Жаңалықтар

Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды

Семей полигонының жабылуына 25 жыл
29.08.2016 07:03 7221

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті.

 Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды

Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын аталып өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында өтіп отыр.

Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды  

Форум барысында жалпы отырыс, сондай-ақ «БҰҰ және қарусыздандыру үдерістері: келешегі қандай? «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі», «Ядролық тежеуден бас тарту – халықаралық қауіпсіздіктің жаңа сипаты», «Ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлемнің географиясы», «Ядролық қарусыздану саласындағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыптары бойынша төрт панельдік сессиялар өтті. Конференцияның қосалқы ұйымдастырушысы Ядролық қаруды таратпау және жою жолындағы парламентшілердің (PNND) халықаралық ұйымы болып табылады.

 Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды

Басқосуға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парламенттік қоғамдастықтың мүшелері мен сарапшылар қатысты. Сала мамандары қарусыздану және ядролық қаруды таратпау секілді өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды  

Халықаралық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей полигоны маңында үш жүз мың шаршы метр алаңда шамамен жарты миллион адам тұрған болатын. Кеңестік әскери басшылықтың Қазақстан аумағында полигон орналастыру туралы құжаттамылық негіздемесінде «бұл жерлер елсіз» деген қатыгездікпен қорланған сөздер бар болатын. Полигон ғана емес оған іргелес жатқан аумақтар да қарқынды радиоактивтік ластануға ұшырады», – деді.

Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды  

Елбасының айтуынша, ядролық сынақ сол маңдағы адамдар мен тірі табиғаттың сәулелік патологияға ұшырауына әкеп соқтырған. Ал мамандардың бағалауы бойынша сәулеленуге ұшыраған адамдардың жалпы саны бес жүз мыңнан асады. Сонымен қатар, қазақстандықтардың әлі де бірнеше ұрпағы денсаулықтарында ажал құштыратын сынақтардың әсері мен салдарын сезінетін болады.

«Қазақстан мен қазақстандықтар ядролық сынақтардың әлемдегі ешбір мемлекет пен халықтар бастан кешірмеген зиянын шекті. Сондықтан Қазақстан мен Жапония ядролық қарудың қасіретін, оның зардаптарын жақсы түсінеді. Екі мемлекеттің ядролық қаруға тыйым салу туралы бастаманы ұдайы көтеріп отыратыны да сондықтан. Біздің Ядролық қарудан азат елді құру туралы талпынысымыз - Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясының маңызды құрамы», – деді Н. Назарбаев.

Ал, конференцияны ұйымдастыру комитетінің басшысы, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы жаһандық маңызы бар күн болып табылады.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болып іс жүзінде мойындалған тұлға. Оның Семей ядролық полигонын толықтай жабу туралы шешімі әлемдік қарусыздану тарихында алғашқы және соңғы мысал болып табылады. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізінде қарусыздану идеясы жатыр. Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы – жер бетінде орнықты әлем құрудың бірінші кезекте маңыздылығы және қауіпсіздік проблемаларына жаңа бірлескен шешімдер ұсыну туралы бүкіл әлем қауымдастығына ойланудың ең оңтайлы мүмкіндігі», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Қазақстан ядролық қарусыз әлемді қолдайды  

Форумға қатысушылар ядролық қаруды қолдану және сынау құрбандарын еске алып, қарусыздандыру және таратпаудың өзекті мәселелерін қарап,  халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсыныстар айтты.

«29 тамыз – барша адамзаттың тарихындағы айтулы күн. 25  жыл бұрын, дәл бүгін менің Жарлығымен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі Семей полигоны жабылды. Қырық жыл бойы ядролық жарылыс жасаған полигоннның үні біржола өшті. Осылайша, халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтындығын барша әлемге паш етті. Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік көшін бастаған теңдессіз қадамдарының бастауы еді. Биыл біздің еліміз тәуелсіздіктің  25  жылдығының мерейлі белесін  атап өтеді. Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер бетін бейбітшілікке бөлеу үшін бар күш-жігерін салып келеді», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қазақстан қуаты жөнінен әлемде төртінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан баса атап өтті.

«Әлемдік қауіпсіздік жолында көптеген тың бастамалар көтердік. Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері мен ұсынған «Әлем ХХІ ғасыр» манифесінде көрініс тапты. Біздің бейбіт бастамаларымыздың бәрі де әлем қауымдастығының жаппай қолдауына ие болды. Соның  нәтижесінде Қазақстан жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды. Біздің ұсынысымызбен бүгін жер жүзі  29 тамызды халықарлық ядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күні ретінде қабылдады. Бұл Қазақстанның бейбіт бастамалары жер бетіндегі барша елдердің мүдделеріне сай келетінін және олардың қолдайтындығын көрсетті. Бүгінгі өтіп отырған форумда бәрімізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаһандық қауіпсіздікті нығайта түсуге сүбелі үлес қосарына сенемін», – деді Н.Назарбаев.

Астана конференциясына БҰҰ Бас Хатшысының Орынбасары, БҰҰ Женева Бөлімінің Бас Директоры, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Майкл Мёллер, Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Парламентаралық одақтың Президенті және PNND тең төрағасы Сабер Чаудхари, Панафрикалық Парламенттің Президенті Роджер Нкодо Данг, Болгарияның Вице-Президенті Маргарита Попова, Маршалл аралдары Нитиджелінің (Парламент) төрағасы Кенеф Кеди, Фиджи Парламентінің төрағасы Жико Фатафехи, Европа комиссиясының бұрынғы Президенті және Италия Премьер-министрі Романо Проди, Израильдің бұрынғы Премьер-министрі Эхуд Барак, Аустрияның бұрынғы федералдық канцлері Альфред Гузенбауэр, Польшаның бұрынғы Президенті Александр Квасьневский, Моңғолияның тұңғыш Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, Намибия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Нетумбо Нанди-Ндаитвах, Корея Республикасының қосылу министрі Хон Ён Пё, Пагуош ғылым және халықаралық істер қозғалысының Президенті Джайантха Дханапала, Әлемдік діндер Парламентінің Төрағасы Имам Абдул Малик Муджахид, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін салушы Олжас Сүлейменов, басқа да халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда елуден астам елдердің белгілі діни қайраткерлері қатысты.


Тұмар АСЫЛ

Суреттерді түсірген Бауыржан ЖУАСБАЕВ

   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға