Жаңалықтар

Қазақстан Рио Олимпиадасын 22-орынмен аяқтады

Рио-2016
22.08.2016 05:47 3714

Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан алғаш рет Олимпиада ойындарының тарихында алғаш рет 17 медальға қол жеткізді. Осылайша жалпыкомандалық есепте қазақ елі 22-ші орынға тұрақтады.

Қазақстан Рио Олимпиадасын 22-орынмен аяқтады

Қазақстан Олимпиада ойындарында 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте еліміз 22-ші орынды иеленді. Медаль саны жөнінен рекорд орнаттық. Бұған дейін Атлантада 11, Сиднейде 7, Афиныда 8, Пекинде 13, Лондонда 13 медаль еншілеген болатынбыз. Бұл жолы қоржынға 17 жүлде түсті.
Олимпиаданың соңғы күнінде екі боксшысы алтын медаль алған Өзбекстан жалпыкомандалық есепте бізді басып озып, 21-ші орынға тұрақтады. Ала тақиялы ағайындарымыз байрақты бәсекеде қанжығасына 4 алтын, 2 күміс, 7 қола медальды байлады.
Қазақстаннан Нижат Рахымов, Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин алтын алса, Жазира Жаппарқұл, Елдос Сметов, Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Гюзель Манюрова күміс медальға қол жеткізді. Қола жүлде алғандардың қатарында Галбадрах Отгонцэцэг, Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, Ольга Рыпакова, Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, Иван Дычко, Дариға Шәкімова бар.
Айта кетейік, осы жылғы Олимпиада ойындарына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты.

Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға