Жаңалықтар

Қазақстан - фин бизнесі үшін ауқымды инвестициялық мүмкіндік

Бұл диалог алаңы Қазақстан-фин екіжақты, экономикалық қатынастарына жаңа серпін берді.
Қазақстан - фин бизнесі үшін ауқымды инвестициялық мүмкіндік
Фото: дереккөз 14.10.2022 00:18 871

Финляндия астанасы Хельсинкиде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-фин үкіметаралық комиссиясының 12-отырысы аясында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды EL.KZ.

Экология министрлігінің мәлімсетіне қарағанда, қатысушылар алдында Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешев пен Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуға жәрдемдесу министрі В. Скиннари құттықтау сөз сөйледі.

«Қазақстан-Финляндия дөңгелек үстелінің» спикерлері ретінде АХҚО әкімшілігінің басшылары Н.Тойымбек, «KTZ Express» АҚ Бас директоры А. Қылышбеков, KIDF Заң департаментінің директоры А. Мұхаметжанов, «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры А. Ахылбеков, «QAZTRADE ССДО» АҚ халықаралық нарықтарды талдау департаментінің директоры О. Шегірбаев сөз сөйледі.

Сондай-ақ, форум аясында Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешевтің, «EastCham Finland», «ABB Finland», «Tikkurila», «Teknos» сияқты ірі фин бірлестіктері мен компанияларының басшыларымен G2B форматында екіжақты кездесулер өткізілді.

Мәселен, Финляндияның «TUKES» қауіпсіздік және химиялық заттар жөніндегі агенттігінің басшысы, К. Пелтонен мырза Қазақстанға сапар жасауға, бекітілген «Финляндияның 2022-2025 жылдардағы өнім нарығын қадағалау жөніндегі ұлттық стратегиясы» шеңберінде финдік білім трансферті тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін білдірді. Бұл ынтымақтастық аталған саланың серпінді және тұрақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында химия өнеркәсібі тауарларының айналымы мен өндірісі кезіндегі тәуекелдерді бағалаудың финдік моделін қарастырып, Қазақстанда өндірілетін химиялық өнімдердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстел аясында «Жасыл Даму» АҚ мен «KaukoInternational», «Hlad» фин компаниялары арасында жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Қазақстан-фин дөңгелек үстелі фин бизнес-қауымдастығы өкілдерінің инвестициялар тарту, көлік, логистика, цифрландыру, өнім экспорты және экономиканың басқа да секторлары салаларындағы Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне үлкен қызығушылық туғызу атмосферасында өтті. Бұл диалог алаңы Қазақстан-фин екіжақты, экономикалық қатынастарына жаңа серпін берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға