Жаңалықтар

Қазақстан Тұран жолбарысын қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды

Меморандум жолбарысты Қазақстанға қайтарудың өршіл міндеті бойынша бірлескен өнімді жұмысқа бастама болады.
Қазақстан Тұран жолбарысын қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды
Фото: ашық дереккөзден 06.09.2022 06:37 2367

Владивосток қаласында жолбарысты сақтап қалуға арналған екінші халықаралық форум өтті. Онда Қазақстан жыртқышты қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды EL.KZ.

Қазақстан делегациясының құрамына: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әйгерім Қуат, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі Мақсат Сүйіндіков және ҚР-дағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өкілдігінің директоры (WWF) Григорий Мазманянц кірді. Делегацияның қатысушылары жолбарысты сақтау бағдарламасы, оны жүзеге асыру кезеңдері, резерват құрылған сәттен бергі атқарылған жұмыстар мен жыртқыштың келуіне дайындық жоспарлары туралы айтып берді.

Сонымен қатар, форум қонақтары үшін оңтүстік Балқаш маңы аумағының бір бөлігінің егжей-тегжейлі экспозициясы дайындалды. Көрме жұртшылықтың жолбарыстың болашақ «үйі» туралы түсінігін кеңейтуге және толығырақ танысуға мүмкіндік берді.

12 жыл бұрын, 2010 жылы жер бетінде жолбарысты сақтауға байланысты мәселелер бойынша бірінші халықаралық форум өткен, онда Қазақстан жабайы мысықты табиғат аясына қайтаруға дайын екенін жариялады. Нәтижесінде - жеті жылдан кейін, Қазақстан, Ресей және басқа да елдер ғалымдарының күш-жігерінің нәтижесінде халықаралық табиғатты қорғау одағының жабайы мысықтар жөніндегі сарапшылар тобының қолдауымен елде жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы әзірленді. 2017 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі арасында оны елде іске асыру туралы Меморандумға қол қойылды.

2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған сәттен бастап төрт жыл бойы экожүйені қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ә.Шалабекова жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасының бірінші кезеңі және оңтүстік Балқаш маңындағы жүргізілген жұмыстың барысы туралы:

Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы кемінде 35 жылға есептелген және үш негізгі кезеңнен тұрады: аумақты дайындау, жыртқышты шығару және популяция өсуінің мониторингі. Қазір біз бағдарламаның бірінші кезеңінің ортасындамыз, оның барысында экожүйені қалпына келтіру, аумақты қорғау және тұяқты жануарлар санын арттыру бойынша жұмыстар табысты жүргізілуде -  деп айтып берді.

Келесі жылы «Іле-Балқаш» резерватына бес жыл толады. Осы уақыт ішінде үлкен жұмыс атқарылды: кордондар салынды, байланыс қамтамасыз етілді және аумақты толыққанды қорғау ұйымдастырылды. Іле өзені мен Балқаш көлінде өрт салдарынан зардап шеккен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Резерват аумағы шөлейт, жайылма және сексеуіл ормандарынан сулы-батпақты алқаптарға дейінгі алуан түрлі табиғи экожүйелерді қамтитын табиғи кешен болып табылады. Мұндай қолайлы географиялық орналасуы және тағамға бай жерлер жабайы аңдар мен көптеген құстардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Резерваттың биоалуантүрлілігі сүтқоректілердің 40-қа жуық түрін, құстардың 284 түрін және өсімдіктердің 420-дан астам түрін қамтиды, олардың көпшілігі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мысалы, 2022 жылдың мамыр айында 15 мыңнан астам лоха, туранга және тал көшеттері отырғызылды, – деп атап өтті Әлия Шалабекова.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап Қызыл кітапқа енген Бұхара бұғысын реинтродукциялау жүзеге асырылуда және осы уақытқа дейін 150-ден аса бұғы ғасырдан аса уақыт бұрын жоғалып кеткен өздерінің тарихи отанына оралды. Сонымен қатар, жабайы қабандар мен қарақұйрықтардың саны едәуір өсті. Биыл құландарды реинтродукциялауды бастау жоспарланып отыр.

Реинтродукция (бұрын мекендеген жеріне қайтару) процесі табиғи ортада жойылып бара жатқан жануарлардың популяциясын қалпына келтірудің немесе көбейтудің өте маңызды және сенімді әдісі болып табылады. Бүгінгі таңда әртүрлі мониторингтік мәліметтерге сүйене отырып айтсақ, Іле-Балқаш резерватында мыңнан екі мыңға дейін тұяқты жануарлар мекендейді және біз олардың санының тұрақты өсуін көріп отырмыз,- деп ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев хабарлады.

Резерват аумағында жануарлар мен ормандарды қалпына келтіру жұмыстарымен қатар жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайынғы негізде экологиялық қауіпсіз көздер есебінен отбасының табысын қамтамасыз ету үшін жергілікті халықты қаржылық қолдау жөніндегі жобалар іске асырылуда, тамшылатып суару сияқты су үнемдеу технологиялары дамуда. Сондай-ақ, мектептерде экологиялық білім беру бойынша түрлі жобалар жүргізілуде.

Әрине, жергілікті тұрғындарды қолдау – жолбарысты қалпына келтіру бағдарламасының маңызды кезеңдерінің бірі. Олардың көмегінсіз мұндай өршіл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ауылдарды экономикалық дамыту жөніндегі жұмыс жеке бағыт болып табылады. Мал өсіру және ауыл шаруашылығы отбасылардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан бағдарлама бағыттарының бірі жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін басқа да табыс көздерін дамытуға мүмкіндік беру болып табылады. Соңғы төрт жылда Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры 40-тан астам шағын грант берді, жергілікті қауымдастықтарды дамыту қоры құрылды, аз қамтылған отбасылар үшін бақша дақылдарын өсіруге қолдау көрсетілді. Экотуристермен жұмыс істеуге байланысты оқулар жүргізіледі. Атап айтқанда, қонақ үйлерді құруға, гид болу өнеріне, кәдесыйлар өндіруге және т.б. көңіл бөлінеді, – дейді Қазақстандағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF Ресей) өкілдігінің директоры Григорий Мазманянц.

Қазақстандық делегация өкілдері алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Мысалы, резерват аумағында визит-орталық салынатын болады, сондай-ақ реитродукция орталығын құру жұмыстары басталады, оның ішінде шектен тыс уақыт ұстауға және ветеринариялық тексеруге арналған вольерлер салу да бар. Орталықта жыртқыштардың қозғалысын бақылайтын және жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлер орналасады.

Алдағы жылдары Қазақстан мен Ресей арасында Бағдарламаны іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Жолбарысты сақтау жөніндегі екінші халықаралық форум барысында реинтродукция саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Бұдан басқа, Қазақстан жолбарысты қалпына келтіру жөніндегі Владивосток декларациясына қосылды.

Меморандум жолбарысты Қазақстанға қайтарудың өршіл міндеті бойынша бірлескен өнімді жұмысқа бастама болады. Сондай-ақ, біз декларацияда көзделген шараларды іске асырудың барлық елдерде жолбарыстардың санын ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Біз Қазақстан 12 жылдан кейін өтетін келесі форумға планетаның табиғаты үшін аса қажетті осы міндетке өз үлесін қосуға дайын болады деп үміттенеміз. Біз бұл форум барлық елдерді өзара қарым-қатынасты нығайтуға, ең басты міндет – айбынды жыртқыштың популяциясын сақтап қалуда жақындатуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз, - деп атап өтті вице-министр Әлия Шалабекова.

Жолбарысты Қазақстанға қайтару бағдарламасы көптеген жылдарға есептелінген. Оны Ресейдің WWF, сондай-ақ ҚР-дағы БҰҰДБ бағдарламасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға