Жаңалықтар

Қазақстан үшін Қатар мемлекеті инвестициялық мүмкіндіктерімен маңызды - дипломат

Катар Мемлекеті Әмірінің елімізге сапарына орай
Қазақстан үшін Қатар мемлекеті инвестициялық мүмкіндіктерімен маңызды - дипломат
Фото: Ақорда 27.10.2022 11:04 3745

 

Катар Мемлекетінің Әмірі шейх Таммим бен Хамад Әл Тәни 12 қазан күні бас қаламыз Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Ел басшыларының сапарлары - жұмыс, ресми және мемлекеттік сапар болып жіктеледі. Катар Әмірі іс жүзінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің саммитіне қатысуға келгенімен оның елімізге сапарына ерекше мән берілді және мемлекеттік сапар дәрежесінде қабыл алынды. Оның үстіне, ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың Қатарды “Таяу Шығыстағы біз үшін ең маңызды әріптес” деп сипаттауы соның дәлелі болып табылады. Сөзсіз, Қазақстан үшін Қатар мемлекеті инвестициялық мүмкіндіктерімен маңызды.

Қатар Мемлекеті жер аумағы жағынан Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан бес есе кіші екендігіне қарамастан, араб әлеміндегі ең бай және “ақпараттық алып мемлекет” болып табылады. Ең бай араб мемлекеті деген себебіміз, Қатар табиғи газ қоры бойынша әлемдік жетекші елдердің үштігіне, оны өндіру жағынан төрттігіне кіреді. Қатардың ЖІӨ-сі (жалпы ішкі өнім) адам басына шаққанда 88 мың АҚШ долларынан келеді (салыстыру үшін елімізде жан басына 11 мың доллар). Қатардың басты газ кен орындары Парсы шығанағының Иранмен шекаралас аудандарында орналасқанына қарамастан бұл ел көршісімен ортақ тіл тауып, сұйық байлықтың пайдасын көріп отыр.

Ал Қатар елін “ақпараттық алып мемлекет” дәрежесіне көтерген әлемге әйгілі “әл-Джазира” телеарнасы болып табылады. Аймақ елдеріндегі дәстүрлі жабық қоғам жағдайында бұл канал аймақтағы ірі елдердің іргесін шайқалтқан бұл мемлекеттің сыртқы саясатының құралы болды. Сарапшылар осы каналды 2011 жылы бұрқ ете қалған “араб көктемінің” отына май құюшы деп те санайды.

2017 жылы Сауд Арабиясы бастаған бай елдер, Египет бастаған кедей елдер Катар Мемлекетін “Ислам мемлекеті” секілді және басқа да террористік ұйымдарды қолдайды деген желеумен бұл елге дипломатиялық қоқан-лоққы жасап, “әл-Джазира” телеарнасын жабуды, Иран, Түркиямен байланыстарын үзуді талап етті. Дағдарыс 3,5 жылға созылып, 2020 жылы Қатар мен Сауд Арабиясының татуласуымен аяқталды. Бір атап өтерлігі, Қатар ұстамдылық пен сабыр сақтап, бәрібір өзінің ұстанымдарынан айнымады, бас тартпады.

Қатар Мемлекеті туралы айтқанда елдің көркеюіне сүбелі үлес қосқан елдің бұрынғы басшысы, қазіргі Әмірдің әкесі шейх Хамадты айта кету керек. Шейх Хамад 1995 жылы “сарай төңкерісі” арқылы әкесін биліктен аластатып, елдің гүлденуінің алғышарттарын қамтамасыз еткен дарында басшы. Әке алдындағы қарызын қайтарып, 2013 жылы өз еркімен биліктен кетіп, болашағы зор саналған ұлы, қазіргі Әмір шейх Таммимге билікті тапсырды.

Қатарлықтар шағын түбекте тұратын шағын халық болғанымен ірі істер атқара алатын басшылары бар ерекше ұлт. Биліктен өз еркімен кетіп мәрттік көрсеткен әкенің ұлы Әмір Таммим өз елінің қарыштап дамуын қамтамасыз ететіндігі айқын. Бүгінде ел астанасы абаттандыру, зәулім ғимараттар салу жағынан Дубайдан асып түспесе кем емес!

2002 жылы қазіргі Әмірдің әкесі шейх Хамад үлкен бір іс-шараның қонақтарымен дастархандас болып, халық пен қонақтарға өзінің қарапайымдығын көресткенінің куәсі болғанымды, ресми кездесу барысында аударма жасағаныма рахмет айтқан бірден-бір жоғары тұлға екендігін ризашылықпен еске аламын.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға