Жаңалықтар

Қазақстан қырғызстандық 50 студентке грант береді

Сонымен қатар 5 адамға медициналық мамандықтар бойынша орын бөлінеді.
Қазақстан қырғызстандық 50 студентке грант береді
21.07.2022 07:37 1581

Қазақстан Үкіметі еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін Қырғызстан азаматтарына жыл сайын 50 грант бөледі. Бұл туралы екі ел Үкіметінің уағдаластығы негізінде әзірленген келісім құжатында айтылған, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін Қырғызстан азаматтарына жыл сайын 50 орынға дейінгі көлемде гранттар ұсынылады. Қырғыз Республикасының 15 азаматына «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «инженер, өңдеу және құрылыс салалары», «ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мамандықтары бойынша білім алуға орын бөлінеді. Сонымен қатар 5 адамға медициналық мамандықтар бойынша орын бөлінеді. «Педагогика ғылымдары», «өнер және гуманитария ғылымдары», «әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат», «бизнес, басқару және құқық» мамандықтарына 10 адам қабылданады. Ал Қырғыз Республикасының азаматтары болып табылатын ұлты қазақ адамдарға еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 20 орын қарастырылған, - деп көрсетілген құжатта. 

Келісім аясында қазақстандықтар да Қырғызстанның жоғары оқу орындарында оқи алады. 

Атап айтқанда, көршілес ел техникалық мамандықтарға – 4, медицина мамандықтарына – 3, гуманитарлық-экономика мамандықтарына 3 адамды оқытады. Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан тарапы жыл сайын 30 наурызға дейін білім беру ұйымдарының тізімін ұсынуы тиіс. 

Екі ел Үкіметі арасындағы құжат жобасы 2022 жылғы 3 тамызға дейін қоғам талқылауына ұсынылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға