Жаңалықтар

Қазақстан халқы тілдерінің күні

Жылда қыркүйек айында Қазақстан жұртшылығы тілдер күнін атап өтуді дәстүрге айналдырды.
22.09.2015 08:42 9472

Жылда қыркүйек айында Қазақстан жұртшылығы тілдер күнін атап өтеді. Бұл мейрамның шығу тарихы «Қазақ КСР-індегі Тілдер туралы» 1989 жылғы 22 қыркүйектегі Қазақ КСР-інің Заңының қабылдануымен тікелей байланысты.

Қазақстан халқы тілдерінің күні

«Тіл – халықтың ұлы мирасы, ажырамас бөлшегі», - деп басталатын осы заңда қазақ тілі алғаш рет кеңестік республикада мемлекеттік мәртебеге ие болды. Онда «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік тілі - қазақ тілі болып табылады», делінді. Алайда, бұл заңның қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі зор деу қиын. Оған бірден-бір себеп, сол кездегі заңның (қазіргі уақытта күшін жойған) II тармағының 8 бабында айтылғандай: «Мемлекеттік билік органдары мен басқармаларының, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың және Қазақ КСР мекемелерінің жұмыстары қазақ, орыс тілдерінде жүргізіледі» деп, Қазақ КСР-інің орыс тілінің дамуына баса назар аударуында еді. Десек те, жағадағы балыққа бір тамшы су тигендей, қазақ тілінің жанашырлары бұл жаңалықты жылы қарсы алып, жыл сайын 22 қыркүйекте «Тіл күнін» атап өтуді дәстүрге айналдырды.

1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасында тіл туралы заң қабылданды. Бұл заңда да мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі қолданылады, делінді. Алайда, осы заңның 23 бабында іс-қағаздар жүргізуді біртіндеп қазақ тіліне көшіру туралы айтылды. Сөйтіп, мемлекеттік қызметкерлердің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі, іс-қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі заң арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын едәуір ұлғайтуға себеп болды. Сондай-ақ, қазақ тілімен қатар Қазақстандағы барлық этностардың ана тілдерінің дамуына қолдау жасалды.

1998 жылы 20 қаңтарда «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 3827 Жарлығы шықты. Қазақстандық патриотизм мен кәсiптiк мақтанышты, сондай-ақ жалпы адамзаттық ынтымақтастықты тәрбиелеу мақсатында қаулы етілген Жарлықта Қазақстандағы маңызды кәсіптердің мерекелері бекітілді. Қазақстан Республикасы Президентінің № 3827 Жарлығына енгізілген өзгерістер туралы ҚР Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы № 164 Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының үшінші жексенбісі «Қазақстан халқы тілдерінің күні» болып бекітілді.

Биыл, Қазақстан жұртшылығы 17 рет «Қазақстан халқы тілдерінің күнін» атап өтуде.  Бұл мейрам Қазақстандағы барлық этностарды жақындастыратын ерекше күн. Өйткені бұл күндері барлық өңірлердегі этномәдени бірлестіктер ана тіліне арналған әдеби кештер, концерттер ұйымдастырады. Бір шаңырақ астында бас қосып, мәдениеттер үндестігіне ат салысады. 


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға