Жаңалықтар

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Айтулы мереке күні қарсаңында елордадағы ауыр машина жасау зауытына барып, жұмыс барысымен танысып қайттық.
Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн
Фото: Олжас Сәндібек 25.09.2022 10:41 4000

Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі машина жасаушылар күні ретінде атап өтіледі. Кәсіби мереке алғаш рет 1981 жылы КСРО кезінде тойланған. Кеңес одағы тарағаннан кейін бұл мерекені Беларусь, Қырғызстан, Ресей өз күнтізбелерінде қалдырды. Ал Қазақстан бұл күнді 2017 жылдан бастап мерекелер күнтізбесіне қосты.

Айтулы мереке күні қарсаңында елордадағы ауыр машина жасау зауытына барып, жұмыс барысымен танысып қайттық.

Бізді зауыттың кіреберісінен Локомотив құрастыру зауытының бесінші цех жұмысшысын Мират Әділұлы күтіп алып, заманауи тепловоздардың құрастыру барысымен таныстырып шықты. Құрастыру цехна кірер кездегі ең бірінші талап, қауіпсіздік үшін басқа каска және көзге көзілдірік кию мідеттеледі. Себебі мұнда темір кесу, дәнекерлеу, тасымалдау жұмыстары жүрзіліп жатыр.

Айта кетейік, бұл Локомотив құрастыру зауыты 3 түрлі өнім шығарады. Оның біріншісі, бір секциялы ТЭ33АС сериялы магистральдық жүк тепловозы болса, екіншісі бір секциялы ТЭП33А сериялы магистральдық жолаушылар тепловозы, сондай-ақ ТЭМ11А сериялы маневр тепловозы

«Мынау біздегі жетінші цех» деп таныстырды Мират Әділұлы түрлі формада кесілген ұзынды қысқалы, ірілі ұсақты темірлер жатқан алаңды нұсқап. Айтуынша, тепловоздың алғашқы және негізі бөліктері осы жерден дайындалады екен. Яғни, бүтіндей келген темірлер осы жерден кесіліп, машинаның бір бөлшегіне айналады. Жетінші цехтың негізгі міндеті жоспарда бекітілген бөліктерді уақытында дайындап, тапрсыру. Егер осы жерден кешігу болса зауыттың барлық жұмысына өз кедергісін келтіреді.

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Бір байқағаным мұнда ешкім темірлерді қолмен кесіп немесе көтеріп жүрген ешкім жоқ. Барлығы дерлік автоматтандырылған. Шағын құрылғылар мен темірлердің өзін арнайы техникамен тасымалдайды.

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Міне мына жерде алып аппараттар темір кесіп жатыр. Көрген бойда «мынау лазермен кезіп жатыр ғой» деп сұрадым. «Жоқ, бұл плазмалық кесу. Қалың темірлер осылай кесіледі, Ал бұған қарағанда жұқа темірлерді лазермен кеседі. Ол аппаратар әне, ол да өзіне берілген формаларды дайындап жатыр» деп қарсы бетте тұрған бұдан көрі шағындау құрылғыны көрсетті Мират. Бір теплавозға 11мыңдай бөлшек кетсе, соның жартысынан көбі осы цехта дайындалады.

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Ал мына жерде дәнекерлеушілер бағанағы ірілі ұсақты бөлшектердің барлығын біріктіріп, тепловоздың қаңқасын құрастырып жатыр. Бұл алтыншы цех деп аталады. Мұнда тепловоздың қаңқасы, кабинасы және түрлі құрылғылар орнатылатын рамалары құрастырылады. Осылайша дайын кабина бесінші цехқа жіберіледі.

«Дәнекерлеу саласында қырық жылдан астам тәжірибем бар. Бұл зауытта жұмыс істеп жүргеніме де он екі жыл болды. Қазір электродәнекерлеушімін. Мына жерде тепловоздың қаңқасын дайындап жатырмыз. Негізі кез келген қиын жағдайдағы дәнекерлеу жұмыстарын жасай беремін. Жуырда сол еңбегімді ескеріп «Құрметті машина жасаушы» деген марапатқа ие болдым», - дейді Смағұлов Ерлан есімді алтыншы цехтың жұмысшысы.

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Айтуынша, екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады екен. Сондай-ақ зауытта жүмысшылар үшін барлық жағдайдың жасалғанында айтты.

Енді дайын каңқаға арнайы қондырғыларды орнатып, оның тоғын жүргізу бесінші цехтың міндеті екен. Мират Әділұлы бұл бөлімде атқарылатын әрбір жүмысты ерекше ықыласпен түсіндіріп шықты. Себебі өзі де осы бесінші цехтың жұмысшысы болғандықтан, ол өз жұмысын жетік білетін маман екенін аңғартты.

«Бесінші цехтың жұмысына тепловоздың екі басындағы кабиналарды жинап, желдеткіш, салқындатқыш аппараттарымен қатар арнайы ауаның және майдың сүзгілері орнату кіреді. Және тепловоздың тежегіш бөлігі де осы жерден жасалады. Сонымен қатар барлық жүйеге қажетті жоғары кернеулі ток жүргізіледі», - деді Мират.

Міне, осылайша бір тепловоздың кабинасы біршама дайын болып қалады. Енді мұны рамаға отырғызып, доңғалақтарын жинау керек. Бұл жұмыстармен айналысатын да бірнеше цех бар.

Мәселен екінші цехтың жұмысы доңғалақтарды жинау. Себебі доңғалақтың да әр бөлшегі бөлек-бөлек келеді. Арнайы мамандар сол бөлшектердің барлығын құрастырып, дайын доңғалаққа айналдырады. Ал үшінші цехтың міндеті сол доңғалақтарды арнайы тіркемелерге бекітеді. Бұдан кейінгі жұмыс төртінші цехқа тиесілі. Ол жердегі мамандар дайын тіркемені рамаға орнатады. Яғни, бұл цехтың жұмысы рама жинау. Осылайша алты цехтағы жұмысшылардың қолынан шыққан тепловозды сегізінші цехта май-суын құйып, оталдырып, сынақтан өткізеді. Ал ең соңғы тоғызыншы цех осы дайын тепловозды бояу жұмыстарымен айналысады.

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Бұл біз зауытқа кіріп, бірнеше сағаттың ішінде көзбен көрген жұмысымыз ғана. Ал оның арғы жағында көзге көрінбес жұмыстардың бұдан да күрделі екенін аңғару қиын емес.

Зауытта локомотивті құрастырудың өндірістік процесінің толық циклі жүзеге асырылады екен. Металды пішуден, бұйымдар жасаудан, тораптарды (генераторлық және дизельді бөліктер, машинист кабинасы, платформа, арба) құрастырудан бастап, кабель өнімдерін монтаждауға және дайын тепловозды сырлау сияқты жұмыс жасалуда. Шығарылатын сапалы өнім ішкі нарықтың қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, әлемдік аренада қазақстандық машина жасаудың оң имиджін қалыптастырады.

Негізгі бөлшектер АҚШ және Еуропа мемлекеттерінен әкелінетіні болмаса кәсіпорында металл құрылымдары мен стандартты емес жабдықтарды құрастырудың ең заманауи технологиялары қолданылады. Зауыттың конструкторлық-технологиялық бюросы 1500 бірліктен астам стандартты емес жабдықтарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды жобалаған. Зауытта қолданылатын компьютерлік техникалық оқыту жүйесі заманауи бағдарламалық және техникалық құралдарға негізделген.

Жалпы ТМД елдерінде теңдесі жоқ ауыр машина жасау зауыты жұмысын бастағалы да 13 жылдан астам уақыт болыпты. Содан бері еліміздің локомотив паркін жаңартумен бірге, заманауи тепловоздарды алыс-жақын шетелдерге экспорттаумен айналысып келеді.

«Локомотив құрастыру зауыты» АҚ – Evolution сериялы локомотивтерді шығару бойынша жоғары технологиялық жабдықпен жабдықталған отандық ірі машина жасау кәсіпорын. Қазіргі танда 696 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын кәсіпорын өндірісінің артуына байланысты, жұмысшылар саны да көбейіп келеді.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты қысқа мерзімде күрделі металл конструкцияларын дайындауға және жоғары сапалы тапсырыс берушілердің сұраныстарын уақытылы қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Қазір айына 5 тепловоз құрастырылады. Кейде тапсырыстың көбеюіне байланысты құрастыру қарқыны да артады. Жалпы зауыттың бір жылдық қуаты жүз тепловоз құрастуыға жетеді.

"Локомотив құрастыру зауыты" АҚ техникалық сипаттамалары бойынша аналогтардан асып түсетін және атмосфераға шығаратын зиянды заттардың көлемі бірінеше есе аз тепловоздар құрастыру бойынша Орта Азиядағы жалғыз зауыт болып табылады.

Бүгінгі таңда кәсіпорын 440-тан астам Локомотив құрастырып шығарған.

Сонымен қатар, экспортталған локомотивтер саны да уақыт өткен сайын артып келеді. Бүгінге дейін Қырғыз Республикасы-6; Тәжікстан-5; Украина-1; Әзірбайжан - 10; Түрікменстан -1; Молдова -12 Локомотив жіберілген.

«Мен бұл зауыттың іргетасын қалаушылардың бірімін деп айтуға толық құқым бар. Себебі, 2008 жылы ЖШС болып құрылған кезден осы зауыттың басы қасында жүрмін. Алғашқы жоспарын, жобасын, адам санын есептеп, 4-5 мәрте америкадан білім жетілдіріп, оқып келдік. Алғашқы локомативті өзім құрастырып, өзім оталдырдым деп айтсам да болады. Сол кезден бері осы зауыттың жақсаруына, алға жылжуына қолдан келгенше үлесімізді қосып жүрміз. Қазіргі таңда кабина және қаңқаларды құрастыру цехының басшысы қызметін атқарып жүрмін. Еңбегіміздің арқасында «Құрметті теміржолшы», «Қазақстан темір жолының жүз жылдық медалімен» және «Үздік жетекші» деген секілді марапаттармен бірнеше мәрте марапатталдық. Темір жол саласында жұмыс жасап келе жатқаныма 47 жыл болды. Біздің әулет темір жолшылар әулеті болып саналады. Егер әулеттегі барлық кісілердің жұмыс өтелін қосатын болса бұл салада жұмыс жасағанымызға 300 жылдан асады. Себебі, ең алғаш елімізде Түркісіб темір жол құрылысы басталған кезде үлкен аталарым сол жолдың салынуына үлесін қосқан», - дейді Нұрланбай Сапарұлы.

Қазақстанда жасалған: Машина жасау зауытындағы бір күн

Жалпы, елімізде машина жасау саласында 3 мыңға жуық кәсіпорын бар, 115 мың адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің жалпы көлемінде (16,8 трлн теңге) машина жасауға 14%-ы тиесілі. Саланың ең ірі секторларының бірі — автомобиль жасау – 33,1%.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға