Жаңалықтар

Қазақстандағы тағы бір белсенді ұзақ өмір сүру Орталығы Ақтауда ашылды

Қазақстандағы тағы бір белсенді ұзақ өмір сүру Орталығы Ақтауда ашылды
04.03.2019 01:06 1956

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді ұлағат тұтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан халқымыз қарттарын «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп әспеттейді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп, мол байлыққа теңейді.

Көненің көзі, тарихтың куәсі болып келе жатқан асыл қариялардың дендері сау, көңілдері сергек болуы үшін Маңғыстау облысындағы Достық үйі жанынан «Белсенді ұзақ өмір сүру Орталығы» салтанатты түрде ашылды. «Нұр Отан» партиясының «Ардагердерді ардақтайық» жобасы аясында құрылған орталықтың қарттар игілігіне берілуімен құттықтай келген «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің «Каспий Дулкыны» шығармашылық тобы, «Русское землячество» орыс этномәдени бірлестігінің өнерпаздары ән-жырларымен шашу шашты.

Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина қарияларға құтты болсын айтып, игі тілегін ақтарды. «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Курбанәлі Газибеков орталықтың ашылуына мұрындық болған азаматтарға ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жаңа орталықта қарияларың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін мәдени-рухани клубтар, тіл үйрету және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Мұнда олар шахмат ойнап, кітап оқып, компьютерлік сауатын жетілдіріп, ағылшын тілін де үйрене алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға