Жаңалықтар

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Тама руы

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Тама руы
29.12.2015 09:21 18306

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Тама — Кіші жүздің Жетіру бірлестігіне кіреді.

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Тама руы

Тама руының ұраны – Қарабура.

Негізгі жері Ақтөбе, Орал облыстары, Ресей Федерациясының Орынбор облысы. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында және Жамбыл облысының Сарысу ауданында, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданында тамалар шоғырлана орналасқан. Тама руының шыққан тегі тарихи әдебиетте ешқандай көрініс таппаған. Орыс деректемелерінде тама руы туралы алғаш рет 1748 және 1762 жылдарда айтылады. Ол жөнінде А. И. Тевкелевтің тізімінде және П. И. Рычковта, сонымен қатар Ларионовтың рапортында да кездеседі.

Бұл рудың неғұрлым ертеректегі тарихын анықтау үшін, біздің ойымызша, Рашид ад-диннің моңғол тайпаларының ішінде баргубурут бөлімдерінің бірі Енисейдегі қырғыздар арасында мекендеген тума (тумэте) болғаны туралы мағлұматы қызықтырарлық болып табылады. Жорамал ретінде бұл тума - тама руының ата-бабалары болып табылады деп санауға толық мүмкіндік береді. Және де бұл арада мәселе үндестікте болып отырған жоқ, қайта туманың қазіргі қырғыздарда да, наймандар арасында да кездесетіндігінде болып отыр. Қырғыздың сару тайпасы арасында ахынай (ақынай) руы бар, оның тегі қазақтардан шыққан делінеді. Шынына келгенде, қазақтың тама руында да ахынай бөлімшесі бар. Тумалардың әлдебір бөлігінің дербес ру ретінде алшындар құрамына енуі әбден мүмкін.

Тама руының шежіресін қарастыра келгенде, біз онда әліп және жөгі деген екі тармақ бар екенін көреміз. Рудың таңба белгісі: қос әліп (архив деректері, Гродеков, Мейер және басқа деректемелер бойынша). Тамалар таңбасы қазақтың қыпшақ тайпасының таңбасынан еш айырмасы жоқ екенін атап өту керек. Оның үстіне Тама руы ертедегі қыпшақтардың ежелгі жерінде, яғни Оңтүстік Оралда, Жайық және Тобыл өзендерінің жоғарғы ағысында үнемі мекендеп келген.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Дизайнер: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға