Жаңалықтар

Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

Бізге осы сайттың пайдасы бар ма?
29.08.2016 10:19 9686

2006 жыл 10-қазан. Бұл  — әлемге әйгілі «Вконтакте» әлеуметтік желісінің пайда болған күні. Сайтты ойлап тапқан филология факультетінің студенті Павел Дуров — төл жобасы мұншалықты танымал болар деп ойламаған еді. Бүгінгі таңда «Вконтакте» қолданушылар саны жағынан әлем бойынша үздік жиырма, ТМД елдерінде алғашқы орында тұрған әлеуметтік желі.

 Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі үшін «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың стратегиялық тиімділігіне нақтырақ тоқталайық. Оның 5 түрлі себебі бар.

1. «Вконтакте» әлеуметтік желісінде ашық түрде порнография насихатталады.

 Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

Оған айқын дәлел — сайттың «группы» деген бөліміне кіріп, «секс» деген сөзді жазсаңыз, 216001 топ шығады. Бұл топтарға жүктелген порнографиялық мәнге ие фото-видео және мұнан өзге де ұятсыз деректердің саны миллиардтан асып жығылады. Алаңдататын жайт, мұндай топтарға кез келген адам қосылып, ол жердегі материалдарды көре алады. Оған қоса, бұл топтар жаңалықтар лентасында ашық жарнамаланып, өз тіркелушілерінің санын арттыра алады.

 2. «Вконтакте» әлеуметтік желісінде терроризм насихатталады.

Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

«Вконтакте» әлеуметтік желісінде теріс ағымдағы діни топтар мен секталар жастарды өз ұйымдарына тартумен айналысады. Оған айқын дәлел: ақтөбелік азаматтардың (таяуда болған қанды оқиғаны еске түсіріңіз) дәл осы «Вконтакте» арқылы жұртты терроризмге шақыруы.

 3. «Вконтакте» әлеуметтік желісінде авторлық құқық бұзушылықтар көп.

Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі  

 «Вконтакте» ел ішінде өзінің аудио-видео және фотоматериалдарды еркін түрде жүктеуімен танымал болды. Алайда, 2008 жылдан бастап күні бүгінге дейін бұл желіде авторлық құқықтың бұзылғандығы жайлы сотқа жазылған шағымдар тоқтар емес. Америка бұл ретте  «Вконтакте» әлеуметтік желісін пираттық сайттар тізімінде екінші орында тұрғанын жариялаған болатын. Қазақстандық өнер адамдары үшін де бұл алаңдататын жайт. Өйткені, олардың енді ғана жарық көрген туындыларын кез-келген адам желіге салып, оны өз парақшасына бір рет басып-ақ жүктей алады. Осыдан кейін "отандық шоу- бизнес неге мейрамхананы айналшықтап жүр?" деген сауалды қоядың өзі артық болар.

 4 «Вконтакте» әлеуметтік желісі — ұлтараздықты тудырудың бірден-бір құралы.

Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

«Вконтакте» әлеуметтік желісінде кез келген саяси-әлеуметтік тақырыптарға жазылған мақалалардың астында жүздеген пікірлерді байқауға болады. Иә, Қазақстанда сөз бостандығы құрметтеледі. Дегенмен, бұл мақала неліктен соншалықты қызу талқыланып жатыр деп зерттеген уақытта бір қызық құбылысты байқадық. Алдымен, пікірлер қолдайтын не қолдамайтындар болып екіге бөлінеді. Осы тұста фэйк (жасанды) аккаунтпен тіркелген белгісіз адамдар жеке басқа немесе ұлт намысына тиетін сөздер жазып, халықтың санасын улайды. Бұл желіде көбіне әлі өмірлік позициясы айқындалмаған, ақылы тоқтамаған жастар отыратынын ескерсек, пікірлердің жастардың санасына қаншалықты кері әсерін тигізетіндігі айтпаса да түсінікті.

 5.  «Вконтакте» әлеуметтік желісі — жезөкшелер мен алаяқтардың, көрсеқызарлардың мекені.

Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

Топтар арасында біздің ерекше қызығушылығымызды тудырған бір «группа» болды. Ол «Курицы» деп аталады. Бұл топқа кез келген адам, кез келген нәзік жандының суретін жүктеп, онымен болған жыныстық қатынасын баяндап, тіпті ұялы телефонының нөмірін де жариялайды. Көп жағдайда адамдар өзгеге қастандық жасау мақсатымен суреттерді жүктейді. Осыдан кейін жігіттер бір-бірімен ерегесіп, соңы қандай нәтижеге алып келерін өзіңіз де түсінген боларсыз. Есіңізде болсын, егер сіздің туысыңыздың немесе танысыңыздың суретін біреулер жүктеген болса, оны кім істегенін біле алмайсыз. Өйткені барлығы жасырын сақталады.     

Қазақстанда «Вконтакте» әлеуметтік желісін жабудың 5 түрлі себебі

Сондай-ақ, бұл желіде жезөкшелік те, бопсалау фактілері де жиі тіркеледі. Тәнін сатқан қыздар жалаңаш суреттерін жүктеп,  телефон нөмірін де қалдырады. Ал, алаяқтар болса әдемі қыз немесе көрікті жігіт болып сізбен танысып, одан әрі тек қана екеуіңіздің араңызда ғана қалуы тиіс әңгімені достарыңызға жіберемін деп бопсалайды. Абыройын ойлағандар ақша беріп те жатады. Алаяқтықтың тағы бір түрі: танысып отырған әлдебір әдемі қыз тәнін сатуға дайын екендігін, бірақ алдымен оның "kiwi" әмиянына 2000 теңге салуын өтінеді. Бірақ, мектепте оқитын жас бала алаяқпен сөйлесіп отырғанын қайдан білсін?  

Әрине, миллиондаған адам қолданатын желі болғандықтан, оны толығымен жауып тастау оңай шаруа емес. Дегенмен, әлемдік практикаға көз жүгіртер болсақ, Қытайда бұл желіні қолдануға рұқсат жоқ. Өйткені, бұл мемлекет ақпараттық қауіпсіздік саласына аса зор мән береді.

Кез келген ата-ана баласының порнография көріп, жезөкшелермен байланысқанын, өзге ағымның жетегіне еріп, алаяқтың құрбаны болуын қаламайтын болар? Сондықтан, біздің айтайын дегеніміз: бұл  желіні қолдану-қолданбау - өз еркіңізде. Бірақ оның тек тиімді жағын ғана пайдаланып, сапалы түрде қолдануды өзіңіз ғана үйреніп қоймай, туған-туыс, дос-жараңдарыңызға да үйреткеніңіз пайдалы.


Рүстем ӘЛПИ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға