Жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының Self-made жастар форумы өтті

Астана қаласында «Назарбаев Университетінде» Жастар жылының ашылуы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының Self-made жастар форумы өтті. 
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының Self-made жастар форумы өтті
26.01.2019 09:40 2660

Астана қаласында «Назарбаев Университетінде» Жастар жылының ашылуы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының Self-made жастар форумы өтті. 

Іс-шара стартап-жобаларды, аграрлық секторда, ғылымда, жеңіл өнеркәсіпте, жасыл технологияларды дамытуда жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдауға бағытталғаны мәлім.

Бүгінгі таңда Қазақстанда жас кәсіпкерлердің қатары өсіп, бизнес ортада өз орындарын тапқан. Ол үшін де мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып отыр. Кәсіптерінің нәсібін көріп, замандастарына айтары бар жастардың басын қосқан форумда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко жас кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрмені тамашалап, жетістікке жету жолдарындағы әдіс-тәсілдерінен құлағдар болды.

Болашағынан зор үміт күттіретін жастардың ісін көріп, қанаттанған Л. Прокопенко форумның ашылу барысында «Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының форумы екінші рет өтіп жатыр. Бұл жолы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жастары да қатысып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Оның үстінде форум «Назарбаев Университетінде» өтіп жатқаны тағы бар. Бұл университет білімнің және ғылымның флагманы. Ол Қазақстанды сөзбен емес іспен алдыға жылжытып отыр.

Баршаңызды Жастар жылының басталуымен құттықтаймын! Сіздерге шын жүрегіммен әр салада таңдаған немесе таңдағалы жатқан істеріңіздің табысты болуын тілеймін!

Жастар жылы Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік моделін алдыға жылжытуға оңтайлы болмақ. Өйткені Елбасының жастармен кездесу барысында сөйлеген сөзі өз алдына Жолдау іспеттес. Баршамыз күш жұмылдырып, берілген тапсырмаларды жүзеге асыруды міндетімізге аламыз. Бұл жерде жастар қозғаушы күш.  

Біздің жастар үшін жаңа әлеуметтік бірегей бағдарламалар құрылып жатыр. Алдыңғы үш жылда Қазақстанда білімсіз, жұмыссыз жастар болмайды. Жас ғалымдарға арнайы гранттар бөлініп, ЖОО мен колледждерде болашақтың 100 мамандығы оқытылады.

Жастарға ауадай қажет болып тұрған жас стартапшыларға көмек көрсетілетін қор құрылатын болады. Көп жастарымыз идеяларын дұрыс бағыттай алмай жүреді, сол үшін де оны өміршең етуге қолдау көрсетеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы осы орайда форум өткізіп отырған жөні бар. Қауымдастықтың бизнесті құрудағы үлкен тәжірибесі бар. Енді олар өздерінің білімдерімен және біліктерімен бөлісетін болады.

Меніңше форумның тағы бір маңызды тұсы – біз адамдар арасында байланыс орнатып, жастар дамитын жаңа әлеуметтік ортаны қалыптастырамыз. Жастарымыз әлеуметтеніп, табысқа жететін болады.

Елбасы Қазақстанда 1200 жаңа кәсіпорын ашылғанын айтып өтті. Жаңа технологиялар мен стратегиялар әзірленді. Мұның бәрі сіздер үшін, болашақта осы кәсіпорындарда қызмет етесіздер. Яғни, жаңа қазақстандық индустрияның қалыптасу үдерісінде жұмыс істейтін боласыздар» деп сөзін нақтылай отырып, сонымен қатар «Қарағандыда кеше ғана Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы ашылды. Бұл бірегей оқиға. Бұл шынымен де технологиялық, энергетикалық, экологиялық тұрғыдан алып қарағанда – үлкен жетістік. Өйткені аймақтарда көмір түтінінен зардап шегу мәселесі бар», – деп экологиялық мәселелердің шешімі табылып жатқанын айта кетті.

Осы орайда Қарағанды облысы «жасыл» технологияға көшу үдерісін бастап кеткенін айта кету керек. Аталған электр станциясы Саран қаласында орналасқан. 164 гектар ауданда 307 мың вольтаикалық панельдер орналастырылған және олар қырық жыл пайдалануға жарамды. Электр станциясы жүз мегаватт өндіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл Саран сияқты он қалаға жететін қуат. Сондай-ақ облыста осы секілді тағы екі күн электр станциясының құрылысы салынып жатыр.

Сарандағы станцияға еуропалық инвесторлар компаниясы 137 млн. АҚШ долларын салған.

Қазақстанның 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясында мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енгізу мақсаты айқындалған. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары: «ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттары бизнесті ынталандыру бойынша ірі заңнамалық құжаттарды қабылдап отыр. Жақында, 16 қаңтар күні депутаттар соңғы заңнамалық құжаттарды қабылдап, Қазақстандағы бизнес ортаның қолайлы болуына жолдады.

Өткен жылы танымал «Doing Business» («Бизнесті жүргізу») рейтингісі бойынша Қазақстан сегіз орыннан көтеріліп, жиырма сегізінші орынға тұрақтаған екен. Рейтинг көрсеткіші бойынша біз қазірдің өзінде отыз дамыған елдің қатарына еніп тұрмыз.

Бүгінгі таңда Қазақстанда бизнесті бес күн ішінде ашып, бастап кетуге болады. Осыдан біздің мүмкіндіктеріміз зор екенін көруге болады.

Форумға қатысушылар осы алаңда шығармашылықтан қуаттанып, тәжірибе алмасып, қажетті байланыс орнатады деген үміттенемін. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бизнесті әлеуметтік қолдау жөніндегі корпоративтік ортасын қалыптастырып, жастарға арналған жаңа әлеуметтік сатыларды құрамыз. Біз оны бірге жасаймыз», – деп тұжырымдады.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, меценат, «Алтын Қыран» корпоративтік қайырымдылық қорының құрылтайшысы және президенті Исламбек Сәлжанов: «Жиырма жеті жылда жастарға көптеп қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл екі есе арта түспек.

Маған осы күндері екі жас келіп, өздерінің IT-бизнес жобасын таныстырды. Жобаны көріп отырып, таңғалдым. Жап-жас адамдар, ал жобалары өте салмақты. Бұдан мен «мұндай жастармен Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұр» деген түйін түйдім.

Кәсіпкер ретінде жастарды өз ісімен айналысуға шақырудан жалықпаймын. Неге десеңіздер? Өз кәсібіңмен айналысудан үлкен рухани ләззат аласың. Одан еліңе әлеуметтік, экономикалық тұрғыда пайда әкелесің.

Жиырма алты жыл бұрын бизнес бастаудан қазіргі бизнес бастаудың айырмашылығы жер мен көктей. Қазір мүмкіндік деген орасан зор. Жаңа дәуірде интернет, IT-технология дамыған. Осы арқылы көзін тауып, миллиардтаған тұтынушылар табуға болады.

Менен бизнес бастағысы келетін адамдар көп ақыл сұрайды. Кейбірі күмәнданып, ол үшін таныс-тамыр керек деген ойын айтады.

Бизнес бастау үшін ең алдымен өзіңе сенімді болып, алғашқы қадам жасауға қорықпау керек. Оған өзің дайын болуың қажет. Ол үшін таныс-тамыр іздеу керек емес, мемлекет өзі қолдайды. Тек батылырақ бол», – деп ақыл-кеңес беріп, жастарға демеушілік көрсетуге әр уақыт дайын екенін мәлімдеді.

Форум барысында Атырау шаруашылығының ірімшіктері үшін жаңа қаптаманы дайындау туралы «Сарайшық» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС жетекшісі Тамила Розметова мен Қазақстан қаптаушылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров өзара келісім жасасып, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.       

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға