байланысты диктант жазу үш жерде ұйымдастырылып, оған 82 адам қатысқан. Семей қаласында диктант дәстүрлі түрде Габдулла Тоқайдың «Туған тел» өлеңінің сөздерімен басталды. Сондай-ақ, ұлт тілінің жанашырлары, абыз ақсақалдар Габдулгазиз Ахмеров пен Рашид Хасанов қатысушыларға сәттілік тілеп, бата берді. Ал шара соңында диктант жазушылар белсенділігі үшін орталықтың Алғыс хатымен марапатталды. «Диктант жазуға тек татарлар мен башқұрттар ғана қатыспады. Сондай-ақ, татар тілінде сауатын тексеруге өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытты. Ұлттар арасындағы бір-бірінің тілі мен мәдениетіне деген қолдау шын қуантады», - дейді бұл туралы Семей қаласының татар клубының жетекшісі, татар тілі мен мәдениетінің оқытушысы Дилянур Ахунжанова.

Қазақстандықтар татар тілінде диктант жазды

Барлық жерде диктант мәтінін аймаққа белгілі тіл мамандары оқығанын айта кеткен жөн. Мәселен, Алматы қаласында диктантты Қазақстандық татар және башқұрт конгресінің басшысының төрағасы, профессор, ақын Гриф Хайруллин өткізді. Диктант жазу барысында әр өңірде дәстүр сабақтастығының сақталғандығының айқын көрінісіне куә болдық. Бұған айғақ, Орал қаласында Нұрия Хайруллина есімді зейнеткер диктант жазуға екі бірдей немересін жетектеп келіпті. Ал Семейде бір әулеттің үш буын өкілдері қолдарына қалам алып, сауаттарын сынға салды. Надия Вахитова диктант жазуға қызы Альфиямен және немересі Ильнарамен бірге келіп, партаға жайғасты. Көкшетауда диктант жазуға атасы мен немересі қатысты. «Бір әулеттің бірнеше ұрпақ өкілдерінің бір мезгілде ұйымшылдықпен қолдарына қалам алып, туған тілдеріне құрмет көрсетуінің өзі Қазақстанда әр ұлттың өз тілін сақтауына, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіне барлық жағдай жасалғанын дәлелдейді», - дейді Қостанай қаласының тұрғыны, татар бірлестігінің белсендісі Сиит Сария.

Сондай-ақ, Павлодар қаласының аталмыш акцияға төрт жылдан бері үзбей қатысып келе жатқанын да айтып өткен жөн. Бұл өңірде диктанттың ұйымдастырылуына қазандық жас маман Искандер Хусаенов пен қосымша білім беру педагогы Майя Иванова жанашырлық танытып келеді. «Татар тіліндегі мәтін өте әдемі болды. Оның мағынасы терең, алайда өте жеңіл оқылады. Сондықтан оған қатысушылар да еш қиналмастан, жақсы қабылдады», - дейді диктант мәтінін оқыған орталық мұғалімі Роза Серажетдинова.

Петропавл қаласы бойынша облыстық Достық үйінің алаңында ұйымдастырылған шараға 22 адам қатысты. Ал Орал қаласында 30 адам диктант жазды. «Диктант жазуға жексенбілік мектептің оқушылары ғана емес, олардың әке-шешелері, ата-әжелері де құлшыныс білдірді», - дейді ұрпақ сабақтастығының сақталғанына шын қуанған татар мәдениет орталығының жетекшісі Флюра Миликеева.

Шымкент қаласында да бұл шараға қатысушылардың қарасы көп болды. «Біздің орталық «Татарча диктант» акциясына бірінші рет қатысуда. Біз туған тілімізді қолдау үшін және өзімізді сынау үшін келдік. Өзім үшін алдағы уақытта да мұндай шараларға белсенді қатысу керек деген шешімге келдім. Себебі, біз мұндай шараларға қатысу арқылы тіліміз бен ұлтымызға деген құрметімізді танытамыз», - дейді Шымкент қаласының татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жастар қанатының төрағасы Дамир Касьянов.

Елордада акцияға этномәдени орталықтардың өкілдері, ақсақалдар, жастар, блогерлер, медиа-тұлғалар қатысты. Мәтінді қоғам қайраткері, елордалық татар-башқұрт жексенбілік мектебінің директоры Зухра Саяпова оқыды.

«Біздің міндетіміз аталмыш Бүкіләлемдік акцияға қатыса отырып, туған тілімізді қолдау, жас ұрпақтың татар тіліне қызығушылығын арттыру болды», - дейді акцияның өтуіне байланысты өз ойын ортаға салған Қазақстан татар-башқұрт Конгресінің басшысы Тауфик Каримов.

Диктант жазу барысында тағы бір қызық мәлімет белгілі болды. Қазақстан бойынша жеті жасар егіздер Регина мен Рената диктант жазушылардың арасындағы ең кішкентай дәріс тыңдаушылар болып танылды. Ал диктант жазуға қатысушылардың арасындағы ең егдесі 90 жастағы Нәйла Юсупқызы Әбдукаримова қолына қалам алып, көпшілікпен партаға отыруы арқылы тілге құрмет, жастарға үлгі көрсетті деуге болады.

«Татар тіліндегі диктант – бұл тек мәтінді көшіріп жазу ғана емес, бұл күллі әлемдегі татарлардың өзара ауызбіршілігінің көрінісі деп ойлаймын. Бұл шараны өзіңді таныту, өз біліміңді тексеру үшін де жыл сайын дәстүрлі өткізіп тұру керек деп есептеймін», - дейді «Татарча диктант» акциясы туралы интернеттен біліп, қатысуға бел шешкен журналист Тансылу Насырова.

Шын мәнінде, төрт жыл ішінде «Татарча диктант» - татар халқының ауызбіршілігін, туған тіліне деген махаббатын айқындайтын өзектілігі жоғары, маңызды халықаралық акцияға айналды.

Барлық қалаларда диктанттан кейін татар ұлттық асханасы таныстырылып, қатысушылар дастарханнан дәм татты. Акция негізінен аймақтық этномәдени бірлестіктері мен Достық үйлерінің алаңдарында ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау көрсетті. Диктант нәтижелері акцияның www.diktant.tatar ресми сайтында 1 қараша күні жария етілетін болады.

 

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға