Қазақстан әуежайларында «Кезекпен отырғызу» жобасы енгізіледі
Қазақстан әуежайларында «Кезекпен отырғызу» жобасы енгізіледі, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді.
10 қыркүйектен бастап Қазақстан әуежайларында пилоттық режимде «Кезекпен отырғызу» жобасы іске қосылады. Жобаның негізгі идеясы –жолаушыларды кезектік технология бойынша, яғни топтар бойынша отырғызуды жүзеге асыру, бұл әуежайлардағы азаматтарға қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығын айтарлықтай арттырады.
Жоба шеңберінде жолаушыларды отырғызу тәртібі әуе кемесінің бортында алатын орнына байланысты жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте, еріп жүретін адамдары жоқ балалар мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес басым тәртіппен негізгі кезектен тыс өтетін болады.
Қазіргі уақытта жолаушыларды отырғызу процесі, еріп жүретін адамдары жоқ балалар мен жүріп-тұруы шектеулі жолаушыларды басым отырғызуды қоспағанда, арнайы технологиясыз жүреді, соның нәтижесінде әуе кемесінің бортына отырғызуды жариялағаннан кейін телескопиялық траптың қақпасының/есігінің жанында жолаушылардың топталуы пайда болады.
Кезекпен отырғызу технологиясын енгізу жоғарыда аталған жағдайлардың оң шешімі болады деп болжануда.
Пилоттық жобаға Air Astana, Fly Arystan және SCAT авиакомпаниялары қатысады. Кезекпен отырғызу телескопиялық траптары бар әуежайларда ғана жүргізіледі: Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды қалаларында. Жоба үш айға есептелген, содан кейін кезекпен отырғызуды одан әрі қолдану туралы шешім қабылданады.