Жаңалықтар

Қазақ тарихын көркем туындыға айналдырған шетелдік суретшілер (II бөлім)

Олардың шығармашылығы туралы не білеміз?
Қазақ тарихын көркем туындыға айналдырған шетелдік суретшілер (II бөлім)
Фото: © El.kz 31.03.2021 17:02 7800

 

Қазақтың аңшылық дәстүрін суреттеген шеберлер

 

Сонымен қатар Мемлекеттік Третьяков галереясының алуан түрлі бай коллекциясынан белгілі ресейлік мүсінші-анималист Е.А. Лансеренің қазақтар туралы мүсіндік үш туындысының көшірмесі алынған. Бұлар – «Қорқор тартып тұрған қазақ», «Қазақ жылқышылары мен үйездеген жылқылар», «Бүркіт ұстаған қазақ» атты мүсіндер. Мүсінші қазақтардың сыртқы түрі мен киімін, антропологиялық типтері мен мінез-құлқын мейлінше дәлдікпен көрсеткен. Оның шығармалырының ішінде жылқы бейнесінің ас шеберлікпен суреттелгені байқалады. Лансеренің кейіпкерлері қимыл-қозғалыс үстінде көрсетілген. Ат үстінде қорқор тартып тұрған қазақ тура сол сәтте астындағы жуас атын тоқтатып тұрғандай көрінеді. Үстінде қарапайым көшпендінің киімі, басында тымақ. Үйездеген жылқы үйірінің мүсіндік композициясы онан да айқынырақ. сондай-ақ жылқышының ер-тұрманы мен жалпақ тартпасы, қамшы, шалмасы анық көрінеді. Мүсінші ердің терлігіндегі өрнектерді ақырын алдыңғы жоспарға шығарған. Постаменттің алдындағы қазақтың бөркі мен қару-жарағы – садақ пен қылшандағы жебе, найза мен қылыш және білтелі мылтық мүсіншінің композициясын толықтырып тұр. Автор жылқы бағып жүрген жастарды да бейнелеп өткен, бірі сыбызғы тартып отырса, екіншісі құлынның өрілген жалын тарап тұр. Үшінші мүсінде қазақ аңшысының бүркітті аңға салғалы тұрған сәті бейнеленген. Алғашқы мүсінге қарағанда ат-әбзелі сәндірек көрінеді, темір үзеңгілі ер үстінен қосымша тартпа жіберіп, қанжығасына олжасын байлаған аңшы алдыңғыға ұқсас киінген, бірақ қымбат кісесі көзге түсіп тұр.

 

Мәскеудегі Мемлекеттік Дарвин мұражайында зоологиялық мол мұрамен қатар орыс анималистік өнерінің бірегей жинақтары да сақтаулы. Бұл мұражайдан А.Н. Комаров, К.К. Флеров, В.А. Ватагин сияқты белгілі суретшілердің жиырма төрт картинасының көшірмесі алынды. Мамандардың айтуынша суретші Ватагиннің жабайы мысықтар туралы картиналары аса сәтті орындалған. Атап айтқанда 1924 жылы салынған «Лофофор ұстаған ілбіс» картинасында тау тағысының олжасын азуына басып тұрған сәті көрсетілген.

 

Аңшылық сюжеттер Комаровтың шығармашылығында да көрініс тапқан. Қазақстан мен Орта Азияның аңшылық кәсібі оның 1936 жылы салынған «Орта Азиядағы қасқыр аулау», «Бүркітпен түлкі аулау», «Орта Азияда қырғауылға қаршыға салу», сонымен қатар 1935 жылы салынған «Орта Азияда түлкі аулау» картиналарында бейнеленген. «Орта Азияда қасқыр аулау» картинасында аңшылардың дала бөрісін қуып бара жатқан кезі бейнеленген. Құлағын жымитып қашып бара жатқан қасқырдың өкпесі өшкен, қуғыншылар да тақап келеді. Тау бөктерінен айнала берісте қуғыншылардың бірі қасқырдың қаншығын қуып жетеді... Картина колориті сұр және ақ реңдер арқылы шешімін тапқан. Ашық фонда қуғыншылардың тіпті былайғы уақытта аңғарыла қоймайтын киімдері де, қашқан қасқырдың жылтыраған жүні де жарқырай көрінеді. Суретші бүркіт пен қаршығаны аңға салу дәстүрін де назардан тыс қалдырмаған. Аңшылықтың шарықтау сәті «Орта Азияда түлкі аулау» картинасында көрініс тауып, иесінің айтағымен аңға шапқан екі тазының бірі түлкінің алқымынан ала түскен. Комаров 1930 жылы салынған «Түлкі байлаған қазақ аңшысы», 1930-1940 жылдар аралығында салынған «Қаршығалы қазақ аңшысы» картинасында дәстүрлі аңшылық көріністері сәтімен бейнеленген. Бірақ өзге аңшылар секілді қазақтар да от қаруды пайдаланғаны 1940 жылы салынған «Қырғауыл ұстаған қазақ аңшысы» суретінде анық бедерленген. Комаров дала тағылары, аң-құс, жан-жануарларға көптеген картиналарын арнаған. Оның «Жаздағы орқоян» (1938), «Пржевальский жылқыларына шапқан қасқырлар» (1959), «Ұялы қасқырлар тойы» (1936), «Лашынның ұясы» (1952), «Тұйғынның ұясы» (1952), «Бүркіттің ұясы» (1953), «Алтай тауындағы марал» (1947) картиналары соның бір айғағы.

 

Белгілі суретші-анималист және ғалым-зоолог Флеровтың туындыларында да алуан түрлі зоологиялық тақырыптар кездеседі. Әсіресе, «Дала түлкісі» (1938), «Каспий жағалауының түлкісі» (1938), «Қар үстіндегі сілеусін» (1940), «Түрікмен жолбарысы» (1944), «Түрікмен қабандары» (1944), «Копет-Дагтың жабайы қойлары» (1944) картиналары ғылыми және көркемдік тұрғыдан құнды дүниелер санатына жатады.

 

Қазақ тұрмыс-тіршілігін бейнелеген орыс суретшілері

 

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы мен ортасында өмір сүрген орыс суретшілерінің сериялы еңбектері арналды. Бұл тұрғыда қазақтар туралы жиырмадан астам майлы бояулы суреттер салған А.О. Орловскийді, өмірден ерте кеткен В.И. Штернбергті, алғашқы орынборлық орыс суретшісі А.Ф. Чернышевті және Қазақстанда он жылға жуық тұрған, «Брюлловтың ең сүйікті шәкірті», Ресей суретшілер академиясының академигі А.Н. Гороновичті өз алдына жеке атап айтуға болады.

 

1802 жылдан өмірінің соңына дейін, яғни жарты ғұмырын Ресейде өткізген белгілі поляк суретшісі Орловскийдің шығармашылық мұрасында Ресей империясының өзге де көшпенді халықтарымен қатар, қазақтардың да образы айрықша орын алады. Мемлекеттік Орыс мұражайындағы коллекциясында орыс-француз соғысына қатысқан салт атты әскери қазақтардың дамылдаған сәті бейнеленген. «Қазақ салт аттыларының демалысы» (1813) атты акварельмен салынған суреті, «Дамылдаған қазақтар» (1817), «Жолдағы қазақтар» (1815), «Қазақтардың Орал казактарымен әңгімесі» (1817) атты гуашпен салынған суреттері осыған ұқсас тақырыптарды көз алдымызға әкеледі. Суретші ашық бояуды пайдалана отырып, қазақ киімі мен қару-жарағының ерекшеліктерін көрсеткен, өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын таныта алған. Бұл сарын 1813 жылы салынған «Қазақ» атты портреттік суретте, 1821жылғы тұла бойы түгел қамтылған «Қазақ» картинасында және «Екі қазақ» (1821) атты картинадағы екеуара әңгіме-дүкен кезінде одан да анығырақ ашыла түседі. Образды, әдеттегідей атпен емес, жаяу бейнелеген автор олардың бет-пішіні мен киіміне көбірек назар аудартқысы келетіні байқалады. Бұлар қылыш пен қанжар таққан, сирек сақалды негізінен орта жастағы тұнжыраған сарбаздар. Кейде ұзын қылыш, садақпен қаруланған, кейде арқасына мылтық асынып тұрады. Өзге де башқұрт, қалмақ сияқты көшпенді халықтардың жасақтары тәрізді қазақ атты әскері де Напалеон армиясына қарсы күресте қаһарлы күштердің бірі болды. «Жолдағы қазақтар» (1813), «Қазақ жасағы», «Өзенді кесіп өткен қазақтар» (1815) атты акварельмен салынған суреттер мен қарындашпен сұлбаланған картиналарда бейнеленген, қолбасшысы мен туы бар қазақтың үлкен атты жасағы соның көрнекі дәлелі іспетті. Қазақ атты әскері шегініп бара жатқан француздарды қуа соғысып, өзеннен өтіп барады. Соғыс кезінде өмір сүрген әрі өзі де соғысқа қатысқан Орловский образдарының ерекшеліктерін дәл суреттей алған; әрдайым қимыл-қозғалыс үстінде бейнеленген қазақтардың жеке кескін-келбеттері де картинада толық ашылған. Шартты түрде қазақ сериясына жатқызылатын Орловский еңбектерінің ішінде қарындашпен салынған «Салт атты қазақ» (1812) суреті тартымды. Бұл суретте шауып бара жатқан салт атты қазақ бейнеленеді. Ат пен адамның үйлесімі мен сол сәттің динамикасын әдемі бере білген суретшінің шеберлігі көзге түседі.

 

В.А. Перовскийдің Хиуа жорығына өз еркімен қатысқан талантты орыс суретшісі Штернберг 1839 жылы Қазақстанда алты айға жуық жүрді. Біршама уақыт Баймұхамедтің киіз үйінде тұрақтап, дала суретін, адамдарды, «әдемі киінген қазақ қыздарының келбетін» қағаз бетіне түсірді. Г.Н. Чабровтың ойынша «психологиялық элементтері бар» Баймұхамед Айшуақов портретінің қарындашпен салған сұлбасын осы кезде жасаған. Штернбергтің көптеген туындылары аяқталмаған, олардың көбі бізге қарындашпен салынған сұлба, эскиз түрінде жетті. «Киіз үй жанындағы қазақтар» дейтін еңбегі соның бірі.

 

Бұл суреттің артқы фонында екі киіз үй анық көрініп, үшіншісі жартылай көлеңкеде қалған, алдыңғы фонда бір топ қазақтар отыр. Қарсыдағы екі ұлы мен әйелінің ден қойып тыңдап отырғанына қарағанда шаңырақ иесі әлдебір жайтты әңгіме етіп отырған сыңайлы. Суретшінің сирек кездесетін аяқталған акварельді суреттерінің қатарына «Қазақтар» (басқаша атауы «Қазақ қонысы») және «Қырғи салу» картиналары жатады.

 

Бұл туындыларды белгілі кеңестік тарихшы Чабров егжей-тегжейлі былайша сипаттайды: «Қазақ қонысы» туындысында қазақ жайлауының тіршілігі бейнеленген. Ағаш көлеңкесінде ақ киізден тігілген бірнеше киіз үй тұр, есік алдында әйелдер тамақ әзірлеп жатыр. Үй айналасында ретсіз байланған төрт түлік жатыр. Бұл көріністің барлығы да таулы пейзаж фонында салынған. Қарапайым халық өмірі бедерленген бұл көрініс Корнеевтің «Өскемен бекінісі жанындағы қазақ қонысы» акварелін еске түсіреді. Бірақ Штернберг картина детальдеріне көбірек мән беріп, көріністегі адамдарды мейлінше жақындатады. Орыс өнеріндегі реализм осы арқылы аңғарылды. Рас, бұл картиналарының көркемдік деңгейі әлдеқайда жоғарырақ, оған суретшінің украин өмірімен жете таныстығы себеп болуы мүмкін. Украин халқының өмірі жайында бірқатар шығармалар жасаған Штернберг түрлі жанрда қалам тартқан өзге заманның суретшісі. Штернбергтің акварелі – қазақ жайлауының тіршілігін тарихи тұрғыдан сенімді бейнелейтін өнер туындысы болуы да ғажап емес, оның құндылығы да сонда.

 

«Қырғи салу» акварелі сюжеті жағынан Корнеевтің гравюрасына ұқсағанымен, одан елеулі айырмашылығы да бар. Бұл көріністе Корнеевтегідей қазақ бай-бағландарының аңшылық әуестігі емес, мүлде басқаша эпизод – аңшылықпен күнкөріс үшін шұғылданатын қазақ кедейлерінің өмірі көрсетілген. Алдыңғы планда тұрған қазақтың киімі тым жұпыны, кедейдің киімі. Қолына үйрек ұстаған ол құсын қайта ұшырып тұр. Жанында тұрған аттың ер-тұрманы да жоқ, жұқалтаң жабуы ғана көрінеді. Бұл детальдар Штернберг акварөліндегі бас кейіпкердің әлеуметтік күйін аңғартады. Мұның бәрі де қазақ тұрмысы туралы Т.Г. Шевченконың жанрлық шығармаларында кездесетін әлеуметтік сарынның бөлгілері ғана, алайда Штернбергтің реализмі Корнеевтің реализмінен сапалық тұрғыдан өзгеше екенін өнертанушылар атап өткен.

 

Чернышевтің көркемдік мұрасында қазақ тақырыбы айтарлықтай қамтылған. Мемлекеттік Орыс мұражайында қазақ даласы мен оның тұрғындары туралы акварельмен, қарындашпен салған ондаған суреті мен кескіндемелері сақтаулы тұр. Соның ішінде суретшінің аса сәтті шыққан, «Орынбор өлкесі» акварелі тек автор шеберлігін ғана танытпай, оның көшпенді қазақ тұрмысымен жақсы таныс екендігін де паш етеді. Бұл картина қазақ ауылы туралы панорамалық шығармалардың ең үздіктерінің бірі болуы да ықтимал. Кең далада шашырап жатқан көптеген киіз үйлердің айналасындағы сан қилы соқпаққа түскен аттылы жолаушылар көкжиекке сіңіп барады. Алдыңғы фон мен киіз үйлер жанында күнделікті шаруасымен шұғылданып, мал бағып жүрген қазақтар көрсетілген. Чернышев дала пейзажын таулардың фонында әдемі бере білген. «Пейзаж» атты тағы бір акварелі бұта арасындағы алаңқайға от жағып, тамақ әзірлеп жатқан қос жолаушыны бейнелейді. Суретке терең үңілсек, алыстан қызыл шапанды салт атты да мұнартып көрінеді.

 

Чернышевтің қазақтар бейнелеген суреттері тек кескін ретінде ғана қағазға түссе де олардың тарихи және этнографиялық маңызы зор. Олардың арасында «Аттылы қазақ», «Садақ тартқан қазақ», «Аттылы қыз», «Қазақтың үйірлі жылқысы», «Түйе мен сиырға мінген қазақтар» және тағы басқа кескіндемелерін атауға болады. 1842 жылы салынған «Ұлттық киімдегі еркектер мен әйелдер немесе Орынбор губерниясының тұрғындары» атты қарындашпен салған суретінде суретші қазақ образын айрықша шеберлікпен жеткізген. «Киіз үй жанындағы қазақтар» (1852) картинасының көрінісі де өзгеше. Мұнда суретші қазақ жігітінің киіз үй жанында демалып отырған сәтін бейнелеген. Алдыңғы планда үш қазақ тұр. Біреуі бөрене үстінде сыбызғы тартып отыр, неге екені белгісіз аяғына орыс шабатасын киіп тұр. Басына тақия киіп, бөренеге шынтақтаған тағы бірі ән салып тұрғанға ұқсайды. Қарсы алдарында тұрған үшінші қазақ «дала әртістеріне» мұқият құлақ салған. Артқы планда балалы жас келіншек шелек ұстап келеді. Қос ат жеккен арба да осында. Сол жағында есігі айқара ашық киіз үй, ағаш астаудан су ішіп жатқан иттұр. Бұл көріністің барлығы да туындыға әсер етіп, жан бітіреді.

 

Бұл мақалада айтынған бейнелеу өнерінің материалдары қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы түсінігімізді біршама ұлғайта түседі. Оларды ХVIІІ ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықтағы қазақ тарихының көркем жылнамасы деуге болады. Бұрынғы суретшілердің еңбектері көбіне мәтіндікқұжаттарды безендіруүшін қолданатын иллюстрациялар ретінде ғана қарастырылып келгені рас. Дегенмен жүздеген жылдық тарихы бар суреттер нақты оқиғаны көрсетіп қана қоймай, өзі де сол уақыттың рухын айқын сездіретін дербес дереккөзіне айналады. Бұл тұрғыдан келгенде ол жазба құжаттардан кем түспейді. Өйткені осынау картиналар арқылы жазба деректерде айтылмаған, сөзбен жеткізілмеген маңызды жайттарды бүгінге жеткізеді. Қандай түрде, қай жанрда екендігіне қарамастан бейнелеу өнерінің туындылары, бір жағынан, өткенімізді көз алдымызға келтіретін тарихи материал болса, екінші жағынан, өткен ғасырлардың көркем мұрасымен, мәдениетімен таныстырады. Мұның барлығы да «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дейтін мақалдың бекер айтылмағанын дәлелдейді.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға