Жаңалықтар

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Найман руы

Қазақ халқының шежіре деректері бойынша наймандар Орта жүзге кіреді.
29.12.2015 11:37 46874

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Найман руы

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Найман руы

Қазақ халқының шежіре деректері бойынша наймандар Орта жүзге кіреді. Қазақ халқының құрамындағы наймандардан: терістаңбалы (кейде елата), сарыжомарт (ергенекті найман), төлегетай деген рулар бірлестіктері тарайды. Терістаңбалыдан: мәмбет, рысқұл; cарыжомарттан: балталы, бағаналы, көкжарлы, бура (Найман), қаратай; төлегетайдан: қаракерей, мұрын,төртуыл, матай, аталық (кейбір деректерде кенже), садыр. Келесі бір шежіре нұсқасында наймандардан тоқпан, елата, өкіреш таратылады. Елатадан: келбұға мен кетбұға; өкірештен: төлегетай және сүгіріш; төлегетайдан: қаракерей, төртуыл, садыр, матай тарайды. Сүгіріштен: ертекті, бағаналы, балталы; ертектіден: көкжарлы, сарыжомарт, бура рулары тарайды. Әр рудың өз рулық таңбасы мен ұраны бар. наймандардың ортақ таңбасы – Y (бақан), ұраны – Қаптағай.

Наймандар тайпасының тегі туралы мәселе ертеден-ақ тарихшылардың пікірталасын тудырып келді. Бірқатар зерттеушілер (И.Я. Шмидт, А.М. Позднева, Д.Оссон, В.В. Бартольд, В.П. Васильев, т.б.) Наймандардарды моңғол, басқалары (Рашид әд-Дин, Х.Ховарс, П.Поуха, А.Бобривников, Г.Е. Грумм-Гржимайло, Н.А. Аристов, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан) түркі тегіне жатқызды. Қазіргі уақытта олардың түркі тектес екендігі толық дәлелденген. Көптеген зерттеушілердің пікірінше «найман» атауы моңғолша «сегіз» деген сөзді білдіреді. «Оғыз тайпасынан шыққан наймандар түркі тілдес халық болды. Олар 8 ғ-дан бастап «сегіз оғыздар», кейінірек «цзбу-бу» одағын құрап келді. «Найман» сөзі оларға көрші халықтардың берген атауы» деп жазды Л.Л. Викторова. Әбілғазының пікірінше: «наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». «Селенга тас жазуы» деп аталатын 750 ж. тұрғызылған ұйғыр ескерткішінде, «Ляо ши» жазбаларында (8 ғ.) сегіз-оғыздар туралы мәліметтер кездеседі. Сегіз оғыз жұртын әуелі «найман аймақ» («сегіз тайпа») деп 10 ғ-да қидандар атай бастаған деген топшылау бар. Кейіннен моңғол империясының дәуірлеуі бұл сөздің негізгі атау орнына қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған. Зерттеушілер бұл тайпа 10 ғ-дан «найман» деп атала бастаса да, 13 ғ-ға дейін бұрынғы «сегіз» аты қосарлана айтылып келгенін алға тартады.

Тарихи деректерге сүйенсек, «Найман» - қазақ шежірелерінде айтылғандай жеке адамның аты емес. Алайда халық шығармашылығы оны түп бабаның есімі етіп, өзін найманбыз дейтін бар руды (олардың арасында баяғы аласапыран замандарда басқа елдерден келіп сіңіскен жұрттар бар болса да) сол «шалдан» ғана тарқатып қояды.

Қария сөздер бойынша Найманның кешігіп көрген Тоқпан деген ұлы ер жеткен кезде Ұлы жүз Дулат бидің қызы Ақсұлуға үйленген екен дейді. Содан аз уақыт өтер-өтпесте Найманның кемпірі мен ұлы Тоқпан қатар қайтыс болады. Ақсұлу өзі түскен шаңырақтың болашағын ойлап, еліне барып, жақын сіңлілерінің бірі Әлпешті сұрап әкеліп, атасына қосады. Найман Қызейнемен алты айдай ғұмыр кешіп көз жұмады. Екіқабат қалған Әлпеш күн жетіп босанады. Баланың атын Найманнан қалған белгі ғой деп Белгібай қояды. Оның екінші аты - Өкіреш. Найманның әулие келіні Ақсұлу атасының жылын бергеннен кейін Қызынейді Найманның ұлы атасы делінетін Сарманаймен бір туысқан Шумақ дегеннің немересі Елтайға қосады. Оған атамның орнына атам болды деп Ел ата деген ат қояды. Қызыней одан Серкібай деген ұл табады. Ақсұлу Белгібайды тәрбиелеп өсіріп, он бес жасқа толғанда қайным деп оған өзі тиеді. Одан Сүйінше, Сүгірше деген екі ұл табады. Немере сіңлісі Тоқсұлуды кейіннен әпкеме қолқанат болсын деп бір сіңлісі Қаракөзді Белгібайға қосады. Қаракөзден Өтеген туады. Қазақ шежіресінде бар Найман осы төртеуінен тарайды да, тоғыз таңбалы найман аталады.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Дизайнер: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға