Жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясы Украина елшісінің сөзін айыптады

Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидалары мызғымайтын ұстаным
Қазақстан халқы Ассамблеясы Украина елшісінің сөзін айыптады
Фото: assembly.kz 23.08.2022 12:24 1431

Қазақстан халқы Ассамблеясы Украина елшісі Петр Врублевскийдің қазақстандық блогерге айтқан сөзін айыптады, деп хабарлайды El.kz

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Украина елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогерлердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және ондай сарындағы мәлімделерге жол беруге болмайды деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік біздің мемлекеттік саясаттың және қоғамдық бірігудің басты қағидалары. Сондықтан мұндай пікірді кім айтса да біздің қарсылығымызға ұшырайды», - делінген Ассамблея хабарламасында.

Сонымен қатар ұйым дипломатия – өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі тиіс екенін жеткізді.

«Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидалары мызғымайтын ұстаным. Олар бізге Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының ең қиын жылдарында да этносаралық қақтығыстардың алдын алып, еліміз бен халқымыздың тұтастығын сақтауға көмектесті. Өшпенділікті қоздыратын кез-келген пікір, этностық жек көрушілік пен оның қандай болмасын көріністерін насихаттау біз үшін жат ұғым. Барлық қазақстандықтарды дұшпандық пен зұлымдықты насихаттайтын арандатуларға ермей, ұрпақтың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз»,- деп толықтырды Ассамблея.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға