Жаңалықтар

Қазақстандық кәрістер бұл жерді Отаным деп біледі

Қазақстандағы ұлттар
Қазақстандық кәрістер бұл жерді Отаным деп біледі
29.09.2020 13:54 18615

Әлеуметтік зерттеулер Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің 95 пайызының өздерін тұтас бір халықтың өкілі деп танитындықтарын дәлелдеді. Бұл қазақстандықтардың Елбасы мақсат еткен бір мақсат, бір мүддеге жұмылғандығын және тағдыр қосқан бір халық екендігін көрсетеді.

Бүгін біз қазақстандық кәрістер туралы әңгімелекпіз.  Деректер мен дәйектерге сүйенер болсақ, 1999 жылы жүргізілген санақ нәтижесінде Қазақстанда тұратын кәріс ұлтының өкілдерінің саны 99 665 адам деп көрсетілген. Ал арада он жыл өткеннен кейінгі санақ кәріс ұлтының елден үдере көшпегенін керісінше, Қазақстанда тамыр жіберіп, өскенін, өнгенін аңғартады. Бүгінде қазақстандық кәрістердің саны 100 000-нан асып жығылады.

Шын мәнінде, кәрістер Орталық Азиядағы өзге этностарға қарағанда тез дамып келе жатқан ұлттардың бірі. Әуел баста кәрістер ауылшаруашылығымен айналысып, ауылда тұрса,  бүгінде олардың басым бөлігі қалаларда қоныстанған. Бұған Қазақстан этностарына жүргізіліп отырған ғылыми зерттеулер негіз бола алады. Ақиқатында, кеңес кезеңінде кәріс отбасыларында бала санына шектеу болған. Бұл кейін қалаға қоныстанған жас отбасыларында да сақталған. Сондықтан демограф ғалымдар кәрістер санының артуын табиғи өсіммен емес, сырттан көшіп келушілердің қатарының көбеюімен байланыстырады.   

1937 жылы Қазақстанға депортацияланған алғашқы этностардың бірі – кәрістер. Алғашқы кәріс қоныс аударушылары біздің елімізде 19 ғасырдың соңында төбе көрсете бастаған. Бүгінгі Қазақстанда тұрып жатқан кәріс ұлтының өкілдері қиыршығыстық кәріс қауымдастықтарының жаппай саяси қудалауға ұшыраған тобының ұрпақтары болып табылады.

Қазақстандық кәрістер бұл жерді Отаным деп біледі

Тарихқа қайта көз жүгіртер болсақ, кәрістердің көпшілігі Қазақстанға негізінен Ресей аумағынан көшірілген болатын.  Мұнда кәрістер Қазақстан мен Орталық Азияға депортацияланған уақытқа дейін 75 жыл тұрмыс кешкен.  

1990 жылдың алғашқы жартысында бірнеше мыңдаған кәрістер Орталық Азияның посткеңестік кеңістігінен, оның ішінде Өзбекстаннан Ресейге қарай ағыла бастайды. Осылайша, 1990 жылдардың соңында Ресейдің Волгоград облысында кәріс ауылдары пайда болады. Алайда, Қиыр Шығыстың ауылшаруашылығында сол кезеңдерде орын алған экономикалық қиыншылық, жергілікті билік пен тұрғындардың жағымсыз көзқарасы кәрістердің жаңа қоныс іздеуіне себеп болады. Осылайша, оладың көбісі өзінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайтып барса, бірқатары ұлттар татулығы мен бірлігіне басымдық берген, болашағы үміт күттірген Қазақстанға ат басын тіреуге мәжбүр болады. Әлеуметтік, экономикалық, және ең бастысы, саяси тұрақтылықтың арқасында Қазақстанға өткен ғасырдың нәубет жылдарында мәжбүрлеп қоныс аударылған ұлттар, кейін бейбіт заман туып, еншілеріне еркіндік тиген уақытта да кейін қайтудан бас тартқан еді.

Алайда, демограф ғалымдар кәріс ұлтының арасында әлі де болсын бала туу көрсеткіші арта қоймағанын мойындайды. Тағы бір қызықты дерек, бүгінде кәрістер арасында қазақтармен некеге отырушылар саны артып келеді екен.  

Қазақстанға күштеп көшіріліп қана қоймай, құқықтары да шектелген кәсірстердің басым бөлігі ауылдарда тұрып, диқаншылықпен, жер өңдеумен айналысуға мәжбүр болды. Алайда, сол кезеңде кәріс колхозшыларының табыстылығы күллі Кеңес Одағына белгілі болып, олардың бірқатары Кеңес үкіметінің медальдарымен, ордендерімен марапатталған, 68 еңбекші кәріс «Алтын Жұлдыз» және Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген.  

Сталиннің өлімінен кейін кәрістерге шын мәнінде еркіндік беріліп, олардың ел ішінде емін-еркін көшіп-қонуына шектеу алынып тасталды. Кәріс жастары соқа мен кетпенді тастап, жоғары оқу орындарына түсіп, өзге де кәсіптерді игере бастады.  1960 жылдары кәріс халқының әлеуметтік құрылымында жедел өзгерістер байқалады, яғни кәрістер колхоз шаруаларынан интеллигенция, инженер-техникалық жұмысшылар, кәсіби маман тобына өсіп шыққан еді.    

Тарихи деректер кәрістер қоныстанған негізгі аумақ – Қызылорда облысы болғанын айғақтайды. Жалпы кәрістердің ұлттық театры, алғашқы «Ленин кичи» деп аталатын газеті де Қызылордада қазық қаққанын тарихи құжаттар дәлелдейді. Кәрістеге бұл кезеңде Қазақстанның күріш шаруашылығын көтеру жүктелген болатын. Урбанизация кезінде кәрістердің басым бөлігі Қазақстанның оңтүстік астанасы мен елордаға көптеп көше бастаған.

Қазақстандық кәрістер бұл жерді Отаным деп біледі

Кәрістер жалпы Кореяның түпкілікті негізгі халқы. Жалпы КҰДР (Корей ұлттық демократиялық республикасы) мен Корей Республикасындағы кәрістердің саны 82 млн-нан асады.

Кәріс тілі оқшауланған тілге жатады, өз ішінде бірнеше диалектіге бөлінеді: солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс, орталық, оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс және чечжу-до (құрлықтың атауы).

Әдеби тілі орталық диалект негізінде құрылған. КҰДР-да корей жазуы, Корей Республикасында – қытай-корей аралас жазуы қолданылады.

Кәрістердің негізгі діні – буддизм, сондай-ақ христиан дінін ұстанатындар да бар. Кәрістер Шығыс Азияның ең ежелгі ұлттарының бірі болып саналады.

Кәрістердің қазіргі мәдениетінде ежелгі ұлттық ғұрыптардың белгілері сақталып қалған. Дәстүр белгілері әсіресе, тұрмыста, ас мәзірінде, киім киісінде, күнтізбелік халықтық мерекелерде көрініс береді. Ежелгі уақыттан бастап қуыршақ театры қалыптасып, дамыған. Кәріс халқы фольклордық және аңыз әңгімелерге бай.

Дәстүрлі тұрмыстық ғұрыптары ретінде керамика өндірісін, шөп сабағынан бұйымдар өруді атауға болады. Кореяда қол өнерге көп көңіл бөлінеді.

Тегі азиаттық екеніне қарамастан, кәрістердің тұрмыс ерекшеліктері еуропалықтарға көп жақын.

Өткен жылдарда қазақстандық кәрістер бизнесте де жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Кәрістер қоғамның қай саласында болмасын белсенді қатысуда.

Бұл бірінші кезекте әрине, білім, тәжірибе және ұйымдастырушылық қабілеттің арқасы. Кәрістерді өзге этностардан олардың еңбекқорлығы, табандылығы және санқырлылығы, адамдармен тез тіл табыса алатындығы ерекшелендіреді.

Екіншіден, кәрістердің Кеңес үкіметі кезінде аграрлық салада өз еңбектерімен жиған-тергендері де бизнес бастауларына мүмкіндік берді. Үшіншіден, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің басшылықтарында болған кәрістер жекешелендіруге қатыса алды. Төртіншіден, Қазақстан мен Оңтсүтік Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жолға қойылуы, экономикалық байланыстардың динамикалық дамуы, олардың өз тарихи отанындағы кәсіпкерлермен бірлескен жобалар құруына мүмкінік берді. Бесіншіден, Қазақстанның ірі қалаларында трұратын кәрістердің жолы шын мәнінде болды, олар кәсіпкерліктің урбанизацияланған түрлерімен айналысты. Кәрістердің аз ғана бөлігі ауылдарда тұратынын айта кету керек. Олар әлі де ауылшаруашылығымен айналысуда.

Қазақстанда тұрған 80 жыл ішінде кәріс диаспорасының арасында өз интеллигенциясы қалыптасып үлгерді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, кәрістер мектепте математика, физика, химия сияқты нақты ғылымдарды жақсы меңгерген. Сондықтан мектеп бітірушілердің көпшілігі техникалық институттарға оқуға түскен.  Тәуелсіздік жылдарында кәрістер қазақ тілі мен мәдениетін игеруге ұмтылды. Кәріс ұлтының өкілдері орыс тілін жақсы меңгерген. Соңғы онжылдықтарда кәрістердің қазақ тілін білуге деген құлшынысы артып келе жатқаны аңғарылады. Мәселен, 2000 жылдардың басында кәрістер өз тіліне қарағанда, қазақ тілін жақсы білетін болып шықты.

Айта кету керек, қазақстандық кәрістер өз ұлттық киімдерін киюді үрдіске айналдырған. Базарда кәріс әйелдерінің әзірлеп сататын кәріс салаттары да көпшіліктің сүйікті астарының біріне айналған. Кәрістердің «кукси» деп аталатын лапшасы да қазақстандықтардың жеңсік астарының бірі. Алайда, зерттеушілердің пайымдауынша, өткен онжылдықтар ішінде кәрістердің кейбір дәстүрлі тағамдары өздерінің де дастарханынан жойылып кеткен.  Қазақстандық кәрістердің туған тілі – өзіндік диаспора тілі болып табылады. Коре мар – кәрістердің жасы үлкендерінің тілі, ол ауызша түрде қазақстандық кәрістер арасында отбасылық-тұрмыстық тіл түрінде ғана қолданылады.

Қайта құру мен жариялылық барлық кеңес ұлттарының өздерінің тарихына, этникалық мәдениетіне, ұлттық тіліне деген қызығушылығын тудырғаны рас. 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында туған тілін үйренуге ұмтылғандардың санының артқанын аңғаруға болады.

Кәріс тілін үйренуге деген құлшыныс дипломатиялық қарым-қатынас жолға қойылған кезеңнен басталды. Бұған Корея үкіметінің әрбір посткеңестік мемлекетте корей тілі мен мәдениетін үйрететін оқу орталықтарын ашуы мұрындық болды. Корей мәдени орталықтары көптеген корей тілі курстарын ашты. Мектепте, балабақшада, жоғары оқу орындарында кәріс тілін оқыта бастады. Корей тілін оқыту жоғарғы оқу орындарында да қолға алынды. Мәселен, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті біріншілердің қатарында өз базасынан корей тілі факультетін ашқан болатын. 2000 жылы бұл бөлімнің базасында Корей-Қазақстан ғылыми орталығы ашылды. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті корейтану кафедрасын ашты. Бұл кафедрада тарихшылар, мемлекеттанушылар, аудармашылар дайындалады.  

Қазақстандық кәрістер бұл жерді Отаным деп біледі

Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры күллі кеңестік кәрістердің мәдени-рухани орталығы қызметін атқарып келді. Қиыр Шығыстан Қазақстанға депортацияланғанына қарамастан, театр өмір сүруін тоқтатпады.

Бүгінде Қиыр Шығыстан Қазақстанға депортацияланған кәрістердің жалпы саны 2-3 пайызды ғана құрайды. Қазақстанда тұрып жатқан бүгінгі кәрістердің басым көпршілігі Қазақстанда өсіп-өнген ұрпақ. Сондықтан олардың Қазақстанды өз туған отандары санаулары да заңдылық. Бүгінде қазақстандық кәрістердің өздерінің «Корейлер үйі» бар. Мұнда Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы, «Коре Ильбо» газетінің редакциясы, кітапхана, хореография сыныбы, Қазақстан кәрістерінің жастар қозғалысы орналасқан.

Материал ашық дереккөздерден әзірленді 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға