Қазақстандағы пікірсайыс қозғалыстары қалай дамып жатыр?
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өткен жылы дебаттық қозғалыстарды жандандыру туралы мәселе көтеріп, мектептерде пікірсайысты дамытудың қаншалықты өзекті екенін айтқан болатын. Жеке тұлғаның сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуі үшін дебаттың пайда берері анық. Бүгінгі таңда министрдің бұл бастамасы қалай жүзеге асып жатқанын және білім беру ұйымдарындағы пікірсайыс қозғалыстарының қалай жұмыс істейтінін білу мақсатында «Қазақстан Республикасындағы пікірсайыс қозғалысы» Жобалық кеңсесі сарапшысы Аслан Төрехан және ҚР Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбаймен әңгімелестік.
Бүгінгі таңда елімізде жалпы 6 778 пікірсайыс клубы бар. Оның құрамына 121 мыңға жуық адам кіреді. Мектептерде 5905 клуб, колледждерде 733 клуб жұмыс істейді. Жыл сайын пікірсайысқа баратын адамдар саны көбейіп жатыр. Клубтардың басым көпшілігі Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белсенді түрде жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» дерегінше, осы жылы дебаттық қозғалысқа қосымша 18 679 мектеп оқушысы мен колледж студенті қосылды. Барлық өңірлерде студенттік десанттардың жұмысы жалғасуда, олардың қызметіне 1232 студент тартылған.
Дебат қозғалысын қайта жаңғырту қалай жүзеге асып жатыр?
2020 жылғы қарашадан бастап ҚР Оқу-ағарту министрілігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының жанында дебат қозғалысын дамыту жөніндегі жобалық кеңсе жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде жобалық офиспен өзара жұмыс істейтін және өз өңірлерінің мектептері мен колледждерінде пікірсайыс қозғалысының дамуын қамтамасыз ететін облыстық, қалалық және аудандық үйлестірушілер тағайындалды. Олардың функцияларына мектептер мен колледждерде дебат клубтарын ашуға, турнирлер, семинарлар, белгілі қоғам қайраткерлерімен және экс-дебатерлермен кездесулер өткізуге, мектеп, аудан, облыс деңгейінде тренингтер өткізуге көмек көрсету кіреді», - дейді «Қазақстан Республикасындағы пікірсайыс қозғалысы» Жобалық кеңсесі сарапшысы Аслан Төрехан.
Фото: rumcdo_official
Оның айтуынша, пікірсайыс қозғалысын дамыту бойынша жобалық кеңсенің сарапшылары білім беру контентіне көп көңіл бөледі.
«Республиканың барлық өңірлеріндегі дебат клубтарының басшылары үшін 8787 қатысушыны қамти отырып, 101 вебинар, 200 қатысушыны қамтыған 2 мастер-класс өткізілді. Ал оқушылар үшін маусымдық пікірсайыс марафондары өткізіледі, өзге елдермен тәжірибе алмасу мақсатында көрсетілім пікірсайыс ойындары мен 2 халықаралық телекөпір өткізілді. Дебат қозғалысын дамыту және жас дебатерлерді ынталандыру мақсатында жыл сайын «Ұшқыр ой алаңы» республикалық турнирі өткізіледі, 2021 жылдың соңында Нұр-сұлтан қаласында «Ұлттық пікірірсайыс турнирі» республикалық турнирі, «Жас тұлпар» республикалық турнирінің 2 маусымы өтті. Телеграм әлеуметтік желісінде 2021 жылдың басында «Пікірсайыс қозғалысы/Дебатное движение» арнайы арнасы құрылды, онда сарапшылар пайдалы дағдыларымен бөліседі, дебат қабілеттерін арттыру бойынша мақалалар мен кеңестер жазады, сонымен қатар, Телеграм арнасында ақпарат іздеудің ыңғайлылығы үшін қосымша телеграм-бот құрылды. Youtube әлеуметтік желісі үшін тәжірибелі пікірсайысшылармен 2 көрсетілім ойын түсірілді», - дейді Аслан Төрехан.
Сарапшының айтуынша, әр аймақтың өзінің мықты пікірсайыс клубтары бар, өйткені республиканың барлық аймақтарында пікірсайыс қозғалысы сәтті дамуда.
Фото: bilimdinews.kz
«Ақтөбе облысының Ақтөбе қаласындағы № 51 мектептің «Ритория» дебат клубының мүшелері «Ұлттық пікірірсайыс турнирі» және «Ұшқыр ой алаңы» республикалық турнирлерінің қазақ лигаларында жеңімпаз атанды. Атырау облысының Атырау қаласында IT мектеп-лицейінің «Үміт» дебат клубының мүшелері «Ұлттық пікірірсайыс турнирі» республикалық турнирінің орыс лигасында жеңімпаз атанып, қазақ лигасында 3-орын алды. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының мектептен тыс жұмыс орталығының «Семсер» дебат клубының оқушылары «Ұшқыр ой алаңы», «Жас тұлпар» республикалық дебат турнирлерінде 2 - орынға ие болды. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ «Қырат» дебат клубының мүшелері республикалық «Ұшқыр ой алаңы» турнирінің орыс лигасында жеңімпаз атанды.
Жалпы білім беретін мектептердегі пікірсайыс клубтарын дамытудың қиындықтары мен нәтижелері қандай?
«Пікірсайыс клубының дамуында клуб жетекшісі маңызды рөл атқарады. Өйткені, бұл жас пікірсайысшылардың дебат бойынша теориялық білімдерін қалыптастыратын, олардың қабілеттерін дамытатын, пікірсайыс турнирлерін бағалайтын клуб жетекшілері. Әрине, елімізде пікірсайыс клубтарының білікті жетекшілері көп, бірақ біз барлық мектеп басшылары сондай жеткілікті деңгейде деп айта алмаймыз. Дебат қозғалысын дамыту жөніндегі жобалық кеңсе көптеген марафондар, вебинарлар және басқа да түрлі іс-шаралар өткізу арқылы бұл мәселені жан-жақты шешуге тырысады. Бірақ біз елімізде дебат клубтары өте көп екенін көріп отырмыз, сондықтан жетекшілердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс көлемін одан әрі арттыру қажет», - дейді Аслан Төрехан.
Дебатта кім жеңіске жетеді? Әрине, ол үшін ойың ұшқыр, жылдамдық, байсалдылық, сенімділік, қызығушылық таныту, қарсыластың аргументтерін алдын ала болжап, өз ұйғарымыңды дайындау, ым-ишара, мимика мен сөйлеуді дұрыс пайдалану, сұрақтарға жауап бере білу сынды көптеген қасиеттерді дамыту керек. Пікірталас мектеп оқушылары үшін интеллектуалды ойынмен пара пар екені анық.
«Қазірдің өзінде пікірсайысшы оқушылардың білім көкжиегінің дамуы замандастарына қарағанда әлдеқайда алда екенін байқауға болады. Олар жаһандық күрделі мәселелерді, әрине, олардың жасына сәйкес деңгейде талқылай алады. Біз көптеген оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, көпшілік алдында сөйлей алатындай деңгейге жеткенін байқаймыз. Пікірсайыс қозғалысының дамуымен мұндай оқушылардың саны артатын болады», - дейді Аслан Төрехан.
Биыл республикалық және өңірлік деңгейлерде 130 мыңнан аса оқушы мен колледж студенттерін қатысуымен 8 мыңнан аса іс-шара өткізілген. 9-11 сынып оқушылары арасындағы «Ұшқыр ой алаңы» республикалық дебат турнирі мектеп оқушылары асыға күтетін дәстүрлі турнирге айналды. Сондай-ақ, мектептер мен колледждердің пікірсайысшылары үшін «Жас тұлпар» дебат лигасының 2 маусымы ұйымдастырылды.
«Республикалық турнирлер ғана емес, сондай-ақ халықаралық телекөпір ұйымдастырылды, онда біздің оқушылар Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасының пікірсайысшыларымен бірге жоғары деңгейдегі дебат ойынын көрсетті. Жоғары оқу орындарынан өңірлік деңгейдегі турнирлердің жеңімпаздарына білім гранттары берілді», - дейді сарапшы.
Оқу-ағарту министрлігі «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» жаңа оқу жылында мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің пікірсайыс лигаларын құрмақ.
«Еліміздің барлық өңірлерінде аймақтық деңгейдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің пікірсайыс лигаларын құру жоспарлануда. Сондай-ақ «Балдәурен» лагері базасында дебат қозғалысы және мектептегі өзін-өзі басқару көшбасшыларының слетін өткізу жоспарлануда. Республика бойынша пікірсайыс қозғалысын дамыту жөніндегі жоспарымызға сәйкес біз көптеген түрлі іс - шаралар ұйымдастыратын боламыз. Жетістікке жеткен өңірлердің үйлестірушілері мен жетекшілерінен мастер-класстар, оқушыларды көптеп қамтитын марафондар, күрделі тақырыптарға тәжірибелі пікірсайысшылармен көрсетілім ойындарды түсіріп, ол бейнематериалдарды ютуб арнада орналастыру», - дейді «Қазақстан Республикасындағы пікірсайыс қозғалысы» Жобалық кеңсесі сарапшысы Аслан Төрехан.
Ұлттық пікірсайыс федерациясы қалай жұмыс істейді?
2019 жылы еліміздегі пікірсайыс қозғалысын жандандыруға, барлық пікірсайыс ұйымдарын біріктіруге, турнирлерді ұйымдастыруға, халықаралық жарыстарға қатысу үшін жас пікірсайысшыларды дайындауға бағытталған Ұлттық пікірсайыс федерациясы құрылды. Федерация президенті Болат Бұхарбай пікірсайыстың бүгінгі жағдайы мен қоғамдағы рөлі туралы ойын білдірді.
Фото: жеке мұрағат
«2010 жылдардан бері пікірсайыс қозғалыстары жаппай қасиетінен, бір орталықтан дамыту үрдісінен айырылғандықтан әр аймақта әртүрлі қарқында дамып келеді. Облыстар арасында түрлі формат пен түсініктер қалыптасты. Осы мәселені шешу мақсатында «Ұлттық пікірсайыс федерациясы» аймақтарды аралап, еліміздегі мектеп оқушылары арасында пікірсайыс қозғалысын Дамыту хартиясын жасады. Хартияға еліміздің барлық аймақтарындағы ірі пікірсайыс орталықтары мен жастар ұйымдары қосылуда. Пікірсайыстың қоғамдағы рөлі өте маңызды. Себебі, пікірсайыс қозғалысы – бұл азаматтық қоғамға апарар бірден бір жол. Парламент депутаттарын сайлау барысында саяси партиялар арасында халықаралық форматтағы пікірсайыс өтуі тиіс, Президенттік сайлау науқаны барысында үміткерлер арасында қызу пікірталас өтуі тиіс. Бұл біздің мақсатымыз, пікірсайыс қоғамның, саясаттың, білім беру технологиясының ажырамас бөлігі болуы тиіс», - дейді Болат Бұхарбай.
«Ұлттық пікірсайыс федерациясы» Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі ретінде пікірсайысқа барлық балалардың қатысуын қамтамасыз етеді.
«Пікірсайыс федерациясы 5 аймақта өкілдіктерін ашып, қалған аймақтарда ірі пікірсайыс клубтары және жастар ұйымдарымен тығыз жұмыс істейді. Бүгінгі таңда «ҰПФ» республикалық, облыстық және қалалық турнирлер мен тренингтер ұйымдастырып келеді. 2019 жылдан бері пікірсайыс қозғалысын жандандыру мақсатында республикалық телеарналарда пікірсайыстардың телевизиялық бағдарламасы түсіріліп, 1000 данадан аса пікірсайыс методологиясының кітаптарын басып шығарды. 2021 жылы еліміздегі Парламенттік сайлау барысында «ҰПФ» мүшелері Праймериз қатысушылары арасындағы пікірсайыстарда модераторлық етті. Сонымен қатар, «Ұлттық пікірсайыс федерациясы» Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Пікірсайыс технологиясы балалардың барлық санаттарына қолжетімді болуы тиіс», - дейді федерация президенті. Мектеп оқушылары арасындағы пікірсайыс қозғалысын дамыту Хартиясын жасады. Болат Бұхарбай Хартияның мақсаты туралы айтып берді.
«Бүгінгі күні мемлекет пікірсайыс қозғалысын дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз, пікірсайыс қауымдастығы, азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде аталмыш бастамаға қолдау көрсетіп, мемлекеттің атқарып жатқан жұмысына үлесімізді қосуымыз керек. Хартия пікірсайыс қозғалысының болашағына жанашыр азаматтар мен ұйымдардың басын қосып, Қазақстандағы пікірсайыстың дамуының жаңа кезеңін бастауға бағытталған. Пікірсайыс форматын орталықтандыру, төрешілердің бірізділігі, әділетті турнирлер – бұл хартияның көтеретін мәселелерінің бастамасы», - дейді ол.
Сондай-ақ, Болат Бұхарбай федерацияның алдағы мақсаты еліміздегі пікірсайыс қозғалысын бір жүйеге келтіру екенін атап өтті. Федерация жоғары дәрежедегі турнирлер мен тренингтер өткізуді жалғастырады. Мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері арасындағы пікірсайыс қозғалысынан бөлек қоғамдық пікірсайысты дамыту өзекті болып тұр. Яғни, еліміздегі маңызды мәселелер қоғамдық талқыға салынуы қажет.
Фото: rumcdo_official
«Федерацияның ең үлкен филиалдарының бірі Алматы қаласында орналасқан. Алматы пікірсайыс федерациясына қаланың барлық пікірсайыс клубтары мен ЖОО-ы мүшелік етеді. Алматы қаласынан бөлек, «ҰПФ» өкілдіктері Жамбыл облысында, Шымкент қаласында, Атырау облысы мен Солтүстік Қазақстан облыстарында қызмет етеді. Қалған аймақтармен меморандум арқылы келісімге келіп ортақ мақсатта бірігіп жұмыс істейміз. Ұлттық пікірсайыс федерациясының ұйымдастыруымен өткізілетін жыл сайынғы Республикалық пікірсайыс турнирлеріне еліміздегі барлық пікірсайысшылары келуге ниетті. Себебі, «ҰПФ» турнирлерінде жатын орын, тамақтану мен трансфер шығындарын ұйыммдастырушы көтереді. Сонымен қатар, 1 орын жеңімпаздарына қойылатын 1 000 000 теңгелік жүлде қоры пікірсайысшыларға өз кәсібиліктерін дамыту үшін үлкен мотивация болып саналады», - дейді Б. Бұхарбай.
Спикеріміз оқушылар арасында пікірсайысты дамыту – олардың болашақта белсенді азамат болуына әсер ететінін айтады.
«Оқушылар пікірсайыспен 5-6 сыныптан бастап айналысады. Пікірсайыс балаларды сыни ойлау, логика мен шешендік өнерге баулиды. Дегенмен, пікірсайыс бұл – бірінші кезекте білім беру технологиясы. Яғни, геймификация арқылы балалардың білімін арттыру. Пікірсайыс қозғалысы балалар үшін кәсіби бағдар таңдауда және әлеуметтік лифт ретінде пайдаға асады. Мысалы, еліміздегі пікірсайыс қозғалысның түлектерін барлығы таниды. Асхат Аймағанбетов, Саясат Нұрбек, Руслан Желдібай, Өркен Кенжебек, Қуаныш Шонбай және т.б», - дейді Болат Бұхарбай.
Пікірсайыс – жетістікке жетудің бірден бір құралы. Оқушы кезден әртүрлі тақырыпта дискуссия жасап, өмірлік ұстанымдарды қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында дебаттық қозғалыстар қарқынды түрде дамуы тиіс.