Жаңалықтар

Қазақ жастары шетелге кетуге неге құмар?

Соңғы 10 жылда 360 мың адам шетелге қоныс аударған
Қазақ жастары шетелге кетуге неге құмар?
Фото: informburo.kz 27.06.2022 16:37 15852

Жыл басынан бері Қазақстаннан 5 мыңнан аса адам шетелге қоныс аударған. Олардың қатарында техникалық мамандық иелері мен дәрігерлер көш бастап тұр, деп хабарлайды El.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы елімізден шетелге 32 209 адам көшіп кеткен. Оның ішінде қаладан қоныс аударғандар саны — 26 836 адам болса, ауылдан 5 373 адам кеткен. Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова қазақстандықтардың шетелге қоныс аудару себебін атады.

– Қазақстандықтардың шетелге кету себебін үш факторға бөліп қарастырамыз. Олар: саяси, әлеуметтік және экономикалық факторлар. Саяси факторға сөз еркіндігі, сөз бостандығының жоқтығы, мемлекет жүйесіндегі жастардың өзін-өзі дамытуға тежеу болатыны, жұмыс бағытындағы аз жалақы алу себебі жатады. Көбінесе жастардың шетелге көшуі саяси факторға байланысты. Ал, орта жастағы адамдарды алатын болсақ, көбіне тұрмыс жағдайын реттеу үшін қоныс аударады, – дейді Салтанат Оразбекова.

Әлеуметтанушының айтуынша, Қазақстанда өз ісінің білікті мамандары жалақысының жоғары болғанын талап етеді. Ал, жұмыс беруші ондай жалақыны бере алмайды. Сол себепті шетелге кететін жастар қатары көбейген.

– Мемлекет тарапынан жастарға көп мотивация берілу керек. Олардың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу қажет. Бірінші кезекте баспана мәселесі. Жұмысқа орналасқан кезде оларға пәтер берілсе немесе баспана алуға үлкен жеңілдік жасалса, жастардың көбі өз елінде қалар еді. Екіншіден, жұмысқа қабылдау тәртібін өзгерту керек. Олардың жемқорлықпен емес, білім деңгейіне, квалификациясына байланысты қабылдаса, ол да үлкен мотивация болады. Үшінші, жастардың дамуына жағдай жасалса жақсы еді. Қазіргі таңда мемлекеттің де, үлкендердің де болашақ жастарға сенімділігі аз. Осындай стереотипті өзгертетін болсақ, адал қызмет ету потенциалын қолдасақ жастар шетел аспай, өз еліне еңбек етеді. Мемлекет мотивация бермесе, олар өзге елді дамытып, табыс табуға үйір болады, – дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.

Қазақ жастары шетелге кетуге неге құмар?

Болашақта шетелге көшуді жоспарлап жүргендердің бірі Самал Қалиқызы. Бірнеше жылдан бері Түркияға қоныс аударды мақсат еткен. Басты себеп – өзге елдің менталитетін, өмір сүру дағдысын саралап, таңдау жасау.

– Соңғы уақытта отбасымызбен шетелге көшуді жоспарлап жүрміз. Бауырлас мемлекет Түркияның Аланья қаласын таңдап отырмыз. Мәдениетін, өмір сүру менталитетін көргіміз келеді. Кейін тұрақты қалу, қалмау жағын уақыт көрсетеді. Жалақысы жоғары жұмыс жағын да қарастырамыз. Тілі, мәдениеті бізге жақын болғандықтан Аланья қаласын таңдадық. Ауа-райы да тұрақты, жұмыс күші көп деп естідік, – дейді Самал Қалиқызы.

Сондай-ақ, Түркияға отбасымен көшіп барғандардың бірі Мөлдір Бөлтекова. Отбасымен бірге Аланья қаласында бір жыл тұрып, маусым айында Қазақстанға оралған. Түркияның ерекшелігі – табиғаты мен тұрақты ауа-райы, дейді.

Қазақ жастары шетелге кетуге неге құмар?

– 2021 жылдың маусым айында көшіп бардық. Қазір жаз айы болған соң елге оралдық. Себебі ол жердің жаз мезгілі өте ыстық. Уақытша Қазақстандамыз. Түркияға көшкен себебіміз – климатына, өмір сүру мәдениетіне баса назар аудардық. Қыс айы өте жылы болады екен. Біз Анталья қаласын таңдап, бір жыл тұрдық. Туристік, табиғаты сұлу кішігірім қала. Өзге де қалаларға саяхат жасадық. Жұмыс мәселесіне келетін болсақ, Қазақстандық диплом жарамсыз. Тек халықаралық дипломдар ғана жарамды екен. Жолдасым ІТ саласында онлайн жұмыс істеді. Мен кішкентай баламен үйде болдым. Түркияда қазақ азаматтары көп. Олардың басым бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді, баға бағамы Қазақстаннан шамамен 30 пайызға қымбат. Жаз мезгілі аяқталысымен қайтадан Түркияға көшуді жоспарлап отырмыз, – деді Түркияда бір жыл тұрып, елге оралған Мөлдір Бөлтекова.  

Айта кетейік, соңғы 10 жылда елден 360 мың адам шетел асқан. Қоныс аударған қазақстандықтардың көбі Ресей, Германия, АҚШ, Польша, Түркия мемлекеттерін таңдапты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға