Жаңалықтар

Қазақстанда ұйымдастырылған іс-шаралардың имидж көтерудегі маңызы

Қазақстанда ұйымдастырылған іс-шаралардың имидж көтерудегі маңызы
22.11.2016 10:50 6918

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ІС - ШАРАЛАР  ӘСЕРІ МЕН АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРДЫҢ  ҚАЗАҚСТАН ИМИДЖІНЕ ЫҚПАЛЫ

Қазақстанда ұйымдастырылған іс-шаралардың имидж көтерудегі маңызы

Қазақстан – дүниежүзінде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын, 140 этнос пен 17 конфессия өкілдеріне туған өлке болып есептелетін мемлекет. Бұл табиғи және жан – дүние құндылықтарын үйлесімділікпен, ата – баба тарихы мен ұлттық салт – дәстүріміз сақталған, үлкендерге бас иіп, бірін – бірі құрметтеген, ең бастысы – «бір ел – бір тағдыр». Қазастан Республикасы Азия мен Еуропа тоғысында орналасқан, Ресей, Қытай, Өзбекістан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерімен шектеседі. Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып, атом қаруынан бірінші болып бас тартқан мемлекет. Әлемге алманы сыйлаған ел. Уран мен астықтан бірінші орында тұрған Қазақстан.

Қазақстан имиджіне талдау жасаған кезде, мемлекеттің өмір сүруінің тарихи контекстін есепке алған жөн. Қазақстан соңғы жиырма жыл ішінде  саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан үлкен өзгерістерге ұшырады. КСРО - ның құлауы және нарықтық экономикалық принциптердің қабылдануы Қазақстанға деген әлемдік көзқарас пен халықтың арасындағы қарым -  қатынасқа түбегейлі жаңалық әкелді. Егде жастағылар өмірінің көп бөлігін сол кеңес заманында өткізгендіктен, оларға елдегі үлкен өзгерістер «ауыртпашылық» әкелді. Ал, жас буын өкілдері жаңа құндылықтар мен өмірлік принциптерді қабылдауда артық кетіп қалған жағдайлар орын алып жатты. Күнделікті өмірде өзімшілдік, мәдени шектеушілік, адамгершілік  қағидаттарына сыйластықтың болмауы сияқты сәттер көрініс тапты.

Қазақ халқының тарихи мұрасы - мәдени құндылықтары мен өзіндік менталитеті қалыптасқан қуатты ресурс. Еліміздің заманауи даму сатысындағы негізгі міндеті - осы құндылықтарды шынайы әлеуметтік үрдіске айналдыру. 

Қазақстан жаңа мемлекеттердің бірі есептелетіндектен, мемлекет имиджі маңызды рөл алады. Егер имиджді дұрыс қалыптастыра білген жағдайда, Қазақстан сияқты мемлекеттер үлкен әсері мен экономикалық, әскери, саяси күшке ие болмаса да әлемдік нарықта бәсекеге түсе алады. Қазақстан имиджімен белсенді айналысу тәуелсіздік алғаннан кейін жолға қойылды. Барлық экономиканы қайтадан құрастырып, саяси құрылымды толықтай өзгертіп, әлемдік қоғамдастыққа тең дәрежедегі құқығы бар қатысушы ретінде кіру керек болды. 25 жыл ішінде тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет толыққанды өзгеріске ұшырады.

Жыл сайын Лозанна менеджмент институты бәсекелестікке қабілетті шамамен 60 мемлекет арасында 333 көрсеткіш бойынша рейтинг (имидж-рейтинг десе де болады) құрастырады. 2015 жылғы рейтинг бойынша Қазақстан 34-ші орында. ТОП – 10 рейтингіне кіретін бәсекелестікке қабілетті елдердің 2015 жылғы IMD көрсеткішімен алдыңғы ондыққа мына елдер кіріп отыр: 

2015 жылғы бәсекелестікке қабілетті елдердің рейтингі

The IMD World Competitiveness Yearbook 2015

Рейтинг

Мемлекет

Индекс

1

Америка Құрама Штаты

100.000

2

Гонконг

96.037

3

Сингапур

94.950

4

Швейцария

91.916

5

Канада

90.410

6

Люксембург

89.411

7

Норвегия

87.915

8

Дания

87.077

9

Швеция

85.921

10

Германия

85.637

Берілген рейтинг тізімінің негізгі критерийі объективті де субъективті көзқарастар жиынтығы. Мысалы, объективті көзқарасқа экономикалық қызметін, ішкі және сыртқы саясат әсері, инфраструктура жағдайы мен экологияны жатқызуға болады. Жоғарыда ұйымдастырушылар ұсынған рейтингтен басқа халықаралық деңгейде субъективті бағалау жүргізіледі.

Соңғы екі - үш жыл шамасындағы қорытындыларда Қазақстан 32 – 34 орындарда тұрақтап тұр. Алдыңғы жылға қарағанда, екі позицияға артқа шегініп, 60-тың ішінде 34-орынға, Польша мен Чили елдерінің ортасына жайғасты (2014 жылы Қазақстан 60 елдің ішінен 32-ші орында болған). Посткеңестік мемлекеттердің ішінде Литва (28) мен Эстонияны (31) алға шығарып, үшінші позицияны ұстап, Ресей (45), Латвия (43), Украина (60) елдерін артқа қалдырып отыр. IMD нұсқасы бойынша орныққан орнымызды «тұрақты тоқырау» деуден, басқаша айта алмайсың. Ал, лозандықтардың бәсекелестікке қатысты тізімінің ортасынан жылжымай тұруымыз, түбегейлі институционалдық реформалар жасамай, бұл вакуумнен шығу мүмкін еместігін көрсетеді.

Қазақстанның кейбір позицияларының әлсіреуіне қарамастан, бұрынғыша Испания (37), Мексика (39), Турция (40) және Индонезия (42) секілді маңызды бәсекелестердің алдында келе жатыр. Бәсекелестікте артқа жылжып кетуіміздің себебі екі негізгі факторлармен айқындалады. Қазақстан экономика жағдайына байланысты 4 сатыға төмендеп, 31-позицияға, билік жұмысының нәтижелілігі бойынша 1 сатыға төмендеп, 21-позицияға түсті. Тіпті, бизнес (+3 пен 33-нші орынға) пен инфраструктураның (+4 пен 41-нші орынға) жоғарылауының өзі олардың орнын толтыра алмады.

Субъективті факторлардың ішіндегі ең төмен көрсеткіштер: ішкі экономика жағдайы (–7,36-орынға төмендеді), жұмыспен қамту (–4, 23-ке дейін), қоғамдық орта (–4, 29-ға дейін), институциональды орта (–4, 39-орын), негізгі инфраструктура (–6, 40-қа дейін), мемлекеттік қаржы (–2, 16-ға дейін), фискальдық саясат (–2, 11-ге дейін).

Қарқынды түрде алға шыққан көрсеткіштер: тұтыну бағасы (+12,27-орынға көтерілді), бизнес  саласындағы құндылықтар мен қарым-қатынас (+7, 21-орынға), компаниялардың өнімділігі мен тиімділігі (+6,39-ншы орынға).

Субфакторлар бойынша бәсекелестікте алға көтермелеп тұрған, қазіргі таңда қалыптасып жатқан ең әлсіз негізгі факторлардың бірі — инфрақұрылым. Оның ішінде бір сатыға төмен түсіп, 41-орынды иеленген  білім жүйесі ғана ақсап тұр. Ал, базалық (+6, 31-орынға), ғылыми (+5, 45) және технологиялық (+1,31) инфраструктуралар, денсаулық пен қоршаған орта (+4,  52-) бойынша Қазақстан алда.

Жалпы алғанда, Қазақстанның бәсекелестікке қабілеттілігі IMD бойынша 68,106% болып бағаланды. Халық саны 20 млн. тұрғыннан кем елдер арасынан біз 21-орынға, географиялық тұрғыдан (Еуропа, Таяу Шығыс, Африка) үш сатыға төмендеп, 22-позицияға түстік. Бұндай төмен көрсеткіштер ҚР - да  2011 жылдан кейін болып тұр.

Отандық компания басшыларының (IMD рейтинг құрастырған кезде есепке алынатын үштен бір критерийі) арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы, басты бәсекелестікке қабілетті бес факторлардың ішінде анағұрлым жағымды факторлар экономикалық өсу (57,8% респондентов), саяси тұрақтылық пен болжамдылық (52,9%), тиімді салық режимі (51%), бизнеске қолайлы шарттар (47,1%), қаржыландыруға қолжетімділік (40,2%) деп көрсетті.

Қазақстанда қоғаммен байланыс жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін ғылыми тұрғыда тұжырымдалмаса да, алғашқы белгілерін хандық билеу кезеңдерінен көруге болады. Елді басқаруда, сыртқы жаулармен келіссөз жасауда қазақ билеушілері елдегі данагөй ақын-жыраулардың кеңесіне құлақ түрген. Халықтың қамын ойлап, жырын жырлаған Қорқыт, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жыраулар өз заманының ел билеушілерінің ақылшысы болған. КаҺарынан ел қорқатын хандар кеңесшілері айтқан аталы сөзге тоқтаған. Жыраулар сыртқы саясатта ғана ақыл-кеңес беріп қоймай, елдің тұрмыстық жағдайын, мұң-мұқтажын ханға жеткізіп отырған. Сонымен бірге, халықты елдегі саяси жағдайлардан құлағдар етіп отырған. Сондықтан, ақын-жырауларымыз өзінің жалынды, өткір жырларымен ханның халық арасындағы имиджін қалыптастырды деуге әбден болады.

Бұл XVI-XVIII ғасырларға тән көрініс болса, одан бергі ХХ ғасырда бұл миссияны қазақ оқығандары атқарды. Сол кезеңдерде жарияланып жүрген «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» газеттері мен «Айқап» журналы үкімет пен қарапайым халық арасын байланыстырушы құрал болды. Қоғамдағы жаңалықтарды көпшілікке жеткізуші негізгі ақпарат көзі осы басылымдар болды. Өкінішке орай, сол кездегі билік бұл басылымдардың кең таралуына, саясат туралы ашық жазуларына жол бермеді, жарияланатын мақалалар партия тарапынан қатаң бақылауда болды. Мұндай кереғар саясат өз кезегінде паблик рилейшнздің жасырын түрлерінің пайда болуына әкеп соқтырды. «Тек КОКП мүшелері үшін» деген сияқты жабық жиналыстар өтетін болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға