Жаңалықтар

Қазақстанда World clean up day дүниежүзілік акциясы өтті

Акция барысында 8 мың гектардан астам жер тазартылды
Қазақстанда World clean up day дүниежүзілік акциясы өтті
Фото: gov.kz 20.09.2022 13:13 1421

Акция аясында елді мекендердің төңірегіндегі рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою, қалалардың рекреациялық аймақтарын, саябақтары мен аллеяларын тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды El.kz Экология министрлігіне сілтеме жасап.

Аулаларды тазалау жұмыстарына өңірлер мен ұйымдардың тұрғындары барынша тартылды. Оған еріктілер, экобелсендер, қоғам белсенділері де қатысты. Қатысушылар саны шамамен 330 мың адамды құрады. Бұл 33 мыңнан астам волонтер, 77 мыңнан астам мемлекеттік органдардың өкілдері, 131 мыңнан астам азамат.

Акция барысында 8 мың гектардан астам жер тазартылды. 20 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

Айта кетейік, жиналған қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді. Мәселен, 1,8 мың тоннадан астам шыны, 3 мың тонна пластик, 2 мың тонна резеңке, 2,8 мың тонна қағаз және картон, 1 мың тонна металл берілді.

Акция қоршаған ортаның ластануы және аумақты қоқыстан тазарту тақырыбына арналған дүниежүзілік бастама болып табылады.

Акцияға қатысуға ниет білдірген еріктілердің саны жылдан жылға артып келе жатқанын атап өткен жөн, бұл халықтың экологиялық проблемаларды шешуге тартылуының жақсы көрсеткіші болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға