Жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай жас ғалымдарға байқау жарияланды

Жас ғалымдар арасында отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мақсатында байқау ұйымдастырылады.
17.02.2015 07:58 5241

Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай жас ғалымдарға байқау жарияланды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесімен бірлесе отырып, жас ғалымдар арасында этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне арналған ғылыми жұмыстардың республикалық байқауын өткізеді, деп хабарлайды Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайты. Шараның басты мақсаты отандық жас ғалымдардың ғылыми-сарапшылық әлеуетін тарту арқылы этносаяси және этноәлеуметтік жағдайды жетілдіру.

Байқау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1223 Қаулысымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Байқауға Қазақстанның жасы отыз беске дейінгі жас ғалымдары – ғылым кандидаттары, PhD докторлары мен докторанттары, магистрлер мен магистранттар қатыса алады.

Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруды көздейтін байқаудың негізгі міндеті жас ғалымдарды этносаралық және конфессияаралық зерттеу саласына жұмылдыру, сондай-ақ жас ғалымдар арасында отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілікті көтеру.

Байқау үш кезеңнен тұрады: өңірлік, республикалық сырттай іріктеу және республикалық қорытынды байқау. Өңірлік байқауды Облыстардың (Астана, Алматы қалаларының) Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылықтары, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық топтары ұйымдастырады. Өңірлік байқауға ұсынылатын ғылыми жобалар  республикалық деңгейдегі ұйымдастырушылар әзірлеген әдістеме негізінде бағаланады. Ұсынылған жобаларды бағалау үшін ұйымдастырушылар Жергілікті байқау комиссиясын құрады. Өңірлік байқаудың іріктеуінен өткен ғылыми жобалар авторлардың тікелей қатысуынсыз Республикалық сырттай іріктеуге түседі. Бұл іріктеуге әр өңірден ұсынылған 32 ғылыми жоба қатысады. Сырттай іріктеуден өткен қатысушылар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында (Астана қ.) өтетін Қорытынды байқауға жолдама алады.

Байқауға ұсынылатын ғылыми жұмыстар тақырыптың өзектілігі, ғылыми жағалығы, тақырыптың байқау бағыттарына сәйкестігі, материалдың толықтығы және логикалық байланысы сынды параметрлер бойынша бағаланады. Байқаудың бағыттары мен ережесі бойынша толық мағлұматты мына жерден қараңыз. 


Жақсығұл Қайырбеков

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға