Жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы төлемдері арттырылады

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты мәлімдеді
Қазақстанда зейнетақы төлемдері арттырылады
Фото: gov.kz 02.09.2022 13:33 1580

Қазақстанда зейнетақы төлемдері арттырылады, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды. Оларды іске асыру мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы шеңберінде базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделетін болады. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда өзгерістер нәтижесінде Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемін (қызметкердің зейнетақы жинақтары есебінен қалыптастырылады) қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты.

Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаратыны белгілі, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.

Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтарды зейнетақының тиісті мөлшерімен қамтамасыз ету мақсатында Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде мынадай өзгерістер енгізу ұсынылады:

Бірінші. 2023 – 2027 жылдар аралығындағы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 54-тен 70% - ға дейін, ең жоғары мөлшерін 100-ден 120% - ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51% - ға дейін арттырылатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13% - ды құрайды және барлық 2 млн зейнеткерге қатысты болады.

Екінші. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыларды есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделеді.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға (3 жыл ішінде – 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға