Жаңалықтар

Қазақша күнқайыру

Қазақша күнқайыру
23.11.2015 10:13 9043

Дәстүрлі ортада ертеден келе жатқан аймен есептеу дәстүрі үзілмеді. «Айдың он бесі жарық, он бесі қараңғы» деген қағида бойынша, Ай орағына қарап уақытты шамалау үрдіс сақталды. Айдың орағына қарай ұлғаюын – айдың жаңасы, толысқан кезін толған ай, онан кейін кезеңін айдың ескісі (қараңғысы), ескі ай бітіп жаңа ай туар аралықтағы екі-үш күн арасын өліара деп атайды. Соған байланысты атау да өзгеше болды: туған айдың он төртіне дейін айдың бірінші, екінші... он төртінші жаңасы деп айту қалыптасқан. Ары қарай, 15-толған ай, одан кейінгісін ескі айдың 16-шы, 17-ші жаңасы деп атады.

Сызбаны дайындаған И.Рыспеков

Тоғыс жүйесі. Ай мен жұлдыздың қозғалысының өзара үйлесімі бойынша, уақыт есептеудің байырғы жүйесі. Ол өзінше дербес жүйені құрай отырып, белгілі ортадағы қауымның талабына қызмет етті. Ондағы ай аттары белгілі заңдылықпен аталады.

Аспан көгінде қазақтар тұратын аумақта жақсы көрінетін, әрі қозғалыс заңдылығы күнқайыру үрдісіне арқау болған екі түрлі жұлдыз бар. Олар – Қамбар жұлдызы мен Үркер жұлдызы. Ай мен жұлдыздың қозғалысына негізделген күнқайыруда мынадай шарттылық негізге алынады:

– Жұлдыздың батуы астрономиялық жылдың алмасуын білдіретін ең басты меже болады және оны белгілейтін бататын жұлдыз таңдалады;

– Ол жұлдыз Айдың әр фазасында өзара тоғысып отыруы тиіс;

– Жұлдыздың бататын мезгілі жаңа айдың бір жаңасына сәйкес болуы ескеріледі.

Кейде жұлдыздың батуы мен айдың бірінші жаңасын есептеуде көбінесе жаңылыс кетіп жатады. Бірақ, есепшілер екі-үш күн көлемінде оны дереу реттеп, түзетіп отырады. Айдың бұл құбылысына аспан денелерін, жұлдыздарды басып өту заңдылығымен уақытты ғана емес, күн райын да болжайды.

Қамбар тоғысы. Бұл күнқайыру күз айларында туып, көктем айларында бататын Қамбар жұлдызының (әдебиеттерде калька аудармамен Арыстан делініп жүр – Ред.) қозғалысына негізделген. Оншақты жұлдыздан тұратын Қамбар жұлдызы жыл бойында көк жүзінде Аймен бес рет «кездеседі», есепшілердің тілімен атқанда бес мәрте «тоғысады». Оның тоғысуының өзі үш күнге созылады деп жазды этноастроном Х.Әбішев: Ай алғашқы күні мұртына, екінші күні – ауыз омыртқасына, үшінші күні өтіне тоғысып, үш күнде өтіп болады. Алғашқы тоғыс греогориан календары бойынша, қазан айында өтеді. Ол жаңа туған Айдың тоғыз жаңасына дөп келеді. Сондықтан, осы айды тоғыздың айы деп атаған. Келесі айда жаңа туған айдың жетінші жаңасында тоғысатындықтан бұл айды жетінің айы (қазіргі қараша айына дөп келеді) деп атайды. Айдың Қамбармен бес жаңасында тоғысуын бестің айы (желтоқсан), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар), бір жаңасында тоғысуын бірдің айы (ақпан) деп атайды. Әр тоғыстың арасы, шамамен 28 – 29 күн болады. Қамбар тоғысы бойынша, сөйтіп, бес айды кемімелі тақ санмен атаса, қалған жеті айды жай сөзбен айтқан. Бұл мәселені арнайы зерттеген ғалым Нұргелді Уәли еңбегінде, олар аласапыран, отжақпас, құралай, жұтшашқан, т.б. тәрізді байырғы атаулар болуы ықтимал деген гипотеза ұсынады.

Қамбар тоғысына тән бірдің айы, үштің айы тәрізді атаулар Қазақ жерінің шығыс өлкесінде, Алтай мен Шынжан қазақтары арасында және қырғыз жұртында күні бүгінге дейін қолданыстан шыққан жоқ. Қамбар тоғысы бойынша, жыл басын тойлау – айдың бірінші жаңасында басталады, яғни, Айға тәу ету бүкіл халық болып атқарылатын ғұрып ретінде орын алған.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға