Қазақстан мен Қырғызстан сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісті
Қырғыз Республикасына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz.
Бұл туралы Үкіметтің ресми сайтында жарияланды.
Екі елдің вице-премьерлері «Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің іске асырылу барысымен танысты.
Тараптар ИТЛК қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қоюды 2022 жылғы қазанға дейін пысықтауға уағдаласты.
Айта кетейік, бірлескен ИСЛК құру және оның жұмыс істеу тұжырымдамасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қарашадағы Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапарының және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесіші отырысының қорытындылары бойынша екі ел басшыларының тапсырмасына сәйкес әзірленді.
Сондай-ақ сапар аясында вице-премьер Қазақстан-Қырғыз сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысына қатысты.
Серік Жұманғарин Қырғыз Республикасы Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстандық статистика деректері бойынша Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-маусымда $495,7 млн-ды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға артық, оның ішінде экспорт – $303,3 млн, импорт – $192,3 млн», — деді Серік Жұманғарин.
Тараптар өзара сауданы ұлғайту мақсатында отырыс барысында қол қойылған «Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру ниеті туралы өзара түсіністік туралы» меморандум шеңберінде Қырғыз Республикасынан Қазақстанға ерте жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.Сондай-ақ қол қойылған «Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында тараптар сауда рәсімдерін жеңілдетуге, бизнес жүргізу шығындарын азайтуға келісті және елдер арасындағы электрондық құжаттармен өзара алмасудағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.