Қазақстан мен Қытай шекара маңы ынтымақтастығын жандандырады
Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ұйымдастыруымен онлайн форматта Қазақстанның 4 облысы (Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан) мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған алғашқы «ҚР-ҚХР шекара маңы ынтымақтастығының достық диалогы» өтті, деп хабарлайды El.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ШҚО әкімі Даниал Ахметов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ШҰАА Партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз, сондай-ақ қос елдің төтенше және өкілетті елшілері Шахрат Нұрышев пен Чжан Сяо қатысты.
Ш. Нұрышев өзінің алғы сөзінде аймақаралық ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы табысты сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық дипломат сауда, өндірістік үдерістерді өңірлендіру, азық-түлік қауіпсіздігі, озық технологияларды енгізу, транзит-көліктік әлеуетін дамыту сияқты бағыттарда шекара маңы ынтымақтастығын одан әрі жандандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі қос ел арасындағы тауар айналымына қосымша «серпін» беру мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасының барлық өткізу бекеттерінде «жасыл дәліздер» құру бойынша тәжірибелік жұмысты жандандыруды ұсынды.
Өз тарапынан, әрбір басшы іс-шараға қатысушыларға өз өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетімен таныстырды. Қазақстан облыстарының әкімдері мен ШҰАА басшылығы сауда-экономикалық және транзит-көліктік салаларында ғана емес, сондай-ақ мәдениет және туризм сияқты маңызды салаларда да өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңызды әлеуетін атап өтті.
Іс-шара соңында Қазақстанның төрт өңірі мен ҚХР ШҰАА арасындағы бауырластық байланыстар орнату жөніндегі ниет білдіру туралы хаттамаларға қол қою рәсімі өтті.